АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСПЕН ЖҮЗЕГЕ АСУДА

55

0

АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСПЕН ЖҮЗЕГЕ АСУДАБүгінде үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруды қолға алды. Мәселен, тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға күндізгі стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Бұл қызметті 2010-2012 жылдары Арал, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласында 1 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырса, 2012 жылы олардың саны 3 есеге көбейді. 
Нәтижесінде мүгедек бала кәсіби мамандардан тәуліктің 8 сағатында арнаулы әлеуметтік қызмет алады. Ата-аналары балаларын қараудан босатылып, бос уақыттарын тиімді пайдалануға, кәсіби мамандығы бойынша жұмыспен қамтылуына барлық жағдайлар жасалды.  
Тағы бір жоба халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауды көздейді. Аталған жоба аясында 1 қазан күні – Халықаралық қарттар күніне арнайы іс-шара өткізілді. Кездесуге сұрапыл соғыста ел қорғап, бейбіт заманда қажырлы еңбек еткен соғыс және еңбек ардагерлері, мүгедектер, Ауған соғысы ардагерлері, Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысушылар, Семей ядролық сынақ полигонына қатысушылар қоғамдық ұйымдарының, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтуға сүбелі үлестерін қосып, қазіргі уақытта қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген шамамен 300-дей ардагер мен мүгедек қатыстырылды. Мерекелік шара барысында концерт қойылды, кездесу соңында барлық қатысушыларға сый-сияпат көрсетілді.  
 «Сыр мейірімі» жобасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауға бағытталған қызмет ретінде жалғасын тауып отыр. Жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылған балаларға әлеуметтік көмек ретінде күнделікті түскі асты беруді ұйымдастыру, қимыл-қозғалысында қиындығы бар азаматтардың үйіне тамақты жеткізіп беру қолға алынды.Бүгінде күніне 250 адам ыстық аспен қамтылып отыр. Тамақтанушы азаматтардың дәрігерлік анықтамалары тамақ ішу тәртібін бұзбай, күнделікті рациондағы негізгі қоректік заттар мен биобелсенді заттардың ағзаға қажетті үйлесімділігін сақтай отырып, тиімді тамақтандыру арқылы денсаулықтарының нығайғанын, анемия, зоб, нерв жүйелері, қан-тамыр, ішек-асқазан, т.б ауруларының басылғандығын, сол себептен көңіл-күйлерінің көтерілгенін, азаматтардың өмір сапасының жақсарғанын көрсетті. Сонымен қатар, тұрмысы төмен азаматтардың әлеуметтік жағдайларына да материалдық көмек ретінде оң септігін тигізуде.
Мемлекеттік мерекелер аталып өтіліп, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб кесенелері мен Астана қаласына ардагерлерді саяхатқа апару ұйымдастырылып тұрады. 
Жоба аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және еңбек ардагерлеріне, сонымен қатар халықтың әлжуаз топтарына қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыру, сонымен қатар тәрбие жұмыстары жүргізіледі.
Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ақысыз түрде тасымалдауға арналған «Әлеуметтік такси» қызметі бар. Осындай игілікті шара біздің облыста өз жалғасын табуда. «Сәби» қайырымдылық қорының демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған екі автокөлік алынды. Қазіргі таңда «Әлеуметтік такси» диспетчерлік бөлімшесінің жұмыс көлемі бекітіліп, Қызылорда қаласы бойынша кресло арбамен жүретін 365 мүмкіндігі шектеулі азаматқа ақысыз қызмет көрсетілуде.
Көз мүгедектерін мамандандырылған компьютерлік сауаттылыққа оқыту Брайль бағдарламасымен жүзеге асуда. «Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігімен шарт жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпараттық-технологиялық сауаттылығын көтеру және оларға «Электронды әкімдік» бағдарламасын қолдануды үйрету үшін мемлекеттік сатып алу процесі жүргізілуде.
М.МЕРЕЙ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз