АСТАНА ЖҰРТШЫЛЫҒЫН ҚУАНТҚАН ЖӘРМЕҢКЕ

61

0

АСТАНА ЖҰРТШЫЛЫҒЫН ҚУАНТҚАН ЖӘРМЕҢКЕКүз қашаннан тоқшылық пен молшылықтың мезгілі. Егіс даласында ала жаздай білек түре еңбек еткен егіншілер осы қоңыр күзде еткен бейнетінің зейнетін көріп, рахатқа кенеледі. «Көктемнің бір күні– жылға азық» деп халқымыз бекер айтпаған, тау-тау болып үйілген Сыр салысы– ел несібесі. Күміс дән бітік шығып, алтын астықты қамбаға молынан құйған өңір еңбеккерлері жаз бойғы еңбектерінің нәтижесін астаналықтарға да паш етті.
Өткен сенбіде Астана қаласының орталық алаңында Қызылорда облысының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге өңірдің жеті ауданы мен Қызылорда қаласы және «Байқоңыр» ӘКК» АҚ қатысты. Жылдағы дәстүрмен таң ертесімен басталған сауда бұл жолы да өзіндік сәнімен өрнектелді. Күн қабағы да Сыр елі халқының ашық-жарқын, жайдарлы мінезіндей кеңшілік танытты. Сол күнгі ауа райының жайлы болуын астаналықтар да осылайша қабылдап жатты.
Жәрмеңкеде жалпы құны 112 млн. теңгені құрайтын 590 тонна ауылшаруашылық өнімдері сатылды. Соның ішінде 8,5 тонна қой еті, 28,2 тонна сиыр еті, 10,5 тонна жылқы еті, 2 тонна құс еті, 60 тонна балық, 22 тонна сүт тағамдары, 120 тонна күріш, 82 тонна картоп, 145 тонна көкөніс, 9 тонна жеміс-жидек, 45 тоннадан қауын-қарбыз, барлығы 33 түрлі ауылшаруашылық өнімі ұсынылды.
Шараға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков және Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Ауыл шаруашылық жәрмеңкесін аралап көрген Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов аталған шараның маңызына тоқталып, аймақ басшысына, делегаттарға ризашылығын білдірді.
– Өздеріңізге белгілі, жыл сайын күзде Астана қаласында ел өңірлерінің ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Аталған шарада әр облыс өздерінің ала жаздайғы еңбектерінің нәтижесін, өздеріндегі жаңалықтарды паш еткендей болады. Бұл бір жағынан ел өңірлерін Астанаға жақындату, былайша айтқанда, ауылды қалаға жақындату. Ел өңірлерінің келіп ауылшаруашылық өнімдерін ұсынуы мұндағы халықтың қалтасына да тиімді болып тұр. Біздің базарларда картоп 100 теңгеден сатылып жатса, мұнда 50 теңгеден ұсынылуда, яғни, 50 пайызға төмен, етке келсек, жылқы еті 1600-ден сатылса, жәрмеңкеде ол 1100-ден, ал сиыр еті 800 теңгеден сатылуда. Осы бір-екі мысалдың өзі-ақ аталған шараның астаналықтар қалтасына қаншалықты тиімді екенін көрсетуде. Бұл шараны ұйымдастыру оңай емес, сондықтан Сыр өңірінің басшысы Қырымбек Көшербаевқа, аудан басшыларына, жалпы делегацияға үлкен рахмет. Сыр өңірі жақсы дамып келеді, экономикалық көрсеткіштері керемет. Күріш өндірудегі жетістіктері де айтарлықтай. Бұның алдында үкіметіміздің, Елбасымыздың үлкен қамқорлығы жатыр,– деп түйді сөзін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
Осы орайда аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев та өз пікірімен бөлісті. – Бүгінгі шараның өтуіне ұйытқы болған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке рахмет. Жалпы, бүгінгі жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы өнімдерінің 33 түрі әкелінді. Биыл біздің аймақ күріштен тарихта болмаған рекордтық өнім алды. Яғни, гектарына 49 центнерден өнім алдық. Бүгінгі жәрмеңке астаналықтарға арзан бағада өнім сатып алуға мүмкіндік берді, сонымен бірге біздің делегация еліміздің бас қаласының көрікті жерлерін аралап, Астанамыздың күннен күнге көркейіп келе жатқанын көрді. Осындай мүмкіндік беріп отырған Елбасына алғыс айтамыз», – деді аймақ басшысы.
АСТАНА ЖҰРТШЫЛЫҒЫН ҚУАНТҚАН ЖӘРМЕҢКЕЖәрмеңкеде Аралдың балығы мен Сырдың ақ күрішіне сұраныс өте жоғары болды. Су маржаны мен Сыр маржаны сатылып жатқан сөре маңы түс ауғанша ұзын-сонар кезектен босаған жоқ. Таңдағанына қол жеткізген жұртшылықтың жүздерінен қуаныш сезімін байқамау мүмкін емес еді. Сондай-ақ, ет және сүт өнімдеріне де талғампаз астаналықтардың сұранысы ерекше болды. Әсіресе, бағасы 1100-ден сатылған жылқы еті мен 800-ден сатылған сиыр еті өтімді болды.
Шара барысында астаналықтардың көңіл күйін білу мақсатында бірқатар тұтынушыларды сөзге тартқан едік. Солардың бірі – қала тұрғыны Өнербек Омарәлин өз ойымен былайша бөлісті: – Жәрмеңкеге түсте келдім. Қызылорданың еті дәмді болатынын білемін, сондықтан жылқы мен сиыр етінен сатып алдым. Бағасы да арзан екен, көңілімнен шықты. Осы шараны ұйымдастырушыларға шын жүректен рахметімді айтамын.
«Жәрмеңке өте жақсы ұйымдастырылған. Аралдың балығы өте керемет, Қызылорданың күріші қандай. Өз басым жыл сайын осы жәрмеңкені асыға күтемін. Биыл да таң ертесімен келдім. Өзіме керек-жарағымды түгел алдым. Күннің өзі бүгін ерекше болып тұр, ашық, жылы. Бұл да Сыр елі халқының жайдарман мінезі мен қонақжайлылығын байқатып тұр деп ойлаймын»,– дейді астаналық Нұрсұлу Қасымова.
Жәрмеңкеге облыстың әр ауданы, әр шаруашылығы жан-жақты дайындықпен келгені аңғарылады. Мәселен, бір ғана Қызылорда қаласына қарасты Қосшыңырау ауылдық округіндегі «Шөгірлі» шаруа қожалығының өзі сүт өнімдерінің барлық түрін ала келген. Атап айтқанда, 100 литр қымыз, 100 литр қымыран, 60 кг ірімшік, 50 кг құрт және 75 кг сүзбе тұрғындарға ұсынылған. Қожалық зоотехнигі Қонысбай Жүнісов сауда сәтті болғанын айтты, себебі әкелген өнімдерінің барлығы өтіп кеткен.
Жәрмеңкеге қатысқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков аталған шараның маңызы жөнінде қысқаша айтып өтті. – Бұл үрдіске айналған игілікті шара. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің ұйымдастыруымен еліміздің барлық өңірлері әр апта сайын өз ауылшаруашылық өнімдерін ұсынуда. Бағасы да тұрғындарға тиімді. Бұл елімізде азық-түлік бағасын тұрақты ұстауға өз ықпалын тигізуде,– деді министр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі барысында аймақ өнерпаздары әсем әндерден шашу шашып, астаналықтарды дәстүрлі өнермен сусындатты. Сонымен бірге, жәрмеңкеге жиылғандар халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен, ұлттық өнерімізден және Сыр елінің өткені мен бүгінінен сыр шертетін көрмелерді тамашалады.
Айнұр БАТТАЛОВА.
Астана қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз