ҒАРЫШҚА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОЛ САЛЫНАДЫ

126

0

Үстіміздегі жылғы 19 қазанда елордада алғашқы жасанды Жер серігі ұшырылуының 60 жылдығына арналған «Ғарышқа қазақстандық жол: Жүзеге асуы мен даму келешегі – 2017» атты халықаралық форум өз жұмысын бастады.  

Форумда «Байқоңыр» ғарыш кешенін Ресеймен бірлесіп пайдаланудың өзекті мәселелері қаралды. Бұл ұзақмерзімді бағдарлама, ол сондай-ақ бүгінгі таңда екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындайтын болады.  

«Бүгінде «Байқоңыр» бүкіл адамзаттың игілігіне айналды десек, артық айтқандық емес. Осынау тамаша, бірегей кешен бұрынғы Кеңес одағындағы ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі көптеген технологиялардың даму бастауында  тұр. Қазіргі уақытта ресейлік әріптестермен кешенді одан әрі дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Онда ғарыш айлағының қолданыстағы нысандары базасында ғарыш жобаларын жүзеге асыруға қатысты біздің арендалық  байланыстарымызды жалғастыру шарттары көзделген», – деді халықаралық форумның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов. 

Оның атап өтуінше, тұжырымдаманың басты мақсаты экологиялық тұрғыда қауіпсіз жаңа ғарыштық зымыран кешенін әзірлеу жөніндегі «Бәйтерек» жобасы саналады. 

«Бұл жоба ағымдағы жылы басталды. Біз жаңа кешенді 2022 жылы алғаш рет ұшыруды жоспарлаудамыз. Қазақстан тарабы жерүсті кешендері мен инфрақұрылымына қатысты жұмыстарды жүргізсе, ресейлік тарап зымыран дайындаумен айналысатын болады. Бұл – кескіндемесі барынша күрделі орташа зымыран», – деді министр. 

Айта кетейік, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырып жатқан форумның мақсаты – экономика саласындағы мәселелерді шешу үшін ғарыш қызметіндегі нәтижелерді қолдану бойынша тәжірибе алмасу, соңғы 10 жылдағы ғарыш қызметінің қорытындысын қарастыру, сонымен қатар әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстанның ғарыш саласын дамыту жоспарларын талқылау болып табылады. Шараға 18-ден аса елдің 500-ден аса ғарыш мекемелері мен мемлекеттік органдардың өкілдері, танымал ғалымдар, ғарыш технологиясы саласындағы әлемнің жетекші компанияларының мамандары қатысуда. 

 

Ж.ӘЛМАХАН. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз