АҢСАДЫМ ТУҒАН МЕКЕНДІ…

164

0

АҢСАДЫМ ТУҒАН МЕКЕНДІ...Құрбыммен балалық шағымыз туралы әңгімелесіп отырмыз. Әңгіме қыза келе мен:  
– Туған ауылымды аңсап жүрмін. Қашан барып, аунап-қунап қайтар екенмін, – дедім.  
– Шаң топырақ, мидай даланың несін сағынасың?
– Сол жазық, сары даламның өзін сағындым…
Қазалым – тау-тасы болмаса да, көк желекке малынбаса да, киелі, қазыналы жер ғой. Мен туылған Қожабақы ауылы кейде түсіме кіреді. Төмпешік қырлары, сылаңдай ағатын Сырдария өзенінің сағасы, балығы тайдай тулаған, шағала, үйрек-қаздары шулаған, шағын көлдері мен көлшіктері, нұра деп аталатын, сәуір-мамыр айында жауқазын, сарғалдақтар қаптап шығатын қыраттары, қалың әрі биік қамыстары … бәрі, бәрі ыстық. Адамдары да сондай ыстық, жылыұшырай көрінеді ғой. Бәрі туысқаның секілді еді. Енді барсам ауылымның әр үйін аралап, әрқайсысын айқара құшақтап, бауырыма қыспасам ба?! Балалардың күн қақтап, жусан иісі сіңген торсықтай шекелерінен сүймесем бе осы… «Ауыздарын ашса жүрегі көрінеді» дейтіндей аңқылдақ келеді біздің жақтың адамдары…  
Ілгеріде шөлді жазықтарымызда киік қаптап жүретін. Кейін оны жергілікті тұрғындар үркітіп алыпты. Арқаға ауып кеткен көрінеді. Туған жерімді ойлағанда жүрек тұсым бұлқынып, алыста қалған періште көңіл, бал дәурен балалық шағым еріксіз көз алдымда көлбеңдейді. Елестейді де, құстай ұшып жеткім келеді. Топырағына аунап, жусан иісін құшырлана иіскегім келеді. Жазығына шалқалай жатып алып, ақша бұлттар жүзіп жүрген ашық аспанға  армансыз қарағым келеді. Дәл бала күнгідей… Сырдария өзеніне денемізді ақ сор басқанша шомылатынбыз. Үлкендердің «тұзданған, гербицид араласқан суға түспеңдер, үстеріңе жара шығады» деген ескертуін жүре тыңдаймыз. Ата-анамыз түскі ұйқыға кіріскенде үйден жасырынып шығып кетеміз. Қара қарғаның миы айналатын аптап ыстыққа қарамай құрбыларыммен барып, іргедегі дарияға армансыз шомылып қайтамыз. Сырдың сары топырағы жалаң аяғыңды күйдірердей ыстық. Үйге келіп, сордан тырысып тұрған бетімізді бұлақтың суына жуып алып, түк білмегендей жатып қаламыз. 
Біле білсеңіз, біздің ауылда астықтың төресі өседі. Шәмші атамыздың өзі күрішші қыздарға арнап «Сыр сұлуы» атты атақты әнін жазды. Диқаншылар жайқалған астықтарын жаз бойы күтіп-баптап, алтын күзде комбайнмен орып,  қоймаға өткізеді. Күріш дақылы суды сондай жақсы көреді. Үш ай бойы суда тұратыны сондықтан. Оқушы кезімде масаға таланып жүріп, күзде күріштің масағын теріп, табыс тапқанымды ұмытпаймын.  Жыңғыл, сексеуіл, жантақ дегеннің отаны – менің өлкем. «Қоянкөл», «Жаманкөл», «Айдарбек», «Мәмекен», «Орақ», «Нар», «Жыланды», «Байназартөбе» деген жер аттары құлағыма сондай ыстық естіледі. Көзіме елес беріп, көңілімді шартарапқа жетелейді. Бұл өлкеде ел қорғаған батыр бабаларымыз, дүлдүл ақындарымыз, аузы дуалы билеріміз де өмір сүрген. Бір жылдары «Айдарбек» жаққа тары егіп, оны піскен кезде торғайлардан қорып, қара терге малшынғанымыз есімде.  Мидай даладан қос тігіп алғанбыз. Әкем –  азық жеткізуші.  Әпкем екеуміз ас-су қамдаймыз. Аға-інілерім – негізгі жұмыс күші. Біздің үйімізден Нұра қыры көрініп тұратын еді. Сол жаққа ас-суымызды дорбамызға салып алып, достарымызбен жаяу барып, жауқазын, сарғалдақ теретін едік. Жерден құмсағыз қазып алып, қыр жуасын жейтінбіз. Біз жақтың ыстық топырағы қауын-қарбыз өсіруге таптырмайтын. Мен өз ауылымда жеген дәмді қауын-қарбызды еш жерден жеген емеспін. Үлкен қара торлама, қазақы, шыртылда қауындар, дәмді әңгелектер мен қара-ала қарбыздардың дәмі таңдайымнан әлі күнге кеткен жоқ. Әкем бастаған үйдегі үлкендер маусымында қауын-қарбыз, картоп, қызанақ, қияр егіп, қыстық қорымызды өз күшімізбен жинап аламыз. Біздің міндетіміз – бақшаның отағын (арамшөбін) жұлу. Сол жылдары әкем 2-3 қатарынан қауын-қарбызды машинаға тиеп әкетіп, қалаға сатып, қосымша қаражат иемденіп, арқа-жарқа болған едік. Көлеңкеде отырып алып, қатты пісіп кеткен қауындарды тіліп, жіпке іліп кептіріп, кепкен соң оны өріп, қауынқақ жасайтынбыз. Сондай-ақ, қауынның қабығын алып тастап, ішіндегісін төртбұрыштылап турап, баяу жанған отта қайнататын едік. Қоюлана бастаған кезде оттан түсіріп, суыған соң, ыдыстарға құйып алып, сөредегі маталардың үстіне дөңгелекше етіп жайып, кептіретінбіз. Шаң-тозаң, ара-шыбын қонбас үшін үстіне марлы жабылатын. Бұл «қауынқұрт» деп аталады. Түнде масадан қорғанып, марлыдан тігілген масахананың ішінде ұйықтайтынбыз. Үй ыстық. Кеш кіргеннен көршілердің бәрі жабылып, масаханаларын құра бастайды. Іңір түспей құрып қоймасақ ішке маса толып қалады. Масахананың ішінде жатып алып, аспанға қарап, көк төсіндегі жұлдыздарды тамашалаймыз. Ал таңертең көрші Айша әжейдің қазанға жауып, тезекке пісірген жұқа нанының бұрқыраған иісінен оянамыз. Әжей оттан жаңа шыққан ыстық наннан үзіп беріп, бір қолымызға айранның майын салады. Алақандағы майдың дәмі қандай десеңізші?! Өкініштісі, мұндай нанды қазір көпшілігі жасамайтын болыпты. 
Жаз келісімен ағаларым малға көк пішен орады. Оны баулап, кептіріп, тасиды. Шамамызға қарай оларға көмектесеміз. Біздің жақтың майлы саз кесектерінің дәмі алабөтен тамаша еді. Ол топарығымызға байланысты шығар. Анама еріп алып, канал жиектерінде бұйра-бұйра болып жатқан сары топырақтардан қалтамызға салып әкеліп, құмарта жейтінбіз. 
 «Айдарбектен» келе жатқан жолда теп-тегіс, үлкен алаңқай бар. Оны біз «Тақыр» деп атаймыз. Бұл жерге ауыл шаруашылығына арналған шағын тікұшақтар қонатын. Күріштерге тыңайтқыштар тасиды екен. 8-9 жасар кезім. Бір күні іңір түсіп келе жатқан сәтте осы «Тақырмен» жүріп келе жатқанбыз. Қолымызда қолшам бар.  Сол кезде аспан көгін тілгілеп, ұшақ зымырап бара жатты. Қызыл-жасыл шамдары жарқырап, қиялыңды көкке самғатады. «Шіркін, сол ұшақтың ішінде мен де болсам ғой»… Мұны байқаған әпкем «Әне, анау ұшақ бұлттың ішін бір айналып өтеді де, осы біздің «Тақырға» қонады», – деді. Інім екеуміз сеніп қалдық. Артынша: «Оның қонғанын күтейік те онда», деп қуанып кеттім. «Жоқ, тезірек қайтпасақ, ан-оу-у қамыстардың арасынан қасқыр, мәлін шығып, бізді жеп қояды», – деді әпкем. Бір жағынан көктегі ұшаққа  елтіп, қызығып, бір жағынан бойымды үрей билей бастады. Осы кезде бізді алып кетуге келген әкем мотоциклін дүрілдетіп келіп, жанымызға тоқтады. Қиялым жан-жаққа бытырап кетті де, үш аяқты көлікке қонжиып отыра кеттік… Ұшақ та ізім-ғайым жоқ болды. 
Көктем болған сайын дария суы арнасынан тасып, көпірлерді бұзып кететін. Көліктер тосылып, Қазалы мен екі ортаға қатынас қиындайтын. Дария жағалап, уақытша жасалған көпірлерді жаяу кесіп өтетінбіз. Арнасынан шірей аққан асау өзенге қарап, жаяу жүргеннің өзі де бір қызық… 
Әкем – мұғалім. Өзі аңшылыққа, балық аулауға сондай құмар жан. Ескі сарайдың іші әкемнің балық аулайтын құралдарынан көрінбейтін. Резеңке қайық, ағаш қайық, кермеше, тор дегендердің түр-түрі бар. Аңшылық билеті де болған-ды. Екі мылтығы мен оның асай-мүсейлеріне арналған бір қойма болушы еді. Мылтығын оқтағанды қызық көретінбіз. Қорғасындарын жинап беріп отыратын едік. Сабақтан қолы қалт еткенде серіктерімен мотоциклдеріне отырып алып, ауылдан шалғайдағы көлдерге кететін. Кейде азықтарын алып кетіп, 1-2 күн қонып келетін. Көбіне олжалы оралатын. Қапшықтардан балық, құстарды алып шығып, «Мә, тазалаңдар» деп балаларына береді. Даланың құс-балықтарының дәмі мүлдем басқаша ғой, шіркін… Көлшіктерімізде ірі сазандар, тісті, шортан, ақбалық, жылан балық, беломор, карас, толстоголов деген түрлі-түрлі балықтар бар еді. Үйрек, қаз, шүрегей, қырғауыл, тырна деген құстарды да өз көзіммен көргенмін. Балықты мол әкелген кезде табақшаға салып, көршілерге тарататынмын. Олардың алғысын алсам жаным рахат табады. Осынау шағын көлшіктердің барлығы қазір жекенің меншігіне өтіпті. Табиғат байлықтары қатаң қорғауға алынған. Дұрыс. Бұл – нарық талабы. Заңдылыққа бағыну керек. Берекелі еді ғой менің Қазалым… 
Бір жағымызда Байқоңыр ғарыш айлағы бар.  Арал тартылып, үлкен теңіздің ұлтаны кеуіп, тұз ұшқаны, шаңды топырақ суыратыны, экологиямыздың бұзылғаны, сол тұста тұрғындардың үдере көшкені де рас. Жер тұзданып, адамдардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төнген еді. Мұның барлығы адамдардың қолымен жасалған экологиялық апат салдары екені өкінішті. Әйтпесе, береке-байлық тұнған, туып-өскен мекенінен кім кеткісі келеді… Ал қазір Қазалы, Арал өңірі мықтап өркендеп келеді. Елбасының бастамасымен Кіші Арал суға толды, жағадағы елге береке кірді. Өндіріс орындары ашылуда. Екі ауданда 5 бірдей балық зауыты жұмыс істеп тұр. Тал егу, көгалдандыру жұмыстарына ден қойылыпты. Халық үдере көшуді доғарыпты. Байырғы берекесі кіріп келе жатқан көрінеді. Туған өлкемнің экономикасы әлі де өркендей түсіп, келешегі нұрлы боларына сенемін. 
Әңгімемді үнсіз тыңдаған құрбым мені құптап, «мә, тамаша ауылың бар екен ғой, мені де апаршы» – деп қызығушылық білдірді. Иә, әркімнің туған жері өзіне ыстық. Кіндік қаның тамған қасиетті мекеннің өзіне магниттей тартып, аңсатып тұратынына табиғаттың тартылыс заңының да әсері бар шығар.  Жалпы, туған жеріме деген махаббатты, ыстық сезімді  тілмен айтып жеткізе алмайтын сияқтымын. Бұл менің туған жерім туралы жазған шағын ғана естелік-сырым, көңіл тебіренісім. Туып-өскен жерімді сағынып жүрмін…Бәріне қол сілтеп, бәрін тастап кетіп қалсам ба екен әлде?!
Айгүл СҮНДЕТОВА.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз