Ғасырлар құпиясын бүккен СЫҒАНАҚ

256

0

Ғасырлар құпиясын бүккен СЫҒАНАҚСығанақ қалашығы туралы мәліметтерді ақтарып, тарихтан бірқатар сыр шертсек, бұл қала Тянь-Шань тауы мен Сырдарияның төменгі ағысына қарай керуен жолындағы ірі сауда және өндіріс орталығы болған. Заманында ертедегі алыстан күнмен шағылысып көз жауын алатын көркем қала атанған Сығанақ уақыт өте құм басқан қалаға айналды.
Сығанақ қаласы Сунақата ауылының іргесінде жатыр. ХІV ғасырда күшті саяси бірлестік Ақорданың астанасы болған. Сығанақ орнынан жиналған 1950 жылдардағы керамика деректері қала өмірін X-XVIII ғасырларға жетелеп, осы кезеңдерде гүлдене дамығанын археологиялық зерттеу тұрғысынан тұжырымдайды. Мұнда тек беткі қабаттары бойынша қала мәдениеті сипатталса, соңғы жылдардағы Рабаттағы қималық жұмыстарының нәтижесінің деректері XII-XVІІІ ғасырларға мерзімдейді.
Сондай-ақ, Сығанақ шежіреге бай қала болған. Махмұт Қашқари «Түрік сөздіктерінің жинағы» атты еңбегінде «Сугнак – оғыздар еліндегі қала» десе, ал Әбілғазының жазбаларында «Қақпалы, қуатты дуалдармен қоршалып, ішінде сауда үйлері, керуен сарайлары және басқа да қоғамдық құрылыстары бар қала үйлері орналасқан» деген дерек кездеседі.
Сығанақ өлкемізде өмір сүрген көптеген халықтар мен тайпалардың шежірелік көмбесін сақтап отыр. 1899 жылы Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі В.Каллаур қаланы жобалау мақсатында барлаушылық зерттеу жұмысын жүргізеді. Кейін берген ақпарында ол бекініс қабырғаларының сыртындағы құрылыс қалдықтарын «қоршалған сарай қатарларын, керуен қабырғалары жартылай тұрғандығын, оның саздан сызылғандары да бар екенін» атап көрсетеді.
В.Каллаур өзінің жазбаларында Сығанақтың өсіп-өркендеген қала болғанын, онда сунақтар тұрғанын жазады. Аумағы мың, биіктігі 15-16 метр болатын биік қорғандар болған. Олардың біразы құлап, бүлінген. И.Кастанье 1906-1907 жылдары Сыр бойындағы өсімдіктер жайлы зерттеген кезінде Сығанақ қаласында болғанын айтады. 1867 жылы П.И.Лерх Сығанақтың құлазындысына көңіл аударған. Ескерткішті 1907 жылы И.А.Кастанье, 1927 жылы А.Ю.Якубовский, 1947 жылы ОҚАЭ, ХХ ғасырдың 70-жылдары ОҚКАЭ-ның палеоэтнографиялық тобы зерттеген. 2003 жылы ХҚТУ-дың археология және этнография кафедрасының археологиялық экспедициясы кешенді қазба жұмыстарын бастады.
2003 жылы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары қалашыққа тұрақты археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде қалашыққа кіретін оңтүстік-шығыс қақпасы ашылып, 19 нысанда қазба жұмыстары жүргізілді. Қаланы қоршаған қорғаныс құрылысының биіктігі кей жерлерде 6-7 метрді құрайды. Бұрыштарында мұнараның қалдықтары сақталған. Цитаделдің жалпы жоспары бесбұрыш формалы болып келеді. Қалашықтың қорғалу аймағы 309 гектарды құрайды.
Соңғы жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде ортағасырлық Сығанақ қаласына қатысты жаңа деректер мен тың мәліметтер анықталды. 2014 жылы жүргізілген қазба жұмыстарының мақсаты – ортағасырлық Сығанақ қаласының солтүстік қақпасын ашу болды.
Сонымен қатар қақпаның сол жақ бөлігін анықтау мақсатында екінші қазба салынды. Сығанақ қаласының солтүстік қақпасы кезінде қала үшін өте маңызды қызмет атқарғаны анықталды. Себебі, бұл қақпа қаланың орталық алаңымен тікелей байланысты. Ал, орталық алаң қаланың негізгі сауда орталығы болғаны анық. Сондай-ақ, осы қақпа арқылы қаланың әкімшілік бөлігіне өтетін жол болған. Қақпаның жоғарғы қабатынан табылған керамикалық бұйымдарына қарағанда соңғы қызмет жасаған кезеңі XVI-XVII ғасырларға жатады. Жалпы алғанда, қақпаның төрт құрылыс кезеңдері анықталды. Ең төменгі (ерте) құрылыс қабатында табылған жәдігерлер Алтын Орда дәуіріне жатады. Екінші құрылыс қабаты Әмір Темір, ал үшінші қабат Ақ Орда мен Қазақ хандығы дәуірлеріне жататындығы анықталды.
Осыдан 2 жыл бұрын Сығанақ қаласының солтүстік-шығыс қақпасына, яғни 2011-2013 жылдары басталған қазба кеңейтіліп жалғастырылды. Сығанақтың қорғаныс жүйесі көршілес орналасқан ортағасырлық Отырар, Сауран және Түркістан қалаларының қорғаныс жүйесіне қарағанда өзгеше ерешеліктері бар екендігі анықталды. Былтыр қалашықтағы зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, солтүстік-шығыс қақпасының аумағында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Археологиялық зерттеулермен қатар, қалашықтағы мешітті және қақпасын сол қалпында сақтап қалу мақсатында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жүргізіліп жатқан шаралардың мақсаты – қалашықты туристік нысан ретінде қалыптастыру және нысанды әлемдік деңгейде насихаттау.
Бұл жұмыстарды үйлестірген облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі – Сырдың төл мәдени мұраларының жанашыры. Келешекте қаланы ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жоспарланып отырғандықтын, әрбір құрылыс кезеңінің бір бөлігі сол қалпында қалдырылған.
 
Зухра СЫЗДЫҚОВА,
облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау
жөніндегі мекеменің ғылыми қызметкері.
 
 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз