ҚАРАТАУДЫҢ ҚОЙНАУЫ ТҰНҒАН БАЙЛЫҚ

77

0

ҚАРАТАУДЫҢ ҚОЙНАУЫ ТҰНҒАН БАЙЛЫҚЖерінің байлығы мол болмай, ондағы елдің
еңсесі көтеріле алмайтындығы бесенеден белгілі. Рас қой, тақыр жерге ештеңе
өнбесе, еңбегің еш болып, күнкөрістің өзі қиынға айналары анық.
Шүкіршілік, Алаштың анасы атанған Сыр
өңірінің табиғи байлығы жетерлік. Шығысыңда қарт Қаратау, батысыңда сырын ішіне
бүккен Сырдария. Қаратаудың қойнауы
бағалы кен байлығына бұрыннан да тұнып тұр. Ондағы сирек металдарды елдің
игілігіне әлі күнге толықтай асыра алмай отырмыз. Базарлы қатынас белсенділік
пен іскерлікті қажет етеді. Сондықтан ат жалын тартып мінген азаматтарымыз
көзін алысқа салып, ғылым-білімге жүгініп, еңбектеніп, тырбанып ізденгені жөн
секілді.

Өткен жылдың қараша айының соңындағы
облысымыздың оңтүс­тік аудандарындағы сапары барысында аймақ басшысы Қырымбек
Көшербаев Қаратау беткейінде орын тепкен, әк шығара бастаған зауыттың жұмысымен
танысты. Осы шаруаны қолға алған «Шиелі-тас-Оңтүстік» ЖШС директоры Ермек
Хасанаев бұл жұмысты одан әрі кеңейту жайында әңгіме қозғады. Яғни, әк
шығарумен шектелмей, тау баурайындағы игерілмей жатқан байлықты осы салаға сай
жетілдіру, өнімнің басқа да түрлерін шығару, жұмыс орындарын ашып, оған
жергілікті тұрғындарды көптеп тарту басты нысананың бірі. «Шиелі тас-Оңтүстік»
ЖШС тас майдалайтын зауыт жұмысын жолға қойып, құрылысқа қажетті қиыршық тасты
облысымыздың біраз жеріне жеткізді. Міне, кезегі келген шығар, әк шығаруды
бастады. Жергілікті шикізаттарды пайдалана отырып, құрылысқа қажетті заттарды
шығару шынында тиімді. Біріншіден, өнім арзан болса, оларды шетке шығару арқылы
да нарықтық қатынас талаптарына сай еңбек ұйымдастыру жолға қойылады. Бұл
Мемлекет басшысының индустриялық-инновациялық жобаларды жергілікті жерде тиімді
жүзеге асыру тапсырмасының жүзеге асқанының нақты көрінісі болмақ. Яғни, табыс
көзімен қатар тұрғындардың жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілуіне жол ашылады.
Мәселен, аталмыш әк шығаратын зауыт толықтай іске асырылған кезде мұнда 84 адам
еңбек ететін болады. Нақты кезеңде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы
аясында республикалық бюджеттен 54 млн. теңге қаржы бөлініп, оның 49 млн.
теңгесіне электр желісі жүргізілді.

– Әктен өзге бұл жерде силикат
кірпіштерді де шығаруды қолға аламыз, – дейді серіктестік директоры, – Мұндағы
шикізат қорын зертханада арнайы тексертіп көрдік, сапалы бұйым шығарына талас
жоқ. Олар әрі арзан, тұтынуға қолайлы болады. Силикат кірпіш шығаратын зауыттың
жобалық құны 602 млн. теңге. Онда бір жылда 15 млн. дана кірпіш шығарылады. Толық қуатына енген кезде
зауытта 60-қа тарта адам еңбек ететін болады. Яғни, аталмыш жобаның құндылығы
да жоғары, аймақ өндірісіне қосатын үлесі мол. Қазіргі кезде зауыттың тау
бөктеріндегі әкімшілік ғимаратының толық құрылысы аяқталып, әк шығару зауытының
жаңа қондырғылары орнатылу үстінде. Өндіріс басындағы участок бастығы
Құрбанғали Оспанов, оператор Мейірбек
Шыныбеков, Мағжан Жүсіп, инженерлік-техникалық құрамдағы Қайырбек, Бақдәулет
есімді азаматтардың да жаңа өндіріс орнының іргетасы лайықты қалануына қосқан
үлестері аз емес.

Иә, тау-кен өндірісі әлі де көп тер төгуді
талап етеді. Әрине, мақсаттарды тәжірибелі мамандар жүзеге асырады. Бұл орайда
облыс әкімінің тікелей қолдауымен Ресейде білім алып жатқан қандастарымызға
артар сенім мол болмақ.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз