ҚАРЖЫ МЕН МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУ ЕЛІМІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ?

71

0

ҚАРЖЫ МЕН МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУ ЕЛІМІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ?Осыдан бiраз уақыт бұрын Елбасы қаржы мен мүлікті
заңдастыру туралы заң дайындау жөнінде Үкімет пен Ұлттық Банкке тапсырма берген
болатын. Міне, енді соның нәтижесі ретінде елімізде капиталға рақымшылық
жариялау мерзімі белгілі болып отыр. Биыл қыркүйектің бірінен бастап келер
жылдың желтоқсан айына дейін көлеңкелі меншік пен табысты заңдастыруға
мүмкіндік беріледі.

Бұл
туралы Үкімет мүшелері мәлімдеді. Жауапты министрлер бір жарым жылға ұласатын
науқан шарттарын түсіндірді. Біріншіден, заңдастырылған қаражат үшін екінші
деңгейлі банктерде арнайы есеп-шот ашылады. Оған салық салынбайды. Керісінше,
қатардағы депозит ретінде пайыздық өсім қосылады. Бастысы, бес жыл бойына
қаражат банкте айналуы тиіс. Немесе отандық құнды қағаздарды сатып алуға
жұмсалады.

«Ақшаны мерзімінен бұрын пайдаланғысы
келсе, мемлекеттік құнды қағаздар мен
«Халықтық ІРО» бағдарламасы шеңберінде, басқа да қор биржаларының құнды
қағаздарын сатып алу арқылы инвестиция жасауға болады. Ал егер заңдастырушы
банктегі қаржыны бес жылға жеткізбей, жеке қажеттілік үшін қолға қайтарса,
жалпы сомадан 10 пайыз комиссия ұсталады. Бұл қолдағы ақшаны экономикаға тарту
мақсатында жасалатын әрекет”, – деп түсіндірді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Науқан аясында жылжымайтын мүлікті де
заң жүзінде меншіктеуге мүмкіндік беріледі. Бұған шет елдегі қымбат
апартаменттер де кіреді.

Ең бастысы, көлеңкедегі қаражатын
заңды айналымға шығаратын азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапқа
тартылмайды. Әрі ақшаны тиімді ресмилеудің бірнеше тәсілі қарастырылған.

Сонымен мүлкіңіз бен қаржыңызды
заңдастыруға асығыңыз. Өйткені, 2017 жылдан бастап жалпыға ортақ декларация
тапсыру ісі қолға алынады. Сол уақытта мұндай тасада қалған артық ақша мен
мүлікке бола қылмыстық жауапқа тартуы әбден мүмкін. Үкімет мүшелері бүгінгі
заңдастыру осының алдын алу үшін жасалып жатқан әрекет екенін атап өтті.

Елбасы тапсырмасымен жекешелендірудің
екінші толқыны басталып жатыр. Міне, осында шығарылған нысандарды сатып алуға
болады.

Бүгінгі таңда Қазақстанның
экономикалық рыногы қаржы салуға өте тартымды болып отыр. Елдегі рыноктық
қарым-қатынастардың дами түсуі, сондай-ақ жаһандық экономикалық байланыстардың
бір-біріне деген тәуелділігі артқан кезде азаматтардың қаржылық жағдайы мен
рөлінің маңызы арта түсуде.

Жалпы, «көлеңкелі экономика»
айналымының орын алуы кез келген ел үшін теріс салдарлы. Заңсыз мүліктің артуы,
«көлеңкелі экономиканың» пайда болуы қоғамдағы құндылықтар жүйесін бұзып,
құқықтық немқұрайдылыққа әкеп соғады. Заңды экономикалық айналыстан шығарылған
мүлік елдің дамуына үлес қоспағаны былай тұрсын, мемлекеттің жалпы экономикалық
дамуындағы көрсеткіштері мен дамуының шынайы бейнесін бұрмалайды. Бұл өз
кезегінде елдің даму көрсеткіштеріне нақты болжам жасауға мүмкіндік бермей,
шынайы жоспар құруға кері әсерін тигізеді. Сондықтан экономикалық санда жоқ
мүліктің теріс әсері екіжақты. Не мемлекетке, не иесіне пайдасы жоқ. Санда жоқ
мүліктен салық түспейді. Қалыптасқан жағдайды өзгерту мақсатында қабылданып
жатқан шаралар бұрынғыдан өзгерек. Өйткені, елдің экономикалық жағдайын
жақсартуға әлеуеті жететін көлемді заңдастырылмаған мүлік, әсіресе, ақша
түріндегі қаржылық құралдар заңды
экономикалық айналыстан сырт қалып отыр.

Мүлікті заңдастырудың негізгі
ережелері жарияланды. Атап айтқанда, заңдастырылатын қаржы азаматтардың кірісі
болып есептелмейді, сонымен қатар, қылмыстық, әкімшілік және басқа да
жауапкершіліктен құтылады.

Жалпы, заңдастырудың өткі­зілу
мерзімі 2014 жылдың 1 шіл­десі мен 2015 жылдың 31 жел­тоқсаны аралығы. Айта
кетер жайт, өткен жолғы заңдастырудың нәтижесінде туындаған мәселелер бойынша
заңдастыруға жатпайтын мүліктерге байланысты шектеулер орын алмақ. Егер ақша
заңдастырылса, заңды айналысқа екінші деңгейлі банктерде арнайы ашылған ашық
жинақ шотына салыну арқылы жүреді. Тағы бір ерекшелік, қаржыны заңдастырудың
басқа жолдары да қарастырылған. Заңдастырғысы
келген ақшаны екінші деңгейлі банктерде 3 жылға дейін сақтап, ры­ноктық
ставка бойынша үсте­мелерін ала алады. Екінші жолы, ол ақшаларды тезірек қол­данғысы
келсе, оны ел экономикасына инвестиция жасау мақсатында мемлекеттік құн­ды
қағаз, облигация, ұлттық бас­қарушы холдингтер мен ком­па­ниялардың «Халықтық
ІРО» бағ­дарламасы бойынша сатып алу арқылы қолдана алады. Үшіншіден,
азаматтардың жеке­шелендірудің екінші тол­қыны шеңберінде нысандар сатып алуға
мүмкіндігі болады. Ақшасын заң­дастырғысы келетін азаматтар жоғарыда келтірілген
тетіктерді қол­данғысы келмесе, бюджетке 10 пайыз төлеп, қар­жысын қа­­лауынша қолдана береді.
Мү­лік­ті заңдастыру жергілікті ат­қару органдарындағы арнайы комис­сияға
өтініш беру арқылы жүзеге асырылады. Заңдастыру барысындағы шығындарды заң­дас­тырушы
көтереді.

Әрине, ақшаға рақымшылық жасау
елімізде бірінші рет болып тұрмағаны белгілі. Алғашқы қаржы амнистициясы 2001
жылдың маусым айында өттті. Ол кезде қайтқан қаржы көлемі 480 млн. доллар
болды. Бұл жоспарланған қаржы көлемінің 15 пайызын ғана құраған еді. Одан кейін
қаржы мен мүлікті, құнды қағаздарды заңдастыруға бағытталған келесі шара 2006
жылдың жазында басталып, 2007 жылдың көктемінде аяқталды. Ол кезде 7 миллиард
доллар табыс түсті. Ал осы жолы 10-12
млрд. доллар табыс түседі деп күтілуде.

Мұндай шара тек біздің елде орын алып
отырған жоқ. Әлемдік экономикада ол жаңалық та емес. Еуропа елдерінің
бірқатары, АҚШ-тың біршама штаттары мұндай шараны бірнеше рет өткізген. Себебі,
заңсыз айналымдағы қаржыны көлеңкеден шығару барлық елдердің мәселесі болып
отыр. Кіріс пен капиталды заңдастыруда Үндістан алда келеді, 5 рет өткізген.
Португалия – 4, Франция, Австрия, Ирландия 2 реттен өткізген. Италия мен
Бельгия, тіпті, Германияның өзі де бұдан қалыс қалмаған. Елімізде мұндай
тәжірибе бар екенін айтып өттік, әрі мұндай шара тиімді нәтижелер беріп отыр.
2001 жылы 480 млн. АҚШ доллары заңды айналысқа енсе, 2006-2007 жылдары 845
млрд. теңге немесе 6,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын мүлік пен қаржы
заңдастырылған, ал бюджетке 60 млрд. теңге түсім түскен. Заңдастырылған
дүние-мүліктің көлеңкеден шыға салысымен бюджетке салық және басқа да қаржылық
операциялар жүргізу арқылы пайда әкелетінін атап өту керек. Түсімнен өзге,
көлеңкелі экономика көлемі азаяды. Ішкі және сыртқы көздерде жұмыс істемей
тұрған қаржыны қосымша қаржы көзі ретінде ел экономикасына несиелеуді арттырып,
көлеңкелі айналысты төмендету, бюджет түсімі өсуіне әсер етеді. Капиталды
заңдастыру науқаны сәтті өтсе, ел экономикасына миллиардтаған долларды тартуға
болады.

Ыдырыс
ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз