Қаржы игермегендерден жауапкершілік қатаң сұралады

53

0

Қаржы игермегендерден жауапкершілік қатаң сұраладыКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда күн тәртібіне бірнеше мәселе қойылды. Жиында аймақ басшысы облыстық құрылыс-сәулет және қала құрылысы  басқармасы басшысы болып тағайындалған Мұхамедиса Әлсеріковті таныстырып өтті. Сонан соң, облыстық бюджеттің орындалу барысы талқыға салынды.
Қаржының игерілмеуі жоспардағы жұмыстың атқарылмағандығын айғақтайды. Аймақ басшысы дағдарыс кезін¬де қаржыны игермеу қылмыспен тең екендігін айтты. Облыстық қаржы бас¬қар¬масының басшысы Талғат Жақып¬баевтың айтуынша, облыс бойынша 2016 жылдың 28 қазанына бюджет түсімдері 100,6 пайызға орындалған. Ал, шығындар жоспарының орындалуы 95,3 пайызға жетсе, 9 млрд-ға жуық теңге игерілмей отыр. Басқарма басшысы жыл аяғына дейін қаржының игерілу көрсеткішін 99,6 пайызға жеткізуге толық мүмкіндік бар екендігін айтты. Ал, қалған 850 млн теңге үнемделген қаржы есебіне кірмек. Жиында қаржы игеруді уақытынан кешеуілдетіп отырған аудан әкімдерінің уәжі тыңдалды. Мәселен, Қазалы ауда¬нындағы 7 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінген 105,3 млн теңге мұрты бұзылмай тұр. Оған мемлекеттік сатып алу конкурстарының кеш өткізілуі себеп көрінеді. Сондай-ақ, Қармақшы ауданы бойынша Байқоңыр қаласында білім беру мекемелерінің қызметін қамтамасыз ету үшін қаралған 225,8 млн теңге қажетке жаратылмаған. Бұған пәндік кабинеттер сатып алуға жоспарланған 21 млн теңгені қосыңыз. Аймақ басшысы бұл мәселе бойынша қала, аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына қатаң тапсырма берді. Яғни, 12 желтоқсанға дейін барлық қаржы игеріліп бітуі тиіс.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе қазынашылық жүйесіндегі бюджеттің атқарылу барысындағы өзекті мәселелер туралы Қызылорда облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Ә.Дүйсенбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, мемлекеттік мекемелердің бюджетті жоспарлауы көбіне тиісті дәрежеде жүргізілмейді. Сондай-ақ, 442 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсететін департамент басшысы келісімшарттарды тіркеуге өтінімдер қатенің кесірінен жиі қайтарылатынын жеткізді. Айталық, биылғы жылдың 10 айында 12022 келі¬сім¬шарт тіркеуге келіп түсіп, 21,2 пайызы қателеріне сәйкес қайтарылған. Төлеуге берілетін шоттарда да мәселе жоқ емес. Облыс әкімі бұл мәселе бойынша сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді, алдағы уақытта кемшіліктердің қайталанбауын қадағалауды тапсырды.
Қазіргі таңда елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды ен¬гізу қолға алынып жатыр. Күн тәртібінің үшінші мәселесінде осы тақырып сөз болды. Бұл орайда баяндама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 15 әлеуметтік осал топқа мемлекет жарна төлейтінін жет¬кізді. Олардың қатарында балалар, көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, мүгедектер, т.б. бар. Төлейтін жарнаның мөл¬шері 2017 жылы  4 пайыздан басталып, 2020 жылы 7 пайызға жетпек. Облыс әкімі бұл бастаманы аса жауапкершілікпен жүзеге асыру қажеттігін, кемшілікке жол беруге болмайтындығына назар аударды.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарды жарна төлеуге міндеттеу күтпеген қиындықтарды тудыруы мүмкін. Олар жұмыссыз ретінде тіркелген жағдайда облыстағы жұмыссыздар саны бірнеше есеге өседі. Бұл бюджетке салмақ түсіреді, – деді облыс әкімі.  
Сондықтан да, аймақ басшысы Үкіметке тиісті ұсыныстар дайындау қажеттігін айтты. Бұл орайда облыстың бас дәрігері Ақмарал Шәріпбайқызы МӘМС-ні енгізу кезінде өнімсіз еңбекпен қамтылғандардың белсенді жұмыссыз ретінде тіркелуі жұмыссыздар санын 17%-ға дейін өсіруі мүмкін екендігін айтты.
Келер жылы Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесі өтеді. Қазақ елінің абыройын аспандатар айтулы шараға Сыр елі қандай дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр? Аппарат мәжілісі төртінші кезекте осы сауалға жауап іздеді. Бұл орайда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұржан Өмірсерікұлы баяндама жасады. Ол 93 күнге созылатын халықаралық көрмеге Сыр елінен 75 мың адамның қатысуы жоспарланып отырғанын айтты. 
– Көрмеге дайындық жұмыстарын жүргізу облысымызда да басталып кетті. Қазіргі таңда басқарма тарапынан тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп ішкі ілгерілету, өңір тұрғындарын көрмеге кіру кестесін әзірлеп бекіту, барушылардың сапалы және сандық құрамын анықтау, көлікпен қамтамасыз ету, Астана қаласында қабылдау және орналастыру, еріктілер корпусын қалыптастыру, туристердің келуін қамтамасыз ету, турис¬тер пакетін қалыптастыру, ағымдағы жылдың 10 маусымынан басталған көрменің электрондық билетін сату бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.
Нұржан Өмірсерікұлы көрмеге қатысушылардың сандық және сапалық  құрамы бойынша дәйексіз ақпараттардың беріліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, бірнеше аудандарда осы уақытқа дейін билбордтар ескі үлгідегі логотиппен ілініп тұрғанын, онлайн билеттердің біреуі де сатып алынбағанын, насихат жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмей жатқандығын айтты.  Облыс әкімі аудан әкімдеріне бұл кемшіліктерді қысқа мерзімде жою керектігін тапсырды. Көрмеге қонақ ретінде қатыспай, өз күшімізбен барып-келуге жағдай жасалу керектігін айтты. 
Мәжілісте тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы жайында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Қайруллаев баяндады. Баяндамашы 9 айда мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру бағытында барлығы 140 шара өткізілгенін айтты. Аймақ басшысы қазақылықтың қаймағы саналатын Сыр елі мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге келгенде өзгелерге үлгі болуы қажеттігіне тоқталды.
Мәжіліс соңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күн тәртібіне қойылған барлық мәселе бойынша тиісті жұмыстардың тиянақты жасалуын, кемшілікті түзетпегендердің жауапкершілігі қаралатынын мәлімдеді.
Нағымжан САУЯЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз