АТАМЕКЕН АУЫЛЫНДАҒЫ АЙТУЛЫ ШАРА

73

0

АТАМЕКЕН АУЫЛЫНДАҒЫ АЙТУЛЫ ШАРА«Атамекен” отбасылық үлгідегі балалар ауылында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалықтың мініп кемесін, бақытқа қарай жүземіз” атты мерекелік шара өтті. Шара барысында сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев барлық қатысушыларды құттықтап, айтулы мерекенің маңыздылығына тоқталды.

 – Ел болып әрқашанда халқымыздың асыл арманы мен үкілі үмітін іске асыратын өскелең ұрпақтың жағдайына ерекше мән береміз. Біз осыдан бір жыл бұрын облысымызда республика бойынша бірінші болып «балалар үйі” деген түсінікті түбегейлі жойып, «Атамекен” отбасылық үлгідегі балалар ауылын ашқан болатынбыз. Себебі, қоғамға, болашақ өмірге жақсы икемделуге, отбасылық жағдайда балалардың дамуына жағдай жасағанда ғана толыққанды азаматтарымызды тәрбиелейтінімізге көзіміз жетті. Барлық балаларды айтулы мерекемен құттықтаймын. Сонымен қатар, болашақта ел тізгінін қолға алып, асыл арманын іске асыратын азамат болып өсулеріңізге шын жүректен тілектеспіз. Біздер болашақ ұрпақ үшін жауаптымыз. Баршаңызға тілерім, болашақтарыңыз жарқын болсын, алға қойған мақсаттарыңызға жетіңіздер, – деді облыс басшысы.

Мереке қарсаңында балалар «Балдәурен” кемесімен «Атамекен” ауылында орналасқан шытырман аралдарға саяхат жасады. Белсенді балалар әр аралға бөлініп, өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, олар «Атамекен”  отбасылық үлгідегі балалар ауылынан түлеп ұшқан және белсенділігімен көзге түскен жастардың жетістіктерімен бөлісіп, оларды өздеріне үлгі тұтатынын жеткізді. Шара барысында балалар патриоттық әндер шырқап, әр ұлттың биін биледі. Балаларға тұрақты демеушілік жасап жүрген бірқатар жергілікті кәсіпкерлер мереке қарсаңында тұрмыстық заттар мен естелік сыйлықтар әкеліп, балаларға тағы да қуаныш сыйлады. «Атамекен” балалар ауылының тәрбиеленушілері атынан Медет Дәлі облыс әкімі мен демеушілерге ерекше алғысын білдірді.

Ал «Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының жұмыскерлері қорғаншылықты рәсімдеу, жәрдемақы мен зейнетақы рәсімдеу сияқты әлеуметтік маңызды қызметтерді көрсету бойынша кеңес берді. Сондай-ақ олар, мұндағы әрбір отбасына тұрмыстық техникалар сыйға тартты.

Бүгінде осы құрылым азаматтарға 530 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Олардың ішінде зейнетақы төлемдері, 18 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақылар тағайындау сияқты әлеуметтік маңызды төлемдер бар. Мереке қарсаңында сала мамандары мұндағы бірқатар азаматтарға жеке куәліктерін табыстады.

 

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз