Қаржаубай Сартқожаұлы: Латын әліпбиін құрастыруда дыбыстардың жоғалуына жол бермеу қажет

72

0

Қаржаубай Сартқожаұлы: Латын әліпбиін құрастыруда дыбыстардың жоғалуына жол бермеу қажетЖаңа латын әліпбиін құрастыруда төл дыбыстарды жоғалтып алуға жол бермеу қажет. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Мемлекет тарихы институтында өткен дөңгелек үстелде Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Түркітану, алтайтану ғылыми зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы осындай пікір білдірді.
«Латын қарпіне ауысу көршілес республикаларда әкімшілік әдіспен өте асығыс жүргізілді. Біз секілді зерттеу жасаған жоқ. Біздің ғалымдар тіліміздің артикуляциясына байланысты өте көп зерттеу жасады. Әсіресе, соңғы бес жылда ғалымдар белсенді жұмыс істеді, журналистер мен жазушылар ақыл-кеңестерін айтты, латын әліпбиіне көшер болсақ, қандай шрифтілерді, кескін-таңбаларды алу қажет, қай дыбысты қай таңбамен белгілеу керек турасында қызу пікірталастар жүрді», – деп профессор қазақстандық ғалымдардың атқарған жұмыстарын атап өтті және жаңа әліпби құру кезінде төл дыбыстарды жоғалып алуға жол бермеу қажеттігін еске салды.
«Өткен ғасырда түркінің кейбір халықтары «ң», «ғ» әріптерінен айырылып қалды. Қазаққа қатты ұқсайтын ноғай халқы «ж» деп сөйлейтін. Кеңес үкіметі тұсында Орыстың Баскаков атты танымал ғалымы коммунистік партия нұсқауымен он жеті түркі халқының әліпбиін құрастырды және ноғайлардың «ж» дыбысын жоғалтып жіберді. Қазіргі ноғайлардың жылқыны-иылқы, жасты-яш, жаманды-яман деп жүргені содан. Түбінде Баскаков 92 жасында саясаттың кесірінен қиянат жасадым деп ноғай халқынан кешірім сұрады. Сондықтан, келешек ұрпаққа аманат боп қалатын жаңа әліпбиді құрастыруда аса мұқият болған жөн», – деді Қаржаубай Сартқожаұлы.
Айта кетейік, бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Мемлекет тарихы институтында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы талқыланған «Ұлттың рухани дамуы: тарихи мәдени дәстүрлер сабақтастығы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған Мемлекет тарихы институтының ғалымдары, университет пен колледж оқытушылары, мектеп мұғалімдері қатысып, Елбасы мақаласының бағдарламалық ережелерін жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз