АСТАНА – ТҰҒЫРЫМ, ЕЛБАСЫ – ТІРЕГІМ

81

0

АСТАНА – ТҰҒЫРЫМ, ЕЛБАСЫ – ТІРЕГІМ

Қай елдің болмасын өзінің тағдыры, тарихы болады. Сол тағдыр салған дүниелер өз жаңалығымен тарих беттерінен орын алып жатады. Еліміздің тарихының ықылым заманнан бас­талатынын ескерсек, осы күнге дейін қазақ халқы түрлі тарихи кезеңді бастан өткерді. Сондай кезеңнің бірі ретінде ел астанасының Сарыарқа төсіне қоныстануын айтуға болады. Егемендігімізге қол жеткен кезден бастап еліміз үшін жаңа кезең бас­талды. Елбасы Н.Назарбаев іргеміз берік, тәуелсіздігіміз тұғырлы болу үшін алдына нақты мақсат қойды. Осы оң шешім, айқын мақсат пен міндеттің арқасындаАрқа төрінде әсем Елордамыз бой тіктеді.

Бүгінде ел мақтанышына айналып, әлем назарына іліккен Астанаға 16жыл толуда. Бұл аз ғана уақыт болғанмен, осы жылдардың ішінде еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Қазіргі сәтте алтын әріппен тарих бетіне түскен Астана күнін халқымыз жыл сайын ерекше ықыласпен атап өтеді. Бұл күні республиканың түкпір-түкпірінде түрлі шаралар болып, бас қаланың салтанатын айшықтайды.

Сондай шаралардың бірі Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында «Астана – тұғырым, Елбасы – тірегім» деген атпен аталып өтті. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген толағай табысын, Елбасының ерен ерлігін, көреген саясатын, қазақ елінің әлемдік қауымдастықта алар орнын насихаттау мақсатында өткен конференцияға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Еліміздің өткені мен бүгінін саралаған жиында аймақ басшысы жиылған көпшілікті ең алдымен мерекемен құттықтап, барша қазақстандықтар асыға күтетін бұл күнінің маңыздылығына тоқталды.

«Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып келеді. Астананың тарихы – шындыққа айналған ұлттық ұлы арманның шежіресі. Баршамызға жақсы белгілі, жаңа елорда салу бастамасын алғаш рет осыдан тура 20 жыл бұрын Президент Н.Назарбаев көтерді. Кезінде Еділден айырыл­ған қазақ елі үшін Есілден айырылу қаупі келгенде бұл қа­былданған тарихи шешім болды. Бас қаламыз ең қысқа мерзім ішінде салынып, бүкіл еліміздің қарышты дамуының нышанына, жаһандық сәулет өнеріндегі бірден-бір қайталанбас «ғасыр жобасына” айналды”, – деді.

Шынында да, жаңа ғасырға тарту болған шаһардың сәулетіне ешкім де шек
келтірмесі анық. Заман талабымен үндесіп жатқан әрбір ғимараттың мәні мен мағы­насы
терең. Айта берсең, Астана көркіне баға жетпейді. Бүгінгі күні

Еуразия құрлығының дәл «жүрегінде» орналасқан қаланың XXI ғасырда
халықаралық саясаттағы маңызды орталыққа айналуының өзі Елбасының жүргізген
сарабдал саясатының арқасы. Бейбіт саясат пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз
етіп, діни толеранттыққа қол жеткізген еліміздің бүгінде жеткен жетістіктері
жетерлік. Дамудың жарқын үлгісін көрсете білген сәулетті қаланың тарихын
таразылаған облыс әкімі жиын барысында Сыр елі мен Астананың сабақтастығына,
сондай-ақ, Елбасының бастамасымен өңірімізге серпін берген САРАТС жобасының
қолға алынуына ерекше тоқталып өтті.

«Жаңа Қазақстанның елордасы – Астанамен ұлтымыздың арғы-бергі
тарихындағы бірнеше астаналар мекені болған Сыр өңірінің арасында рухани
сабақтастық, табиғи үндестік бар. Елбасының өңірімізге жасап келе жатқан
қамқорлығы сан қырлы. Соның бірі «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал
теңізінің солтүстік бөлігін сақтау” ғасырлық жобасын жүзеге асыру. Бұл арқылы Арал теңізі қайтадан суға тола түсті.
Әлемдік тарихта жойылып бара жатқан теңізді қалпына келтіру бұрын-соңды болған
емес. Бізді бұған жеткізген Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды
саясаты”, – деп түйін жасаған Қ.Көшербаев
«Мәңгілік ел” идеясы негізінде әлі талай белестерді бағындыратынымызды
айтып, сөзін сабақтады.

Астананың ойдағыдай дамып келе
жатқанының белгілерін оның халқының жедел өсуінен байқауға болады. Зиялы қауым
өкілдері бас қосқан жиында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айтжан
Оразбақов «Тәуелсіздік жылдарындағы Астана қаласының этнодемографиялық ахуалы”
тақырыбында жасаған баяндамасында өз ойын ол осылай жеткізді. Яғни, Елорданы
Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдағаннан кейінгі жаңа астанадағы
демографиялық ахуалдың күрт өзгерген­дігін сөз етті.

«Тәуелсіздік алғанға дейін Астана қаласында 281252 тұрғын болған. Қазіргі
кезде бұл көрсеткіш 825347 адамды құрауда. Қала халқы екі жолмен, бірі табиғи
өсім бойынша, енді бірі миграция арқылы өсіп жатыр. Астанада 1991 жылы 4821
нәресте дүниеге келген. Елорда атанып, саяси, мәдени ортаға айнала бастаған соң
бала туу деңгейі өсіп, 2010 жылы –17313, 2013 жылы – 21861 нәресте, ал 2014
жылдың 3 айында 5581 бала дүниеге келді. Яғни, жаңа астана пайда болғаннан бері
бұл қалада 181446 азамат өмірге келіп отыр. Миграция есебі бойынша 16 жылдың
ішінде Астана қаласы 406744 адамға көбейді”, -деді А.Оразбақов.

Жалпы алғанда, бас қаланың эконо­микалық жағынан өсуі, мәдениет ошағына
айналуы, инфрақұрылымның кеңеюі бұл қалаға жастардың көптеп келуіне, Астананың
жастар қаласына айналуына жол ашуда.

Конференцияда айтылған өзекті тақырыптың бірі жаһандық және қауіпсіздік
мәселелерін шешудегі Елбасының рөлі болды. Бұл туралы тарих ғылымдарының
кандидаты, «Сыр медиа” ЖШС жанындағы ақпараттық талдау орталығының басшысы
Сәулет Сахиев хабарлама жасады. Баяндамашы еліміздің ЕҚЫҰ-ға, Қазақстан Ислам
Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етіп, ЕЭО құруға шешім қабылдаудағы
Елбасының көреген саясатының жемісін
тілге тиек етті. Ал, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан
Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов «Астана және
Ұлттық идея” тақырыбын қозғады. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Білім
және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары
Аманкелді Қашқынбаев «Астана – жасампаздық тұмары” тақырыбында мазмұнды
баяндама жасап, көпшілікке Астана қаласының дамуына үлес қосқан өңірлердің
арасында Сыр елінің алар орны ерекше екендігін баса айтты. Ел тарихын етене
шерткен жиында тарихы терең, тағылымы мол бас қаланың сәулетінен бөлек, қазақ
елінің көшбасшылық саясаты, президенттік басқару жүйесі, көпжақты дипломатиялық
қарым-қатынас, еліміздің әлемдік аренадағы орны ерекше мәнге ие болды.

 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз