Ақтөбеліктер алғысы

57

0

Құрметті Қырымбек Елеуұлы!
Қадірменді қызылордалықтар!
Биылғы көктемдегі су тасқыны салдары Ақтөбе қаласының тұрғындарына да біраз қиындықтар тудырғаны еліміздің күллі жұртшылығын алаңдатқанын жақсы білеміз. Жергілікті билік сол күндерде тұрғынжайларын су басып кеткен, баспаналары тұруға жарамсыз болып қалған отбасыларымен бірге болып, олардың бастарына түскен ауырлықтарды бірге көтерісті, мүмкіндігінше жағдайларын жасады. Бірде-бір адам назардан тыс қалған жоқ.
Осындай сәттерде алыстағы ағайынның да жанашырлық танытып, көмек қолын созып жатқаны біздің мерейімізді өсірді, мәртебемізді асырды. Алғашқылардың қатарында қашаннан іргеміз ажырамаған, дәм-тұзымыз бөлінбеген Сыр елінің азаматтары қимыл көрсеткеніне бір ерекше ризашылық сезімімізді білдіреміз.     
Ұлы жолдың бойымен 8 көлікке тиелген 60 тонна азық-түлік пен киім-кешек жеткізілуі көңілдерін кіреуке басқан, жаны жабырқаулы адамдарға ерекше күш берді, олардың жүрегін жылытты. Олар өздерінің тағдырына алаңдап отырған дос көңілді, адал ниетті жандар бар екендігін сезінді.
Елдің елдігі осындай сәтте көрінсе керек. «Ағайын қуанышта да бір, қайғыда да бір» дейді қазақта.
Сіздерге ақтөбеліктердің шын көңілден шыққан алғысын жеткіземіз. Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Бейбіт күндегі еңбектеріңіз баянды, жұмыстарыңыз жемісті болсын! 
   Құрметпен,  Ақтөбе облысының әкімі
Б. САПАРБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз