ҚАСИЕТТІ ОРЫНДАРДЫҢ КАРТАСЫ МЕН ЖИНАҒЫ ШЫҒАДЫ

111

0

Сыр өңірінің қасиетті орындарының картасы мен жинағы шығарылады. Облыстың тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес отырысында осындай шешім қабылданды.
Жиын алдында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қазақ­станның еңбек сіңірген сәу­летшісі, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу уни­верситетінің профессоры, Шығыс елдері халықаралық сәулет Академиясының академигі Бек Ибраев пен Ә.Марғұлан атындағы
Археология институтының Ас­тана қаласындағы филиалының директоры, «Платиналы Тар­лан» сыйлығының иегері, тарих ғылымдарының доценті Зай­нолла Самашевты 70 жасқа толу мерейтойымен құттықтады. Ғалым­дарға облыстың ең жоғары наградасы – Құрмет грамотасын табыс етіп, сый-сияпат жасады.
Жаһандану дәуірінде әлем көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Осының арасында ұлттық жады, ел тұтастығы, рухани қазына сияқты құндылықтар жұтылып кетпеуі тиіс. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамға үлкен серпіліс әкелді. Рухани-мәдени саладағы модернизация, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызы зор оқиға болды. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық мүдденің ұлы мұраттарын айқындайтын жаңа идеологиялық тұжырымдама деуге негіз бар.
– Қазан айында аймаққа арнайы іссапармен келген Елбасыға бірнеше маңызды жоба таныстырылды. Соның ішінде шығыстық үлгіде жаңғыртылатын Сырдарияның сол жағалауын ерекше атап өтуге болады. Онда 11 шағын аудан мен Жастар орталығы, Неке сарайы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, көпсалалы аурухана және Сыр елінің өткенінен сыр шертетін Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының түпнұсқасы бой көтермек. Бұл нысан жыл соңына дейін пайдаланылуға беріліп, оның бір жағына қалалық музей, екінші жағына Рухани жаңғыру орталығы орналасады деп жоспарлап отырмыз, – деді Қ.Көшербаев
Бұл жыл Сыр елінде қоғамдық-саяси маңызы зор шаралардың өтуімен ерекшеленді. Алашорда қозғалысының 100 жылдығын біздің өңір республикада алғашқылардың бірі болып атап өтті. Ғылыми конференция ұйымдастырылып, облыс орталығында қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың еңселі ескерткіші орнатылды. Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш қайта жаңғыртылды. Ал алдағы жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығы, Астана қаласының 20 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Соның аясында маңызды объектілер ашылып, түрлі мәдени шаралар мерейтойдың мәнін аша түспек.
Күн тәртібіне сәйкес кеңес мүшелері төрт мәселені талқылады. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының, өткен жылғы кеңес отырысында жүктелген тапсырмалардың орындалуы туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Әбдірахманов айтып берді. Сыр елінен республиканың киелі жерлерінің тізіміне 16 ескерткіш, 100 қасиетті жердің қатарына 12 нысан енгізілді.
Биыл Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат­­пен бірге ортағасырлық Сортөбе, Жент қалашықтарына, Аралдың кепкен таба­нындағы Кердері кесенесіне архео­логиялық зерттеу жүргізілді. Келер жылы әлі сыры ашылмаған ортағасырлық «Қышқалаға» архео­логиялық қазба жұмысы жүргізіледі.
Сығанақ қалашығын инфра­құрылымы жетілген толыққанды туристік орталыққа айналдыру қажет. Бұл ретте кешенде реставрациялық, реконструкциялық және археологиялық зерттеу жұмысын жүргізу үшін Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан 2018-2020 жылдарға кезең-кезеңімен барлығы 138,2 млн теңге қарастырылып отыр.
Ортағасырлық тарихи орындар қатарындағы Сортөбе қалашығын қайткен күнде де сақтап қалу қажеттілігі туып тұр. Ол Қармақшы ауданының Жосалы кентінен батысқа қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазіргі күні ескерткіш апатты жағдайда. Себебі оның бір бөлігін Сырдария өзенінің суы шайып кеткен. Ескі шаһарға археологиялық зерттеу жүргізудегі басты мақсат – қала жөнінде толық мағлұмат алу. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, кеңес төрағасының орынбасары Мадияр Елеуов мұнда Қорқыт ата туып-өскен болуы әбден мүмкін екенін айтты. Археологтар ол жерден табиғи дайындалған тас та тапқан, одан қобыздың үлгісі айқын көрінеді. Сондай-ақ табылған жәдігерлердің арасында құмыра сынықтары, нан жабуға арналған тандыр пештер мен мыстан жасалған басқа да бұйымдар бар. Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев Қорқыт ата кешеніне жақын орналасуы себепті бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайтынын жеткізді. Сортөбеден табылған заттарды кешен жанындағы музейге қоюды ұсынды.
Ғалымдар, сонымен қатар, археологиялық зерттеу нәтижелері, Жетіасар мәдениет ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік табиғи және мәдени мұралары тізіміне енгізу бағытындағы жұмыстар, аспанмен таласқан қазақ мұнаралары туралы кеңінен мағлұмат берді. Кеңес мүшелері Сырдария өзенінің бойында орналасқан, қазақ тарихында маңызды орын алатын Х-ХІХ ғасырларға тиесілі айрықша сәулеттік 20-дан астам ескерткіш-мұнараның тарихы мен қызметі жайында келер ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында толыққанды зерттеу жүргізуді көздеп отырғанын тілге тиек етті.
Өлкеміздің руханият және мәдениет саласында қаралған өзекті мәселелер Елбасы мақа­ласын жүзеге асыруда аса маңызды. Жиында көтерілген проб­лемалық сұрақтар мен беріл­ген ұсыныстарды жүзеге асыру үшін аймақ басшысы Қ.Көшербаев жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз