АУДАНДАРДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ МҮМКІНДІГІ АРТУДА

79

0

АУДАНДАРДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ МҮМКІНДІГІ АРТУДАСейсенбіде облыстық денсаулық сақтау басқар­масының ұйымдастыруымен аудандағы дәрігерлерік қызмет барысын жан-жақты таныстыруға арналған баспасөз туры өтті.

Шара аясында тілшілер қауымы алдымен Қармақшы аудандық емханасындағы жүкті әйелдерге арналған «жасыл дәліз» жұмысымен танысты.

Ана мен бала өлім-жітімінің жолын кесу, жүкті әйелдерге сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуді дамыту, олардың арасында кезек күту мәселесін болдырмау мақсатында арнайы ұйымдастырылған «жасыл дәліз» және жүкті әйелдерді тіркеу бөлімі бүгінде облыс орталығындағы емдеу-алдын алу ұйымдарында ғана емес, сонымен бірге аудан орталықтарындағы медициналық мекемелерде де жолға қойылған. Оны Қармақшы аудандық емханасына барған жұмыс сапарымызда байқадық.

– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2012 жылғы «акушерлік-гинекологиялық көмек көрсететін ұйымдардың қызметі туралы» бұйрығы негізінде жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмекті тиімді ұйымдастыру, ана мен бала өлімінің алдын алу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен «жасыл дәліз» және жүкті әйелдерді тіркеу бөлімі ұйымдастырылды. Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап ашылған «жасыл дәліз» жұмысы бүгінде жолға қойылған. Емханаға келген жүкті әйел алдымен жүкті әйелдерді тіркеу бөліміне барады. Әйел ол жерде құжаты бойынша тіркеуге алынады, әйелге арналып жеке карта ашылады. Сонымен болашақ ана жасыл сызбамен көрсетілген бағыт бойынша жүріп отырып мамандарға барады. «Жасыл дәліз» жұмысы ашылған күннен бері 65 болашақ ана тіркелді– дейді аудандық емхана бас дәрігерінің орынбасары Сақып Кенжебаева.

Ауданда туберкулезбен аурушаңдық деңгейі бірқалыпты болса, жүрек-қан тамырлары ауруларының аурушаңдығы, онкология өткен жылмен салыстырғанда төмен деңгейде. Кезекте тұру мәселесін болдырмау мақсатында, жоғарыда айтып өткеніміздей, жүкті әйелдерге арналған, балаларға, ересектерге және диспансерлік науқастарға арналған бөлек тіркеу бөлімдері жұмыс жасайды. «Осының нәтижесінде емханада кезек күту мәселесі шешімін тапты», – дейді аудандық емхана бас дәрігері Жайлыбай Құдайбергенов. Бас дәрігердің айтуынша, аудандық емханаға балалар хирургі, акушер-гинеколог мамандары жетіспейді, сондай-ақ, логопед мамандарын тарту қажеттілігі де өзекті болып отыр.

Қазалы теміржол ауруханасының қызметі аудан халқына жақсы таныс. Ағымдағы жылдың ақпан айында аурухана базасынан нейроинсульт орталығының ашылуы тек қазалылықтарға ғана емес, сонымен бірге Қармақшы, Арал тұрғындары үшін де мол мүмкіндік болып отыр.

Баспасөз туры барысында тілшілер қауымы танысқан тағы бір емдеу-алдын алу мекемесінің бірі осы – Қазалы теміржол ауруханасында ашылған нейроинсульт орталығы болды.

Нейроинсульт орталығы 20 төсек-орынға арналған. Оның ішінде 4 төсек қарқынды емдеу бөлімі болса, 10-ы инсульт бөліміне арналған, тағы 10 төсек – нейрореабилитация. Орталықтың басты мақсаты бөлімшеге келген науқастарға жоғары дәрежелі медициналық көмек көрсету, диагноздарын анықтап, стандарттарға сәйкес сапалы ем жасау болып табылады. Орталық дәрігерлермен, мейірбикелермен және кіші буын медицина қызметкерлерімен толық қамтамасыз етілген. Яғни, онда бас-аяғы 15 қызметкер еңбек етсе, оның ішінде 8 дәрігер науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде.

– Орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мәселен, тәуліктік мониторинг аппараттар, тыныс алу құралдары, электроотсос, дефибриллятор, электрокардиограф құрылғылары жұмыстың өз деңгейінде жүріп, науқас жағдайының жақсаруында үлкен маңызға ие. Облыстық медицина орталығынан кейін тек біздің орталықта ғана бар КТ,УЗИ аппараттары тәулік бойы жұмыс жасайды. Сонымен бірге науқастың сауығып кетуіне мол мүмкіндік беретін жаттығу залы, физиотерапиялық кабинетіміз қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған, – дейді нейроинсульттік бөлімінің меңгерушісі Дастан Аманбай.

– Инсульттің геморрагиялық және ишемиялық түрлері бар. Ишемиялық инсульт алған жағдайда науқас үш сағат ішінде ауруханаға келіп үлгерсе, онда оны құтқарып қалу мүмкіндігіміз мол. Яғни, медикаментозды реперфузионды терапия жүргізіледі. Былайша айтқанда, дәрі егу арқылы науқастың тартылған аяқ-қолын, қисайған бет-ауызын қалыпқа келтіруге болады. Ал, басына қан құйылған жағдайда оның қаншалықты көлемде екені анықталған соң ота жасалады,–дейді орталық меңгерушісі Дастан Аманбай.

Орталық жұмысымен танысу барысында
ишемиялық инсультпен түскен қазалылық Мейрамкүл Рүстемовамен әңгімелесудің сәті
түсті. Елу жастағы Мейрамкүл ағымдағы жылдың 13 шілдесінде ауыр жағдайда
ауруханаға жеткізілген. Дер уақытында келгендіктен мамандардың көмегі арқасында
аман қалған.

– Ауруханаға ес-түссіз түстім.
Бет-ауызым қисайып, аяқ-қолым жансызданып қалған. Осында келген соң дәрігерлер
укол салды, әуелі Алланың, онан соң
дәрігерлердің арқасында қазір жағдайым қалыпқа түсті. Сал болып жатып қаламын
ба деген қорқынышта болдым. Бүгінде, міне, өздеріңіз көріп отырғандай, сөйлеп
отырмын, аяқ-қолымды қозғалта аламын,– деп Мейрамкүл апа қуаныштан көзіне жас
алды.

Құбыл Ршымбетов басшылық жасайтын
Қазалы теміржол ауруханасы базасынан ашылған Қазалы, Арал, Қармақшы
аудандарының тұрғындарын қамтитын бұл орталықтан ағымдағы жылдың алты айында
240-қа жуық науқас емделіп шыққан.

Айнұр
БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз