ҚАРЖЫ ЖИНАП, ҮЙ АЛУҒА ҰМТЫЛ

129

0

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының шарттарын түсіндіру мақсатында жиын өтті.

Филиал төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаевтың айтуынша партияның қоғамдық қабылдауына көп адам баспана мәселесімен келеді. «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімділігі сол, тұрғын үй саласында бұған дейін болған барлық механизм біріктірілді. Онда жинақ пен ипотекадан бөлек, жеке тұрғын үй салу жүйесі де қамтылған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – осы саланы нарыққа барынша бейімдеу. Ал жағдайы жоқ отбасылар үшін арнайы баспаналар салынады.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов сарыла кезек күтуден гөрі ақша жинап, жылжымайтын мүлік алып қойғанның артықшылығын атап өтті. «Тегін ештеңе де болмайтынын түсіну керек», – деді ол. Арендалық үй алған адам оны өз атына аударып ала алмайды. Ал тіртінектеп тапқаныңа сатып алған үй мүлік болып қалады. Алайда, ай сайынғы кірістен үнемдеп, соның басын құрауға көбінің құлқы жоқ. Облыс бойынша 26 мыңдай адам тұрғын үй кезегіне тіркелген болса, соның 11 мыңға жуығы – мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері. Жиналысқа қатысқан ішкі істер органдары мен әртүрлі басқарма басшыларына С.Сүлейменов «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімділігін қарамағындағы қызметкерлерге жақсылап түсіндіруді тапсырды.

Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл көлемі 151,5 мың шаршы метр болатын 47 көпқабатты (1983 пәтер) тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. 1 қазандағы мәлімет бойынша 19 баспана немесе 980 пәтер пайдалануға берілді. Салада тұрақты даму тенденциясы байқалады. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2013 жылы 270 мың шаршы метрді құраса, бұл көрсеткіш 2016 жылы 543,7 мың шаршы метрге дейін өсіп, соңғы төрт жылда екі есе артты.

Жиында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағамбетов, ҚР Ұлттық банкі Қызылорда филиалыныӊ директоры Әсет Мұстафин және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры Әділжан Сәулебаев бағдарлама шаттары туралы айтып берді.

Н.САНИЯЗОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз