АРДАГЕРДІ АРДАҚТАДЫ

59

0

Жеңіс күні мерекесі қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдірауық Сатыбалдиевтің шаңырағына құттықтап барды. 
Бүгінгі ұрпақтың бейбіт те берекелі тірлік кешуі үшін жаудың оғын кеудесімен тоқтатқан батырлар ерлігі қашан да үлгі. Ел басына күн туған сәтте оттың ортасында қан кешкен қарт майдангер биыл 92 жасқа толады. Аймақ басшысы ардақ тұтар ақсақалды мерейлі мерекемен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі, арнайы сыйлық табыстады. 
Ол он жеті жасында әскерге шақырылып, сержант шенімен ұрыс даласында қаруластарымен бірге Ленинградты азат етуге қатысты. Әбдірауық қарттың ерлікке толы өмірбаянына көз салсаңыз, 1945 жылы Жапониядағы соғыс өтінде жүргенін аңғарасыз. Темірдей төзімнің, қайсар рухтың, қайратты намыстың егесі осылайша Хайлар қаласынан жеңіспен оралды. Туған жерге келген соң елдің дамуы жолында аянбай еңбек етті, ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Бүгін, міне, саялы бәйтеректей тамырын тереңге жайып, немере-шөбересінің қызықтарына куә болып келеді.
Нағымжан САУЯЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз