ҚАРАТАУ БӨКТЕРІ ДЕМАЛЫСҚА ҚОЛАЙЛЫ

147

0

ҚАРАТАУ БӨКТЕРІ ДЕМАЛЫСҚА ҚОЛАЙЛЫӨңірлік коммуникациялар қызметінде Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев журналистерге арнап брифинг өткізді. Онда аудан әкімі облыс малшыларының үшінші слетіне дайындық жұмыстары жөнінде және ауданға қарасты табиғи қорықтар мен демалыс орындары жайлы, көктемгі дала жұмыстарының атқарылуы жөнінде әңгімеледі.
Белгілі болғанындай, облыстық үшінші малшылар слеті Жаңақорған ауданы, Қаратау іргесіндегі «Үсен бауы» жайлауында 13-14 мамыр күндері өтеді. Шараның алғашқы күні қатысушылар Қожакент ауылдық округіндегі «Миялы» ауыл шаруашылығы өндіріс кооперативі мүшелерінің отбасылық мал бордақылау алаңдарымен танысады және М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде «Жеке қосалқы шаруашылықтардың мал өнімдері өндірісіндегі кооперациялаудың маңызы» атты практикалық семинар өткізіледі деп жоспарлануда. Қонақтарды күтуге 50 киіз үй тігу көзделген.
– Слет барысында спорттық ойындарға кезек беріледі. Қазақ күресі, қол күрес, гір тасын көтеру, арқан тарту, аударыспақ, теңге алу секілді ұлттық ойын түрлері ұйымдастырылмақшы. Спорттық ойындар өткізілетін орындар белгіленіп, жан-жақты дайындықтар жасалуда. Қонақтарды күтуге байланысты қонақ үйлерден және ауданда орналасқан шипажайларда берілген тізім бойынша орындар дайындалып жатыр, – деді аудан әкімі Ғ.Әміреев. 
Сонымен бірге шараға қатысушылар аңшылық құрал-саймандар, әртүрлі аң терілері мен ат әбзелдері, аң-құстың мүсіндері қойылатын көрме жұмысымен танысатын болады. 
ІІІ облыстық малшылар слетіне Қазақ ұлттық аграрлық университеті, «Қазақ егін шаруашылығы» ҒЗИ ғылыми қызметкерлері мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының делегаттары келеді деп күтілуде.
Брифингте аудан әкімі Жаңақорған ауданына қарасты Қаратау бөктері мен «Ақүйік» және «Бесарық» өзені байындағы табиғи қорықтар мен демалыс орындары жайлы айтып өтті. 
Ғ.Әміреевтің айтуынша, Қаратау бөктеріндегі Ақүйік ауылдық округі «Бірлік» ауылына қарасты «Ақүйік» өзені бойында 8 қолайлы табиғи демалыс орны бар. Мұнда келушілердің саны жылма-жыл арта түсуде. Бұл орындар «Көлтоған» су қоймасынан әрі қарай Бірлік ауылынан «Қатын қамал» тарихи орындарына дейін 19-20 шақырым, Жаңақорған кентінен аталған орындарға дейін 30-40 шақырымды құрайды екен. Қазіргі таңда бұл табиғи демалыс орындарының жер қоры «Ақүйік» ауылдық округіне қарасты «Ақсеңгір» шаруа қожалығының теңгерімінде.
– Сырттан келген демалушылар осы табиғи орындарға ешбір рұқсатсыз кіріп, демалып кетеді. Сол себепті бұл орындардың тазалығы үнемі сын көтермей келеді. Сонымен қатар бұл ретсіздік «Ақүйік» өзенінің көктем, жаз айларында ластануына себепкер болуда. Сондай-ақ, Бесарық ауылынан 9-10 шақырымнан кейін Қаратау бөктері басталып, осы таудың ортасынан ағып жатқан Бесарық өзенінің маңайы табиғи демалыс орындарына қолайлы аймақ болып табылады. Бұл жерлердің жартысы мемлекеттік, жартысы шаруа қожалықтарының меншігінде. Алайда бұл ескерілмей, сырттан келушілер рұқсатсыз демалып, Бесарық өзенінің ластануына және экологиялық жағдайының нашарлауына әкеліп отыр, – деген аудан әкімі алдағы уақытта аталған 8 табиғи демалыс орындарына баруға тыйым салынатынын және Шалқия кентіне қарасты Құттықожа ауылындағы бұлақ басының жағалауы арнайы табиғи демалыс орындарына айналатынын айтты. Бұл бағытта жұмыстар басталып кеткен. Аталған демалыс аумағы талапқа сай жабдықталып, келушілердің жақсы демалуына мүмкіндік жасалатын болады. 
Аудан бойынша биылғы жылы 31617 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленген. Негізгі дақыл – күріштің көлемі – 7750 гектар. Ал инвестордың есебінен қосымша 1800 гектар жерге күріш дақылы егілмекші. 
Аудан бойынша барлығы 1,3 гектарды құрайтын 5 жылыжайдың бүгінгі таңда төртеуінде көкөніс өнімдері өндіріліп, тұрғындарға ұсынылуда. Соның ішінде көлемі 0,628 гектар болатын «Серікбай» шаруа қожалығы (төрағасы Амантай Сарбасов) биылғы жылы қиярдың жоғары сұрыпты «Раба» сортын, қызанақтың «Боран» сортын егіп, әр гектарына 800-1100 центнерден өнім алуда. Өндірілген өнімдер, яғни, қияр 150-160 теңге, қызанақ 230-300 теңгеден аудан тұрғындарына сатылуда.
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз