АСТАНАҒА, ЭКСПО-ға!

68

0

АСТАНАҒА, ЭКСПО-ға!Төрткүл дүние көз тіккен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін жерлестеріміз тамашалауға аттанды. Жолаушыларды Қызылорда қаласының теміржол вокзалынан туыстары мен ұжымдастары салтанатты түрде шығарып салды.
Әлемдік деңгейдегі ауқымды шараға қатысуға мүмкіндік алған 37 қызылордалық тұрғын арасында «Қызылорда тазалығы» мен «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мамандары бар. Шығарып салу салтанатына арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Нұрлан Мақсұтов олардың сапарларына сәттілік тіледі.
– ЭКСПО-2017 – барша қазақстандықтар асыға күтіп жүрген маңызды шара. Беделді шараға 100-ден астам ел мен 20-ға тарта түрлі бағыттағы халықаралық ұйым мүшелері қатысуға ниет білдірген. Жаһандық көрмеге қызылордалықтар да дайындық жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Оны тамашалауға мүмкіндік алған жандарға ақжол тілеймін, – деді қала әкімінің орынбасары.
Жолаушылардың бірі – «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының инженер-химигі Нәзипа Боранбаева ел тарихындағы айтулы оқиғаға куә болуға жағдай жасаған мекеме басшылығына өз алғысын жеткізді. Ал «ЭКСПО-2017» ақпараттық ресурстық орталығының басшысы Жандос Түсмағамбетов жоғары дәрежеде өтетін шараны жауапкершілікпен өткізу – зор құрмет екенін, оған өз үлесіңді қосу үлкен мәртебе екенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін қала әкімдігі мен «ТрансТурСервис-Қызылорда» жолаушылар компаниясы арасында тасымалдау мақсатында арнайы келіссөз жасалған еді. Нәтижесінде көрменің өту мерзімі кезеңдерінде облыс орталығынан күнделікті үлкен сыйымдылықтағы 4 автобус пен «Қызылорда-Петропавл», «Қызылорда-Көкшетау» және «Тальго» жүрдек пойыздары қатынайды деп жос¬парлануда. Көрмеге өңірден тәулігіне 150-ге жуық жолаушылар барады деп жоспарлануда.
            
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ. Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз