«АЙБЫН» ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖИЫНЫ

476

0

 
12-17 маусым аралығында Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында ІІІ Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтті.
Жиын қазақстандық әскери-патриоттық клубтардың белсенді жастарының басын қосты. Жастар жиынына республиканың 14 өңірі мен 2 қаладан және Ресей Федерациясының Орынбор әскерилендірілген училищесінің түлектері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, әскери-қолданбалы спорт түрі бойынша облыстық және қалалық жарыстардың жеңімпаздары қатысты. Осы сайыста Қызылордадан «Айбын» облыстық оқушылар құрамасы да бақ сынаған еді.
Шарада ҚР Қарулы Күштерінің таныстырылымы өтіп, онда қатысушылар Қазақстан армиясы арнайы бөлімшелерінің жарағында тұрған қару-жарақ жүйесін, әскери барлаудың техникалық құралдарын көріп, танысты.
Жас жеткіншектердің аса қызығушылығын тудырған бұл жауынгерлік эстафета олардың өз бойларындағы біліктіліктері мен шеберліктерін тәжірибе түрінде сынап көруге, сол сияқты бір-біріне көмек қолдарын соза отырып, өзара бірлесе әрекет етіп, қабілеттерін дамытуға ықпал етті.        Жиынның ең қызықты, әрі әсерлі бөлігі әскери далалық тактикалық ойын болды. Ол командалардың жеке құрамын дабыл белгісі бойынша ұйқыдан тұрғызудан басталып, сайысқа сайланған жастар жауынгерлік тапсырманы орындау үшін белгіленген аймақта шоғырланды. Сондай-ақ, елімізге еңбегі сіңген белгілі әскери тұлғалармен, спортшылармен кездесу өтті.
Соңында мәдени-демалыс шаралары жоғары дәрежеде өткізіліп, күнделікті интерактивті кештер, концерттік бағдарламалар, би кеші ұйымдастырылды. Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерт кезінде  сайыс үздіктері марапатталды.
Олардың қатарында біздің облыстың 20 оқушыдан құралған «Айбын» командасы спорттың әскери-қолданбалы түрлерінен және жауынгерлік даярлық пәндері бойынша жоғары нәтиже көрсете білді. Сайыс қорытындысы бойынша қаладағы Ж.Қизатов атындағы № 23 орта мектебінің оқушысы, робототехника құрастырудан «Мой робот» конкурсының жеңімпазы Антон Абдуллаев жеке және командалық І-орын, Қазалы ауданынан Ринат Оңдасын АК-74 автоматын толық емес бұзып-жинаудың жеңімпазы, жеке І-орын, Қармақшы ауданынан Сымбат Әзілханова «Айбын» жиынының екі дүркін жеңімпазы, әскери кросстан және ОЗК киюден жеке І орын, сондай-ақ, осы ауданнан қатысқан оқушы, команда капитаны Нұрбол Қонысбеков ОЗК киюден жеңімпаз, командалық І орын, жеке ІІ орынды иеленді.
«Айбын»  әскери-патриоттық жастар жиынына 16 әскери-патриоттық клубтар қатысты. «Айбын» командасы жалпы есепте 6 орынға ие болды.
                                                                                Ғазиза ӘБІЛДА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз