ҚАРЖЫ МАҢЫЗДЫ САЛАЛАРҒА БАҒЫТТАЛАДЫ

60

0

 

ҚАРЖЫ МАҢЫЗДЫ САЛАЛАРҒА БАҒЫТТАЛАДЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 44-сессиясы өтті. Сессия төрағасыМедет Кәрім қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселелермен таныс­тырды.

Мәселелер талқыланар алдында аймақ басшысы сөз алып, жалпы жағдайға тоқталып өтті. Өткен жылы республикада мұнай өндіру 1,5 млн тоннаға қысқарса, соның 1 млн тоннасы Қызылорда облысына тиесілі.Мұнай саласына қатысты өнеркәсіп орындарының өнімі төмендеп отырғанымен, өңдеу саласының көрсеткіштері өскен. Тұрғын үй құрылысы, оның ішінде мемлекеттік тұрғын үй құрылысы көлемі айтарлықтай артты. Қаладағы үй кезегі 17 пайызға азайды. Бұл қарқынды биылғы жылы да сақтап қалу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы жылы Қызылорда қаласында дарияның сол жақ жағалауын игеруді бастау жоспарланып отыр. Жобаны қаржыландырушы Азия даму банкі жобаны «ақылды қала» ретінде жүзеге асыруға ұсыныс жасап отыр. Биыл Мұратбаев көшесіндегі көпірді аяқтауға күш салынуда. Оған Үкімет басшысының берген кепілдемесі бар. Кәсіпкерлікті қолдауға 2016 жылға 2,6 млрд теңге бөлінді. Бұл 2014 жыл көрсеткішімен салыстырғанда 77 пайызға артық. 660 млн теңге қаржы «Микробизнес-Қызылорда» пилоттық жобасын қаржыландыруға жұмсалады.Аймақ басшысы бюджет қаржысының тапшылығы жағдайында халықаралық қаржы институттары қаржыландыратын және мемлекеттік-жеке әріптестік аясында жоспарланған жобалар бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде екенін жеткізді. Осы бағытта игерілетін 333 млрд теңге қазіргі жағдайда облыс үшін үлкен демеу екені белгілі. Ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізген көрсеткіштеріміз де қуантады. Ал ветеринарлық салада атқарылған жұмыстар нәтижесінде облыс биыл буферлік аймақтан шығады. Азық-түлік
бағасы бақылауда бола береді. Біздегі баға республикалық орташа бағадан төмен.
2015 жыл қорытындысымен 12 мыңдай жаңа, оның ішінде 8 мыңнан астам тұрақты
жұмыс орны ашылды. Білім саласында үш
ауысымдық мектеп мәселесі шешілді, балабақшамен қамтамасыз етуде Елбасы
тапсырмасы орындалды.

Облыс әкімі бюджетті қалыптастыруда азаматтар алдындағы
барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалатын болады деді.
Қаражатты бөлгенде Мемлекет басшысы мен Үкімет тапсырмаларынан туындайтын
мәселелер, әкімдердің есепті кездесуіндегі тұрғындардың талап-тілектері негізге
алынды. Бұған дейін депутаттар бірнеше рет көтерілген мәселелер де ескерілді.
Жергілікті полиция 2016 жылы құрылғандықтан, бұрын оған қаржы қарастырылмаған
болатын. Бюджетті нақтылау кезінде бұл мәселе де ескерілуі тиіс. Күріш
кластерін дамытуға да қаржы бөлінеді.

Сессия күн тәртібіндегі «2016-2018 жылдарға арналған облыстық
бюджет туралы» Қызылорда облыстық
мәслихатының 2015 жылғы 10 желтоқсандағы № 325 шешіміне өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы» облыстық экономика және бюджетті жоспарлау
басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова хабарлама жасады. Ол 2016 жылдың 1
қаңтарындағы жағдайымен облыстық бюджеттің бос қалдықтары 1,8 млрд теңге
құрайтынын атап өтті. Бұл қаржылар өте
қажетті салаларға бағытталады. Оның ішінде басталып қойылған жобаларды аяқтау,
құрылысы басталған мектептерді салып бітіру, әлеуметтік ұнды тасымалдау,
жергілікті полицияның материалдық шығындарына жұмсау секілді бағыттар бар. Сол
секілді, заман жақсарғанша күте тұруға болатын әкімшілік шығындарға арналған
903 млн теңге қаржыны шектестіріп, күріш кластерін дамытуға, көктемгі егіс
жұмыстарына және басқа да қажеттіліктерге бағытталады.

Сессия барысында күн тәртібінде белгіленген басқа да
мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер шығарылып, облыстық қоғамдық кеңес
құрылды. Сессия соңында облыс әкімі алда тұрған міндеттерге тоқталып, халық
қалаулыларына аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау білдіргендеріне
ризашылығын жеткізді.

 

Ыдырыс
ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз