АУЫЛДАН ЖЕТКЕН АРЗАН ӨНІМ

56

0

АУЫЛДАН ЖЕТКЕН АРЗАН ӨНІМҚазақ қоңыр күзді
қашаннан молшылық мезгілі санайды. Өйткені, сонау ерте
көктемнен бері егіс алқабында аянбай тер төккен ауылдағы ағайынның
бейнетінің зейнетін көретін тұсы осы. Тамыз айының соңғы жексенбісінен бастап
облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты түрде
өткізілуде. Өткен жексенбі күні де облыс орталығында молшылық мерекесі өтті.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жәрмеңкелерді
аралап көрді.

 

Бұл жолы жәрмеңке көрігін Арал, Қазалы, Қармақшы және
Жалағаш аудандары қыздырды. Жәрмеңкеге барлығы 2 мың тоннаға жуық
ауылшаруашылығы өнімдері әкелінді. Аймақ басшысы алдымен «Сәулет» шағын
ауданындағы Қармақшы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне ат басын
бұрды. Таңертеңгілік басталған сауда бұл кезде қызып жатқан. Қала тұрғындары
қажетті азық-түлігі мен бау-бақша өнімдерін керегінше алып, көңілдері тоғайып
қалды. Қармақшы аудан­дық ауыл шаруашылығы
бөлімінің басшысы Ерлан Бисенбаевтың айтуынша, жәрмеңкеге 10 млн 431 мың теңгенің өнімі әкелінген. Атап
айтсақ, 13 тонна күріш, 7 тонна күріш қалдығы мен 3 тонна бидай, 500 литр
шұбат, 30 тоннадай қауын-қарбыз бен 2,4 тонна балық саудаға шығарылды. Ең
бастысы, ауылдағы ағайын өз өнімдерін қала жұртшылығына ықыласпен ұсынды. Өзін
Нұрғазы Әйтілесов деп таныстырған қала тұрғыны Қармақшы ауданының жәрмеңкесін
күтетінін, қыстық қорын осы жәрмеңкеден сайлап алатынын жеткізді.

Жалпы осы аудан­дағы егін мен бақша дақылдарын егетін
12 ауыл­дық округтен бұл жолы 27 автокөлікпен ақталған күріш, бидай, бақша дақылдарынан қауын мен қарбыз, жуа мен картоп, шұбат пен ет, уақ малдан қой
және бума шөбі саудаға шығарылды. Айта кетейік, ақталған күріш қала базарлары
мен сауда орталықтарында 185-200 теңгеден сатылып жатса, жәрмеңкеде оның келісі
150 теңгеден болды. Картоп пен жуа да базар нарқынан арзан саудаланды.

Мұнан соң аймақ басшысы Қ.Көшербаев Әйтеке би көшесінде
орналасқан Қазалы ауданының жәрмеңкесінде болды. Мұнда азық-түлік өнімдерімен
қатар, «РЗА» АҚ-ның сүт өнімдері және көпшілікке танымал Қазалының кәмпиті
халыққа тиімді бағамен ұсынылды.

Келесі кезекте облыс басшысы Ақмешіт шағын ауданындағы
Жалағаш ауданының жәрмеңкесімен танысты. Жалағаштықтар бұл жәрмеңкеге 1084
тонна өнім әкеліпті. Мұнда сиыр етінің келісі –1000, ақталған күріш – 150, пияз
– 55, картоп 60 теңгеден сатылды. Ал жәрмеңкеге аралдықтар 100 тоннадан астам
ас тұзын, балықтың түр-түрін, Ақбай ауылы алқабында өсірілген бақша дақылдарын
әкелген. Бұған қоса, аталған аудан қаладағы әлеуметтік тұрмысы төмен 15
отбасына азық-түлік өнімдерімен көмек көрсетті. Арал аудандық мәдениет үйінің
өнерпаздары өнер көрсетіп, жұртшылықты бір серпілтті. Сонымен, соңғы екі
жексенбіде өткен жәрмеңкеге аймағымыздағы 7 аудан түгел үлес қосып, қала
тұрғындарына арзан өнімдермен қуантты.

Облыс әкімі сондай-ақ «Шұғыла» және «Арай-2» шағын
ауданындарында «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен салынып жатқан көпқабатты тұрғын
үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. «Шұғылада» 50 пәтерлі бір және 60
пәтерлі үш үй салынып жатыр. Мердігер компания «Жабдықтау» ЖШС мұндағы
жұмыстарын қараша айында аяқтамақ. Ал «Арай-2» шағын ауданында 280 пәтерлі 5 үй
бой көтеруде. Бүгінгі таңда бүл көпқабатты үйлердің құрылыс жұмыстары аяқталуға
жақын. Аймақ басшысы жауапты мамандарға сапаға аса мән беріп, нысандарды
уақытында тапсыру қажеттігін міндеттеді.

Кенжетай
ҚАЙРАҚБАЕВ,

Бағдат
ЕСЖАНОВ
(сурет).

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз