Астана әуежайына Назарбаевтың есімін беру – бұл жүйелі шешім

56

0

 Астана әуежайына Назарбаевтың есімін беру - бұл жүйелі шешімАстана әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру бұл жүйелі түрде қабылданған шешім. Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін Астана әуежайына беру туралы Үкімет қаулысына байланысты пікірін білдірген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Кәлетаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Айта кетейік, сенатор Дархан Кәлетаев осыдан біраз жыл бұрын дәл осындай бастама көтерген болатын. «Бұндай идея 2009 жылы баспасөз мәслихаты барысында туған еді. Мінеки, біраз уақыт өткеннен кейін қоғамдық санада сол бастама өз орнын тауып отыр. Бұның өзі осы идеяның өміршеңдігін көрсетеді. Мені Үкіметтің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясын негізге ала отырып, Астана Халықаралық әуежайын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атау туралы қаулы қабылдағаны қанағаттандырады», – деді сенатор. Дархан Кәлетаевтың айтуынша, бұндай идея аяқ астынан туған бастама емес, бұл жалпыәлемдік тәжірибе. Өйткені, мемлекет үшін символдық мәні бар маңызды нысанға сол мемлекетті қалыптастырған ұлы тұлғалардың есімін беру бұрыннан бар тәжірибе.
«Ешкім де бұған дейін еліміздегі ең мықты жоғары оқу орнын «Назарбаев Университет» деп атауға қарсылық білдірген жоқ қой. Керісінше, қазір мектеп бітіруші түлектердің басым бөлігі сонда оқығысы келеді. Естеріңізде болса, Нұрсұлтан Назарбаев осы оқу орнына өзінің есімін беруге келісе отырып, білім мекемесі үшін жауапкершілікті толық өз мойнына алғанын айтқан болатын. Ал бүгінгі жағдайда жаңа, әйтпесе жаңартылған Астана әуежайын Нұрсұлтан Назарбаев есімімен атап отырмыз, бұл өте дұрыс шешім.  Өйткені, елорданың әуе қақпасы мемлекетте жүзеге асып жатқан көліктік-логистикалық құрылымның тартылыс нүктесіне айналуы тиіс. Ал Еуропа мен Қытайдың арасындағы сауда-транзиттік өзегі саналатын бұндай көліктік-логистикалық идеяның авторы да Нұрсұлтан Назарбаев екенін еске салғым келеді», -деп атап өтті Д. Калетаев.
Сонымен қатар, сенатор Джордж Буш атындағы Құрлықаралық әуежайдың бар екенін алға тартты. Оның айтуынша, аталған әуежай қамтып жатқан аумағы және маңызы бойынша АҚШ-тағы екінші үлкен әуежай. 1969 жылы салынған бұл нысанға 1997  жылы Американың 41-і президенті Джордж Буштың есімі берілген.  Ал Үлкен Буш та АҚШ-тың көліктік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға барынша мән берген саясаткер.
«Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат бағдарламасын жариялап, ол жүзеге асырылып жатыр. Соған сәйкес Астана Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік орталық ретінде авиациялық хабқа айналатын болады. Биылғы жылдың өзінде бірқатар ірі шетелдік авиакомпаниялар Астанаға өздерінің рейстерін ашты. Яғни, Астана әуежайы «Нұрлы жол» саясатын дамытудың шұғылалы сәулесі жайылатын орталық болып табылады, ендеше оның Назарбаев есімімен аталуы қисынды әрі символикалық мәнге ие болып отыр» – деді Кәлетаев. Еске сала кетейік, бүгін Астана әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы жарияланған болатын.    
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз