АУЫЛДАҒЫ АЙРЫҚША СТАДИОН

60

0

АУЫЛДАҒЫ АЙРЫҚША СТАДИОНӘдетте біз ауылды құт-береке
қонған киелі мекен деп әспеттеп, алтын тамырға балап жатамыз. Сырдария
ауданындағы Нағи Ілиясов атындағы ауыл шынымен де осындай береке қонған құт
бесіктің бірі. Аталған елді мекенді кең-байтақ республикамызға танымал еткен
«Абзал және К» ТС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ерәлиев. Кеше осы
сәні мен салтанаты жарасып, көпке үлгі болған үздік ауылда «Абзал Ерәлиев
шақырады» атты мерекелік шара болды. Шара аясында сыйымдылығы мың орындық стадион
ашылып, онда «Қайсар» – «Ақтөбе»
командаларының қосалқы құрамының ойындары өтті. Ал ауылдағы ағайынның қуанышына
ортақтасуға елімізге белгілі Олимпиада чемпиондары мен өнер жұлдыздары келді.
Салтанатты шараға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысты.

Кеңес
Одағының батыры Нағи Ілиясов атындағы ауылға жолыңыз түсіп бара қалсаңыз,
өзіңізді құдды әсем шағын шаһарда жүргендей сезінесіз. Кезінде ауылдың алғашқы
қазығын қаққан батыр атамыз Н.Ілиясов, шаруашылықты рес­публикада алдыңғы
қатарға шығарған Алдаберген Бисенов және бүгінгі таңда осы шаруашылыққа дем
беріп, туған ауылын көркейтіп отырған Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» ТС
директоры Абзал Ерәлиевтің жасампаз еңбектеріне еріксіз тәнті болар едіңіз.

Нағыз ХХІ
ғасырдың ауылында 2800 жан тұрады. Аталған елді мекендегі көркейту мен
көгалдандыру жұмыстарына биылғы жылға 60 млн теңге қаржы бөлініп, бүгінде оның
40 млн теңгесі игеріліпті. Бұған қоса Бесарық елді мекеніндегі көркейту мен
көгалдандыру жұмыстарына 17 млн теңге бөлінген.

Сондай-ақ,
биыл ауылдағы «Тағзым» алаңын қайта жөндеу жүргізіліпті. Аймақ басшысы
Қ.Көшербаев пен мереке қонақтары алдымен осы ескерткішке барып, Отаны үшін
кеудесін оққа тосқан есіл ерлерді бір минут үнсіз еске алды. Ауыл тұрғындары
жаңғыртудан өткен ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті.
«Тағзым» алаңын жаңғыртуға аудандық бюджеттен 9 млн теңге бөлінген. Айта
кетерлігі, «Абзал және К» ТС Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толуына
арнап осы алаңды толықтай күрделі жөндеуден өткізді. Ескерткіш қайта жаңғыртылып,
толығымен гранитпен қапталды. Барлық жазулары, қазіргі заманға сай жазылып,
майданға барып, елге келіп қайтыс болғандар тізімі толықты. Жан-жағы гранит
таспен әрленді. Екі жағынан екі қатардан шамдар қойылды. Қосымша, жанындағы су
бұрқағы да күрделі жөндеуден өтіп, бетон тақтайшалары қайта салынды. Бұл
жұмыстарға компания жергілікті бюджет қаржысынан бөлек өз есебінен қосымша 46
млн қаржы жұмсап, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталыпты.

Мұнан соң
облыс әкімі Қ.Көшербаев бастаған топ ауылдағы денешынықтыру-сауықтыру орталығы
бар стадионды аралап көріп, оның ашылу салтанатында ауылдағы ағайынды қос
қуанышпен құттықтады. Аймақ жетекшісі Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Сыр
өңіріне жасаған бір сапарында Н.Ілиясов ауылындағы берекелі тірлікке көңілі толғанын,
Қазақстанның барлық ауылдары дәл осы ауылдай өсіп-өркендесе деген лебізін еске
салып өтті.

– Бұл ауыл
– еңбекқор тұрғындарымен мақтанатын ауыл. Мұнда тұрудың өзі зор мәртебе.
Өйткені, Н.Ілиясов ауылының көркеюіне көп жылдардан бері осы ауылдың тумасы,
кәсіпкер А.Ерәлиев қаражат құйып, қалталы кәсіпкерлерге тағылымды үлгі көрсетіп
келеді. Халқыңа жасаған жақсылық ешқашан да ескерусіз қалмайды. Жерлесіміз
А.Ерәлиев Елбасының қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын алды. Бұл –
Тәуелсіздік алғалы бері Сыр өңіріндегі ең алғаш алынған биік марапат, – деді
аймақ басшысы. Мұнан соң облыс әкімі Қ.Көшербаев Абзал Ерәлиевке ҚР Мәдениет
және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі
үшін» төсбелгісін тапсырып, алғысын білдірді.

Иә,
бүгінгі таңда мемлекет тарапынан бұқаралық спорттың дамуына көп көңіл бөлініп
отырғаны белгілі. Мәселен, биыл Қазалы мен Жаңақорған аудандарында спорт кешені
қолданысқа берілсе, облыс орталығында И.Ильин атындағы 300 орындық жабық спорт
кешенінің құрылысы басталады. Ал мемлекет пен бизнестің әріптестігі аясында
Н.Ілиясов атындағы ауылда ашылған стадионның ауыл тұрғындарына қызмет ететіні
анық. Мұны аймақ басшысы атап өткендей, аймағымыздағы өзге кәсіп иелеріне үлгі
етуiмізге болады.

Айта
кетейік, ауылдағы стадионның құрылысы осыдан бір жыл бұрын, яғни, өткен жылдың
мамыр айында басталған-ды. Алғашқыда ғимараттың сметалық құны 276 млн теңге болыпты. Мұның 176 млн теңгесі
облыстық бюджеттен бөлінсе, ал қалған 100 млн теңгесін «Абзал және К» толық
серіктестігі өз мойнына алған еді. Құрылыс жұмыстары басталғаннан кейін
серіктестік өз мүмкіндіктерін сараптай келе, жобалық-сметалық құжаттарға
толықтырулар енгізді. Атап айтсақ, 1000 орындық трибуна құрылысын салу, футбол
алаңы мен спорт зал ішін еуропалық стандартқа сай жасау, сырт келбетін біздің
облысымызда әлі пайдалана қойылмаған алюкота материалымен қаптау ісі қолға
алынатын болып шешілді. Осылайша, өңірдегі елді мекендердің бірінде жоқ
стадионның құрылыс құны 290 млн теңгеге өсті. Облыс қазынасынан 180 млн теңге,
инвестор есебінен стадион құрылысына 110 млн теңге қаражат бөлінді.

Келесі
сәтте сөз мерекенің құрметті қонағы, бокстан олимпиада ойындарының чемпионы, ҚР
еңбек сіңірген жаттықтырушысы, олимпиадалық резерв даярлау мектебінің директоры
Ермахан Ибраимовке берілді. Ол барлық чемпиондардың ауылдан шыққанын айтып,
спорттың дамуына барлық жағдай жасалып отырған елді мекен әлемдік додаларда топ
жаратын саңлақтарымен марқайып жүрсін деген жүрекжарды тілегін жеткізді. Жаңа
ғана ашылып отырған стадионда футбол командаларының сайысы, дзюдодан турнир
өтетінін атап өткен құрметті қонақ мұндай ауылдың елімізде сирек екеніне
тоқталды.

«Азия
тобы» әншілерінің өнерінен соңжергілікті «Қайсар» мен «Ақтөбе»
командаларының қосалқы құрамының ойындары басталып кетті.

Кеш соңы
Қазақстан эстрада жұлдыздарының гала-концертіне ұласты.

 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз