АҚТӨБЕМЕН БАЙЛАНЫС БЕКЕМДЕЛЕ БЕРЕДІ

58

0

 АҚТӨБЕМЕН БАЙЛАНЫС БЕКЕМДЕЛЕ БЕРЕДІЕлбасының отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық мазмұнды дамыту мақсатында өңіраралық кооперацияны дамыту тапсырмасы Қызылорда мен Ақтөбе облыстары арасында жаңа сипатқа ие болып отыр. Бұған дейін де екі облыс арасындағы арақатынас тағы бір сатыға көтерілді. Оның айғағын жексенбіде Ақтөбе қаласында өткен көрме-жәрмеңкеден жұртшылық айқын сезінгендей болды.
Көзделген мақсат –  тұтынушы халықтың көңілінен шығу болса, сол үдеге ұйымдастырылған шара лайықты жауап бергендей. Сыр өңірі дегенде алдымен, күміс дән – күріші, бағалы балығы, сапалы тұзы мен дәмді еті елдің ежелден ықыласын аударса, өңірдің жергілікті өніміне деген сұранысы сол дағдымен бұл жолғы жәрмеңкеде де қызу көрініс тапты. Ең бастысы, баға былайғы нарықтан 20-30 пайыз төмен, сапасына да ешкімнің сыны жоқ. Сондағы «Орда» сауда үйінің іші-сыртына түгел қойылған Сырдың өніміне әрбір келушіден қызығушылық байқадық. Қызылордалық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер 22 түрлі өнім түрлерін ұсынса, оның жалпы көлемі 130 тоннадан асып жығылады.
Ақтөбелік жұртшылықпен қатар екі өңірдің басшылық құрамы көрме-жәрмеңкені түгел аралады. Екіжақты іскерлік, кәсіпкерлік ынтымақтастық, жаңа мүмкіндіктер сарапқа салынды. Бүгінгідей экономикалық дағдарыс кезінде халыққа мейлінше қолайлы жағдай жасау, оның барысында кәсіпкерлікті, экономиканы дамыту бағыттары електен өтті.  
Көрме-жәрмеңкеге жиналғандар алдында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғ.Есқалиев қызылордалықтарға ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары С.Қожаниязов екі өңір арасындағы байланыстың іс жүзінде бекемделе түскенін сөзге арқау етті.
– Біріншіден, Сыр елі  жұртшылығының, облыс басшысының сәлемі мен ықыласын жеткізуге рұқсат етіңіздер, – деді Серік Салауатұлы. – Бүгінгі шара, көзделген мақсат – Елбасымыз алға қойып отырған тапсырмаларды жүзеге асыру арқылы халықтың, елдің әлеуетін көтеруге арқау болу. Бұл кезекте шетелдерден келетін өнімдерді азайту, ішкі мүмкіндіктерді, облыстар ара­­сындағы тиімділікті бірлесіп пайдалану, ты­ғыз қарым-қатынаста жұмыс жасау үлкен ба­сымдық алды. Бүгін біздің облыстан түрлі өнім өндіретін 22 кәсіпорын, компаниялар қатысып отыр. Қазірдің өзінде нәтиже жоқ емес. Мысалы, «Арал-тұз» ЖШС осы Ақтөбедегі «Анвар» сауда орталығымен келісіп, тікелей, делдалсыз тұз өнімдерін зауыт бағасымен жеткізуді қолға алды. Сонымен қатар күріш өндіретін «АгроХолдинг Байқоңыр» «Ақтөбе» ӘКК келісіп, 150 теңгеден күріш ұсынып отыр. Мұнымен қоса, облыста ұн өңдейтін комбинат Ақтөбеден бидай алып, сол ұнды өз нарқымызға шығаруда.  Бұл жұмыстар әрі қарай  жалғаса береді, – деп бір түйіндеді. 
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Қызылордада жылына екі мәрте «Байқоңыр» инвестициялық форумы өтетінін, ендігі басқосуы сәуір айының аяғына жоспарланып отырғанын айта келе, ақтөбелік кәсіпкерлерді форумға шақырды.
Әрине, сапалы өнімге қай кезде де сұраныс бар. Ал оған қойылған баға түпкілікті тұтынушының  қалтасына қолайлы тисе, бұл екі арадағы дәнекерлік істің оң нәтижесі деп айтуға толық негіз бар. 
Көрме-жәрмеңкені Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп көріп, қызылордалықтардың тарту-жоралғысына ризашылық білдірді. Сол арада жұртшылықпен емен-жарқын пікірлестік орнап, екіжақты келелі мәселелер талқыланды.
– Экономикалық дағдарыс кезінде мемлекеттің өңірлері бір-бірімен араласуы керек. Мысалы, Қызылорда облысы шығаратын өнімді біздің өңір, не болмаса Ақтөбе шығаратын өнімді Қызылорда өңірі сырттан алып келмеуі тиіс. Сонда біз дағдарыстан тезірек шығамыз, экономикамыз дамып, жаңа жұмыс орындарын ашамыз. Сондықтан, ортақ мүмкіндіктерді жүзеге асыруымыз керек. – Бізде бұған дейін күріштің бағасы 220 теңге болды. Сіздер келгеннен кейін – 150 теңге. Халық сіздерге алғысын айтып жатыр. Әрі қарай осы қарым-қатынасты нығайтсақ, ең алдымен халықтың жағдайын жақсартамыз. Қызылорда мен Ақтөбенің арасы, әрине, жақын жер емес. Алайда  осының бәрін еңсеріп, өз өнімдеріңізді арзан бағамен, сапалы түрде ұсынып отырғандарыңызға ақтөбеліктер атынан ризашылығымды білдіремін, – деді Бердібек Машбекұлы. 
Шын мәнінде, ақтөбелік тұрғындар Сыр елінің сан түрлі өнімі мен ондағы қолайлы бағаға шынайы ықылас білдірді. Бірі «Екі облыс әкіміне үлкен рахмет. Біз мұны қолдаймыз. Өйткені халық қажетін тауып, жәрмеңкеден көңілді қайтып жатыр» десе, енді бірі «етті 950 теңгеден, балықты 250 теңгеден алдық. Өзге азық-түлік бағасы да төмен. Бұл деген қазіргі нарықта халыққа жасалып отырған үлкен қолдау» деп сабақтады.
 – Ең бастысы мәселе жол еді. Қазір екі облыс арасы тақтайдай тегіс жолмен сайрап жатыр. Енді қатынасты нығайтамыз. Атакәсіп – балық шаруашылығын дамытуда Елбасының қамқорлығы ерекше. Кіші теңіздің игілігін көріп отырмыз. Жаңа айтқандай, енді жолдың жақсаруымен халықтың  қатынасы артып, осындай іскерлік байланыс екі жаққа да ырыс-несібесін ала келеді деп сенім білдіремін, – деді пікірлестік барысында облыстық балық шаруашылығы консорциумының төрағасы Әділбек Әйімбетов. 
Ақтөбеде жайған сырбойылықтардың жәрмеңке сөресіндегі сауда түс қайтқанша толастаған жоқ. Көрші өңірдің тұрғындары қажетін тапты, қолайлы нарыққа көңілдері сергек қайтты. Ал бұған қызылордалық өнерпаздар қосқан ән мен би де көрме-жәрмеңкенің өзіндік тартуына айналды.
 
Қуат ШАРАБИДИНОВ,
Қызылорда – Ақтөбе – Қызылорда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз