АУДАННЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

109

0

Бүгінгі уақыт талабы жоғары. Уақыт көші тек ілесуді ғана мақсат тұтқанды емес, жаңалықтарымен, ізденістерімен алға ұмтылғандарды шығарады. Бүгінде Сырдария ауданының әлеуметтік-эко­номикалық және мәдени салалары қарқынды даму үстінде. Осы орайда, ағымдағы жылдың он айында атқарылған жұмыстар жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Ғанибек Қазантаев айтып берді.
Биыл аудан экономикасына 40 млрд 163 млн теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда үш есеге ұлғайған.
Ауданда 2091 шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында 5784 адам жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 20,4 пайызға өскен.
– «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағытына сәйкес 205 адам техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтылған. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша облыстық «Ауыл шаруашылығы қолдау қоры» АҚ-дан 51 азамат 211 млн теңге, «Аграрлық несие  корпорациясынан» 11 адам 107,5 млн теңге, «Өңірлік  инвестициялық орта­лығынан» 5 ауыл шаруашылығы өндірістік коо­пе­ративі 76 млн теңге несие алып, өз жұмыс­тарын жүргізуде. Оның ішінде үш ауыл шаруашылығы кооперативі несие  алу үшін кепілдігінің 20 пайызын өзі қамтыса, 80 пайызы  мемлекет тарапынан кепілдендірілді. Барлығы 394,5 млн теңгенің 67 жобасы қаржыландырылып, жаңа 169 жұмыс орны ашылды, – деді аудан әкімі.
Кәсіпкерлікке көмек ретінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының субсидиялау тетігі бойынша құны 70,5 млн теңгенің үш жобасы қаржыландырылған. Сондай-ақ, осы бағдарламаның грант тетігі бойынша облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы ұйымдастырған  конкурсқа 62,3 млн теңгенің 39 жобасы ұсынылып, оның 13,9 млн теңгені құрайтын 19 жобасы қаржыландырылған.
«50 ауыл» бағдарламасы бойынша «Ауыл­шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан «Ақжарма инвест», «Ақжарма Ынтымақ» және «Жыңғылдыкөл»  өндірістік кооперативтері несие алып, мүйізді ірі қара малдарын сатып алды. Ал, «Даму аймақтар» бағдарламасымен «Ақжарма 2» шаруа қожалығы 25 млн теңге қаржыға қол жеткізген. Аудан бойынша 39 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде 341 адам жұмыс істейді.
«Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары арқылы ауданның шаруашылық құрылымдары 82,7 млн теңгеге 447 мал басын сатып алды. Алдағы жылы «Ыссамадин» шаруа қожалығының жетекшісі Жандарбек Нұрымбетов Иран мемлекетінің Гүлістан және Мазандаран провинцияларына ет, күріш өнімдерін экспорттау бағытында жұмыстарын бастайды. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған үкіметтік және өңірлік бағдарламалар арқылы 716 млн теңгенің 65 жобасы іске қосылған.
Биыл жоспар бойынша 802 жаңа жұмыс орны ашылуға тиіс болса, оның 705-і ашылған. Жыл аяғына дейін 97 жаңа жұмыс орны қосылатын болады. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін түсіріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізбекші.
Ауыл еңбеккерлері жылды табыс­ты қоры­тындылады. Олар 32616 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның ішінде, 20 819 гектар күріштен әр гектарынан 55 центнер өнім алды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,3 есеге артты. Оның нақты көрінісі – Тереңөзек кентінде 5 үш бөлмелі және 5 екі бөлмелі үйлердің құрылыстары жүргізілуде. Жаңа 10 үй желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Шіркейлі ауылындағы жаңа шағын аудан инфрақұрылымының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
2016-2017 жыл аралығында 2700 бала бала­бақшамен қамтылып, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайызға орындалды. Бүгінде ауданда үш ауысыммен оқитын, апаттық жағдайдағы мектептер мүлдем жоқ және орын жетіспеушілік мәселесі толық шешілген.
Аудан тұрғындарының әлеуметтік-эконо­микалық жағдайын жақсарту мен қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында 2013 жылы барлық елді мекенде облыс әкімінің қолдауымен құрылған Қоғамдық кеңестер ұрпақ тәрбиесі, ауызбірлік пен татулықты, тазалықты сақтауда бүгінгі күні табысты еңбек етуде.
Жуырда аудандағы орталық саябақта «Сырдария ауданының құрметті азаматтары» аллеясы қайта жаңғыртылып, ауданның өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген аға буынға арналған музейде «Еңбек даңқы» залы ашылды. Бұл ұрпақтар сабақтастығына орай рухани-мәдени жаңғыруға қызмет ететін болады.
– Біздің ең басты мақсатымыз барлық әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындап, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау болып табылады. Мұның бәрі экономиканың қуатын еселеп, халықтың табысын арттырып, өмір сүру деңгейін көтеруді көздейтін негізгі бағыттар, – деді Ғанибек Қонысбекұлы.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз