АУЫЛДАҒЫ ИМАНДЫЛЫҚ ҮЙІ

236

0

4500-ге жуық түтіні бар Төменарық ауылында  «әл-Хақ» мешітінің есігі айқара ашылды. Бұрыннан түрлі ұлттың басын қосып, тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан елді мекендегі имандылық үйінің ашылу салтанатына жер-жерден тілеулес ағайын жиналды. 

Имандылық үйінің ашылу рәсімінде Жаңақорған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов құттықтау лебізін білдірсе, мешіт салудың сауабы хақында ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі Мұхан Исахан, облыс орталығындағы «Сұлтан» мешітінің бас имамы Нұрлан Әбжанов, ауданның бас имамы Сайдулла Омаров насихат өрбітті. Мешіт салу сауабының зор екенін көпшілікке жеткізді. Сонымен бірге, дін қызметкерлері осындай игі іске бастамашы болып, мешіт салуға демеушілік жасаған жаңақорғандық кәсіпкерлер Бекболат, Ерболат, Нұрболат Ашировтерге Алладан береке, ынтымақ тіледі. Ел ақсақалдары алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Ауыл әкімі Найрахман Фазылов тұрғындар атынан өз алғысын жеткізді. 

Ауыл ортасынан мұнаралы, сәу­летті  мешіттің бой көтеруі расында тұрғындар үшін қуанышты жағдай еді. Өз кезегінде ауыл тумасы, танымал қоғам қайраткері, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов сөз алып, сауапты іске ризашылығын білдірді. Айта кету керек, Алла үйінің қаржылық демеу көрсеткен ел ағалары қата­рында Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, академик Мейірбек Молдабеков, белгілі азаматтар Құрбанғали Камалов, Мұрат Әбенов, Серғазы Кунтуаров, Абай Жәдігеров, Жалғас Айтөреев, Арзан Байсуған, Кәрім Жұмабаевтар бар.

Мешіт үйінің лентасын салтанатты түрде ел ағалары Бақытбек Арынов пен Өтеш Сәдуов қиып, көпшілік имандылық үйінің ішкі мүмкіндіктерімен танысты. Жұма намазына дейін созылған насихаттан соң, алғашқы азан шақырылып, жиылған жамағат жұма намазын оқыды. Одан әрі жер-жерден келген қонақтарға ауыл халқы дастархан жайып, баба рухына Құран бағышталды.

 

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

 Жаңақорған ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз