АСТАНАДАН ЖЕТКЕН АМАНАТ

537

0

  АСТАНАДАН ЖЕТКЕН АМАНАТ«Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына қолым ілініп қызметке келгенде алғаш танысқан жүзі жылы ағаларымның бірі Жанат Елшібеков болды. Жаңалық, спорт және туризм бөлімін басқарады екен әрі осындағы кәсіподақ комитетінің төрағасы. Пәтер кезегін реттеп отырады. Қалың етіп түптеліп, нөмірленіп, жіппен тігілген журналдың ішіндегі тізімге мені де енгізді. «Құдай қаласа, аздап шыдай тұрсаң, тым болмағанда бір бөлме алып қаларсың. Ауыс-түйіс болып жатады ғой», – деп қоңыр әйнекті көзілдірігінің ар жағынан мейірімді жанарларын маған бұрып, әнтек жымиып қойды.
Ал бұл кісі ол кезге дейін «Сен білесің бе?», «Зерек», «Мың бір қызық», «Таным» атты ғажайып сырларға толы кітаптары жарық көрген Қазақстандағы бірегей журналист болатын. Қазіргі «Жас Алаштың» қалың ел ынтыға күтетін «Газет ішіндегі кітапханасы» айдарымен жарияланған қалам иелерінің бірінен саналады. Орайы келгенде Жәкеңнің «Табиғат-тылсым» атты үздік әңгімелер топтамасының 2002 жылы үш ай бойы үзбестен осы  газетте үздіксіз жарық көргенін атап айтқан жөн. Оның алабөтен еңбекқорлығы, елден ерекше ізденімпаздығы кезінде күллі кеңес одағына «Клуб путешествеников» телехабарын жүргізу арқылы танымал болған атақты жиһанкез, әскери дәрігер Юрий Сенкевичтің, табиғат білгірі жазушы-натуралист Максим Зверевтің сан қырлы талантымен, қайтпас қайсарлығымен әдемі үндесіп жатқандай көрінеді. 
Жанат Елшібек – Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының үш мәрте иегері атанған дарабоз. Бұған тағы да Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттығын қосыңыз. Жәкең оннан астам публицистикалық, танымдық-деректі, әдеби-көркем кітаптардың авторы. Оның айтулы «Қош бол, теңіз…» повесі республикалық «Жалын” баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесінде жүлде алған. «Білім және еңбек» («Зерде») журналының лауреаты (1978 жыл). 1984 жылы осы журналда оның еліміздегі тұңғыш алып сөзжұмбағы шықса, келесі бір алғашқы алып сканворды 2000 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.
Оның өзгеше стильдегі қара сөзбен кестеленген көркем дүниелері: көп жылғы публицистикалық мақалалар топтамасы, эсселері, танымдық очерктері, репортаждары, әдеби суреттемелері қазақ елі баспаларынан шығатын алпыстан астам жинақтарға, газет-журналдарға берілген. Ол кейінгі кезде ұлтымызды иманға ұйытар имандылық пен ізгілік жолына түсіп, 2010 жылы Сауд Арабиясына сапар шекті, осы сапар нәтижесінде қазақ оқырманына «Әлем көз тіккен Мекке» сафари-хикаятын ұсынды. Бұл еңбек келесі жылы көп ұзатпастан «Жұлдыз» журналының екі санында қатар жарық көрді. Сондай-ақ «Қазақстанның құрметті журналисі», «ҚР Мәдениет қайраткері», Кемел Тоқаев атындағы журналистік сыйлықтың иегері. «Құрмет» орденімен, Тәуелсіздік және Астанаға-10 жыл мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, Баспасөз министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталуы – Жанат ағамыздың күллі қазақ баспасөзіне сіңірген ерекше еңбегінің айқын көрінісі…
Тағы да өткен күндер еске түседі. «Социалистік Қазақстан» газетінде жүрген кезімде Жәкеңнің Сыр еліне күйеу екендігін (үйіндегі зайыбы Жалағаш жақтың қызы болатын) құлағым шалып қалып, аз-кем еркелейтін кездерім де болған. Ондайда жезделіктен басын ала қашып: «Сен одан да бір жақсы көлемді көркем мақала жазып әкелсейші біздің бөлімге, мен қатырып тұрып берейін етжеңді нөмірге» – деп арқамнан қағып тауып кететін. Мен кейде қазақ елі жайлы әңгіме арасында Жанат аға басқаратын бөлімнің ыңғайына қарап, жалындаған жастық қызумен: 
– Жәке, Қазақстанда көзге түсер қаракөз спортшыларымыз неге саусақпен санарлықтай? Осыны жазсам қайтеді? – деймін іштей ширыға түсіп. 
– Жайлап ізденіп көрсейші, – дейді ол кісі бетіме ұзақ толғана қарап. Сөйтіп жүргенде Алматыға 1986-ның қаһарлы желтоқсаны келді, қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып. Бұл тақырып осылайша жайына қалды. «Бүйтіп ұлтымды жамандап, күнде жанымды жегенше, қызметтен кеткенім артық!» деп биік мансапқа қолды бір күнде бір-ақ сілтеген сол кездегі министр дәргейіне пара-пар дәрежедегі арыстандай айбатты редактор, жоғарғы кеңестің депутаты, қайсар қайраткер, ақсүйек тұлға Балғабек Қыдырбекұлының  көктен жерге құлдилаған ата қырандай шаңқ етіп, шарасыз шамырқанатын кезі осы тұс. Біздер, осы жоғарыда айтылған баршамыз және ішінде өзім де бар,  қаншалықты қатал болса да аз-мұз талантымды танып қалып, маған әкелік мейірмен қараған Балғабек ағаның шекпенінен шыққан едік. Сол үлкен ұжымның алғы шебінде бүгін ақсақалдық межеге ат шалдырып отырған Жанат Елшібек те жасындай жарқылдап жүрген еді…
2017 жылғы сәуірдің орта шенінде ағаға бірді-екілі қоңырау шалдым.
– Біздікі «шалский» өмір ғой (әзілдегені), үйде жатқан. Анда-санда қара шаңырағымыз – «Егемен Қазақстанға» соғып тұрам. Жігіттер маған арнап мерейтойлық альбом дайындап жатыр екен. Өзіңде не жаңалық? Қызылорда қалай? – деді бірінде. Сыр еліне деген етене іңкәрлығын дауыс сарынынан байқап тұрмын.
– Жол түспей жүр, барып қайтсам, елді, жерді араласам деп едім, – дейді сосын.
– Алматыдамын, ертеңдері Талдықорған жаққа қарай жүрем. Ел ішіндегі тойларға қатысып, ағайын-жұртқа сәлем беріп қайтпақпын, – деді тағы бірінде  мұңайыңқырап.
– Орталық басылымдар не қарекет қылып жатыр, басшы інілеріңізбен хабарластыңыз ба? –  деймін мен жөпелдемелетіп. 
– Ағаларының мерейтойын өткізу жағын өздері билеп-төстеп жатыр екен. Оған мың да бір рахмет! Менікі тек хабар алу ғана. Айтпақшы, «Сыр бойы» газетіне жігіттер мақала беретін болды ма? Сен сол мақалаға арнау өлеңіңді «врезка» ғып берсең қайтеді? – дейді ол алабөтен аңсармен. Бейне бір Сыр елінде шыр етіп дүниеге келіп, ат жалын тартып мініп жыл сайын туған жеріне емірене келіп жүретін өз перзентіндей. Әдетте, атақты ақын-жазушылар, көрнекті көсемсөзші журналистер белгілі бір мерейтойлар орайында тек Астана, Алматы төңірегін шиырлап немесе өз облысына ғана арнайы сапарлап келіп жатады. Осы жолы Жанат Орынбайұлы шығармашылық зиялы қауымның арасында сан жылдардан бері қалыптасып қалған осы сірескен сеңдей қасаң қалып-шаблонды бұзып отыр. Бұл тек қазақ журналистикасының мэтрі Жанат Елшібекке ғана құп жарасар бекзат қимыл, үлгілі үрдіс, әсем әдеп дер едім. 
Сіз жетпіс жылдығыңызда өзіңіз ынтыққан Сыр еліне сәлем жолдадыңыз, ал мен болсам тек қана сіздің аманатыңызды орындадым.
Бақытжан  АБЫЗОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз