АУЫЛЫМ – ҚҰТ МЕКЕНІМ!

579

0

Қашанда біз үшін ауыл – ұлттық құндылықтарымызды сақтаған, берекесі артқан киелі мекен. Оның топырағы да, тауы мен тасы да ыстық болады. Әркімге өз ауылы, туған жері мақтан. «Ауыл» мен үшін қасиетті сөз. Себебі ол- менің аяулы анам, қамқоршым әкем, туған- туысқандарым, аға – тәтелерім, мені білім нәрімен сусындатқан ұстаздарым, және бірге өскен сыныптас достарым дүниеге келген жер. 
Мен туып-өскен ауылдың аты осы жерде дүниеге келген ақын, сатирик АсқарТоқмағамбетовтың есімімен аталады. Асқар атаның атына бүгінде республика, облыс орталықтарында көше, мәдениет үйлерінің аттары қойылған. Ал 1982 жылдан бастап ауыл мектебіне, 1992 жылы  шаруашылыққа Асқар Тоқмағанбетовтың есімі берілді. Менің ауылым талантты жандарға  бай ауыл. Сейітмұрат Ембергенов, Оразбек Беспаев, Ернияз Омаров, Төлебай Смайылов,  Құсейін Әмір-Темір, Маханбет Жәнібек т.б елімізге танымал тұлғалар өмірге келген жер. Сүттей ұйып отырған, бірлігі мықты осы бір ауыл –менің туған жерім.
Бақытты балалық шақтарым алғаш мектептен басталды.  Ауылдағы ең  ыстық үйім ол – болашақ өміріме бағыт бағдар беріп жол сілтеген киелі шаңырақ А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектебі. Омаров Қалихан ағай басшылық жасап отырған білім ұясы көркем әрленіп, күрделі жөндеуден өткен. Шәкірттердің толыққанды білім алуларына қолайлы жағдай жасалған. Мектеп ұстаздары да балалардың саналы да тәрбиелі болып өсуіне аянбай тер төгуде. Бойыма білім нәрін сеуіп, жазумен сызуды үйреткен ұстаздар қауымы соның ішінде Тойшыбекова Қалдаш, Тәжімұратова Гұлнар, Сатыбалдиева Гүлзат, Махатова  Шынар апайларым – мәңгі жүрегімде. 
 Кішкене кезімде қаланың қым-қуыт өміріне қызығып, барғанша асығатынмын. Ал қазір бәрі керісінше туған ауылымды сағынамын. Демалыс берсе болды ауылға, туған үйіме тартып отырамын. Әлі күнге дейін есімде суды кезек күтіп флягпен таситын едік. Жарық жиі өшіп, оның орнына майшамның жарығымен әуреленетінбіз. Балаларға арналған ойын алаңқайлары жоқ, оның орнына әр үйдің ауласына  барып ойнайтынбыз.Үйге қажетті азық-түліктерді айына бір рет аудандағы  дүкендерден тасушы едік. Ал  ауылымның бүгінгі келбеті бұрынғыға қарағанда біршама өзерген. Әр үйге тіпті үй ішіне ауыз су кіргізілген. Балалар алаңқайлары, газондар  салынған. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін дүкендерде жетерлік.Түрлі концерттер, мерекелік іс -шаралар өткізілетін мәдениет үйі де жақсы жабдықталып, ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында үйірмелер ашылған. Ауыл орталығында демалуға арналған саябақ салынып, көшелерге жарық орнатылған.Халық кертартпа,кержалқаулық мінезден арылып, білек сыбана еңбек етуде. Көгалдандыру, үй айналасына көшет отырғызу, күл-қоқыстан тазарту сияқты жұмыстар жолға қойылған. Ынтымағы жарасқан  тұрғындар мен әкіміміз Ғабдолла ағайдың арқасында ауылымның кескін- келбеті осылайша өзгеріп отыр.
Төрт-түлігін түлетіп, егістігін жайқалтқан, шаруасы алға басып отырған ауыл-қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік орнаған заманда ауыл әліде көркейіп, гүлденеді деп сенемін. Туған өлкемнің атағы мәлім, сәулеті асқан,  дәулеті тасыған құт мекен болу үшін мен де өз үлесімді қосуға барымды саламын. Жасай бер, жайнай бер, қасиетті ауылым!

                                                                                              Арайлым ӨМІРБЕК,
                                                                    Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың
                                                                                                  1 курс студенті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз