АСПАЗ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ…

328

0

Қала орталығында аспаздыққа баулитын «Шеф» студиясы ашылды. Ерекше бизнес түрін қолға алған Іңкәр Әбдірайымованың бұл орталығы тұрғындар назарын аударып үлгерген. Мұнда келушілер шеф-аспаздың сүйемелдеуімен тамақ әзірлеудің құпиясына қанығып, бар қиялын іске асыруға, бойдағы қабілетін көрсетуге мүмкіндік алады. 

– Бізге жаңа форматтағы тың дүниелер қажет. Әрбіріміздің уақытымыз пайдалы өтуі тиіс. Сондықтан осы орталықты ашуды жөн санадым. Бұл – тамақ әзірлеу кезінде ерекше көңіл-күйге бөлейтін орын. Мұнда қонақ ретінде ересектер де, балалар да келе алады. Көбіне шеберлік сабақтары, презентациялар өткізіледі. Үйретуші аспаздың тәжірибесі мол. Ең бастысы, әрбір келушіміз керемет көңіл-күйде тарқасуда. Студия ауаны жағымды. Үйдегі жайлылық, бәрі-бәрі егжей-тегжейлі ойластырылған, – дейді І.Әбдірайымова.

Идея авторы шеберлік сыныптарының келушілерге ыңғайлы уақытта өткізілетінін айтады. Бұған дейін тәжірибелі шеф-аспазбен бірге классикалық тағамдарды, экзотикалық асты дайындап үйренуге бірқатар балабақша бүлдіршіндері де келіпті.

– Аспаздыққа бет бұратындар аз. Бірақ, әлем елдерінің асханасы әлдеқашан бір ізге түскен. Бұл саланың маманы болмасам да, оған бала күнімнен жақын болдым. Кулинарияға қатысты дүниелерді, француздың классикалық кулинариясының негізін салушы аспаз Огюст Эскофьенің кітаптарымен таныстым. Қазір орталықтағы аспаздың дәрісін тыңдау барысында да бұл мамандықтың асқан дәлдікті талап ететінін, ерекше рецепт ойлап табу, тағамды әсемдеу үшін де шығармашылық қабілеттің қажет екендігін аңғарамын. Ең бастысы, келушілердің, соның ішінде балалардың үйренсем, білсем деген қызығушылығына тәнті боламын, – дейді студия басқарушысы.

Қалай десек те, аспаз болу – өнер. Оған еңбек, ынта-ықылас пен шеберлік керек. Үлкен жауапкершілік пен ізденімпаздықты қажет ететін мамандық адам өміріндегі ең маңызды саланың бірі ретінде бағаланады. Ол қазір мәртебелі мамандықтардың да қатарында. Аспаздықты тек оқу арқылы игеріп кету қиын дегенімізбен, адам бойында оған деген бейім, ұмтылыс алға жетелері анық. Іңкәрдің шеберлік курстары да осы аспаздықтың танымалдығын арттыруды көздейді.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ, 

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз