АЙДАЛАДА АДАСЫП, ӘЗЕР ЖОЛ ТАПҚАНЫМЫЗ БАР

211

0

АЙДАЛАДА АДАСЫП, ӘЗЕР ЖОЛ ТАПҚАНЫМЫЗ БАР«Хабар» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбековпен төл мереке қар­ саңында ортақ іс пен жауапкершілік жөнінде аз-кем әңгімелестік.
– Нұрлан, сенің ұғымыңда журналистика деген не?
– Журналистика дегеннің бірнеше анықтамасы бар. Бірақ Ахмет Байтұрсыновтан артық кім айтқан?! «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейді ол. Елімізде ақпарат құралдары мыңдап саналғанмен бәрі бірдей атамыз айтқан үдеден шығып жүр дей алмаймын. Журналистің де журналисті болады. Кейінгі уақытта «поп журна­листика» деген шықты. Мәдениеттің ең төменгі саты­сы – «поп мәдениет» ұғымына ұқсатқаны ғой. Көбі, әсіресе, жастар эфирге шығып, бірден танылғысы келеді. Бірақ телевидение сан салалы. Оған жай ғана бетіңнің жылтырағаны жеткіліксіз. Журналист ішкі түйсігі мықты, рухани бай, сауатты әрі ізденімпаз болуы тиіс. Сол кезде ақпаратты талдап, сарап­тап, оқырманға шынайы дүние ұсына алады. Қоғамның тамыр бүлкілін тамшыдай дөп баса­
тын майталман маманға айналады.
– Кезінде өзің жүргізген ақпараттық-сараптамалық «Үштаған» (облыстық арна), «Аптаның алты ауызы» («Қоғам ТВ») бағдар­ ламаларын көріп тұрасың ба, қалай болып жүр?
– Студент кезімізде, әлі көп нәрсені білмейтін уақытта осы жергілікті арналарда жұмыс істеп бас­тап, тәжірибе жинақтадық. Аға буын өкілдерін оқып, көріп, ізімен жүруге талпындық. Қоғамдық телеарнадағы «Аптаның алты ауызын» азулы, талантты бауы­рымыз, марқұм Сахитжан Бермағанбетов жүргізеді. Көріп оты­рып, мен қызығам. Шындықты айтудан тайсалмайды. Көтерген мәселесі қоғамдық пікірге түрткі болады. Көбі шешімін тауып та жатады. Кейін бұл бағдарламаның тізгіні маған бұйырды. Шама- шарқымша Сахитжан ағамның кезіндегі деңгейден түсірмеуге, аудиторияны жоғалтып алмауға тырыстым. Осы күні үзбей көруге, шыны керек, уақыт жоқ. Сирек те болса, теледидарды қосқанда қараймын. Кейде әлеуметтік желілерге жариялайды, сол жер­ден көрем. «Аптаның алты ауызында» қазір Дәулет Қырдан жүр. Ізденіс байқалады. Ара-тұра «Нұреке, мына тақырыпты қозғасам қалай?» деп хабарласып тұрады. Білгенімше ой қосам. «Қазақстан- Қызылорда» арнасындағы «Үштаған» апталық бағдарламасы да көңілден шығады. Кеше ғана өте өзекті маршрут мәселесін көтерді. Түйінінде журналист «тиынға тиын қосып, жолпұлды көтергеннен сапа жақсармайды» деген ой айтты. «Үштағандағы» әріптестер де қоғамдағы осындай түйткілді жайттарды түйреп айтатын жолынан жаңылысқан емес.
– Бізде әмбебап журналист көп, ана тақырыпқа да, мына тақырыпқа да жазады. Бұл қажеттіліктен бе, қалай ойлайсың? 
– Журналистиканы бітіріп, бұл салаға келу аздық етеді. Мамандыққа құштарлық, сүйіспеншілік керек. Бізде әріптестеріміз медицина я спорт деп қатып қалмайды, жан-жақты жазады. Бұл өзің үшін жақсы, әр нәрседен хабарың болады. Дамыған шет мем­лекеттерде журналистер экономикаға бөлек, мәдениетке бөлек машықтанады. Қазақстанда спорт комментаторларын ғана айтуға болады. Шетелдік тәжірибеге сүйенгеннің де айыбы жоқ. Мыса­лы, сен экономиканы шемішкеше шағатын болсаң, тақырыпты аудиторияға тартымды әрі түсінікті етіп ұсына аласың. Екіншіден, экономистер мен сарапшылардың өзі сенімен санаса бастайды. Ал бір жиналыстан екінші жиналысқа барып жазатын әріптестер пресс-релиз деңгейінен әрі аса алмауы мүмкін.
– Есте қалған ең қызық бір-екі тапсырма қандай болды?
– Қайтадан «Қоғам ТВ»-ға айналып келеміз ғой. Жастық шағымыз өтті дегендей. Өзің білесің, журналисті екі аяғы асырай­ды. Осы кәсіптің арқасында талай жерге барыппыз. Жердің асты­на да түстік, теңіздің үстін де шарладық. Жыңғылдың арасында адасып, шөл далада қалғанымыз да бар. 2008 жылдың жазы ғой деймін, қоғамдық арнада жұмыс істеймін. Эколог-жазушы Сайлау­бай Жұбатырұлы ағамызбен бірге Арал теңізіндегі сазды аймаққа барып қайтуға тура келді. Сол жер туралы өзі зерттеп жүр екен. Теңіздің бұрынғы деңгейі қандай болғаны туралы сюжет түсіруіміз керек. Қырсық шалғанда бірде-бір оператор бос емес. Қолыма ка­мераны беріп, «арасында түсіретінің бар еді ғой» деп, ағаға өзімді ертіп жіберді. Бара жатқанда ол кісі аудан әкімінің тәуір бір мотор­лы қайықпен күтіп алатынын айтты. Ананы естіген мен жеткенше асықтым. Маған қызық енді. Жетуін жеттік-ау. Сөйтсем, ағамның айтқаны салдырлаған шағын ғана балықшылар қайығы болып шықты. Барған төрт-бес адамға Аралдан жолбастар кісілер қосылып, жеті-сегіз боп соған мініп алдық. Әлгі қайыққа жеңіл ұшақтың моторын орнатқан екен, жылдамдығы жи­ырмадан әрі аспады. Діттеген жерімізге бес сағат дегенде зорға жеттік. Картадан қарағанда теңіз шағын боп көрінеді ғой, бірақ ортасына барсаң, жағалауына көз жетпейді. Камераға түсіріп, сұхбат алып жүргенде біраз уақыт өтті.
Қою қараңғылық түскен. Жол біледі деп ерте шыққан кісілердің өзі адасты. Бензин тауысылып бара жатыр. Мотор­ды өшіріп қойып, ескек есеміз. Ауылға өйтіп-бүйтіп жеттік. Сөйтсек, ондағы жұрт бізді жоғалып кеттіге санап, жабылып іздемек екен. «Протон» құлаған жылы Қазалыдағы ауылдардың бірінен қойшылар хабарласып, археологиялық жәдігерлердің құмның бетіне шығып қалып жатқанын айт­ты. Бардық. Құмның арасы. Айдала. Сол жа­пан түзде қарсы беттен бір көлік шыға келіп, біздің мінгенімізбен соқтығысып қалды. Ау­дарылып түстік. Құдай оңдап, аман қалдық. Көмекке шақырайын десек, байланыс ұста­майды. Төбеден төбеге шығып жүріп, әйтеуір, таптық-ау. Қызығы, айдалада жүрген екі-ақ көлік. Жер жетпегендей. Жерден жүз елу метрлік тереңдіктегі «Шалқияның» шах­тасына түскенде келгенше сайрап келген қасымдағы оператор қатты қорыққаннан үнсіз қалғаны бар.
– «Газет пен ТВ-ның орнын интернет басады» делініп жүр. Нанымнан айырылып қалам деп қорықпайсың ба?
– Дәл қазір мен оған сене алмаймын. Газет пен телевидениенің ғұмыры әлі ұзақ. Әлеуметтік желінің мүмкіншілігін жоққа шығармаймын. Қазір кез келген адам сол арқылы кез келген жер­ден тікелей эфирге шыға алады. Бірақ аудиториясы азғантай ғана. Қалай бар, солай береді. Зерттеп-зерделеп жатпайды. Журналистер сияқты түп-тұқиянын қазбалау жоқ. Әлеуметтік желі қолданушылары біз сияқты ақпараттың анық-қанығын тексермегені үшін жауапкершілікті сезіне қоймайды. Болмашы нәрседе тырнақ астынан кір іздейтіндер де кездеседі. Бұл жерде де солай. Сондықтан интернет деген шексіздік әлемінде бәрібір шек­теу болуға тиіс. Ең болмағанда жауапкершілік жүктелу керек.
– Азаматтық журналистер мен блогерлер журналистерді алмастыра алмайды дейсің ғой?
– Журналистер қадым заманнан келе жатқан кәсіп иелері ғой. Бұл мамандық жойылмайды, қайта алға жылжи түседі. Шетелдік тәжірибеде тікелей эфирден хабар тарату кеңінен дамыған. Қандай да бір қылмыс, оқыс оқиға болған жерден де­реу ақпарат таратады. Одан кейін қылмыскердің қолын қайырып, істемегенін істеді деп, мойнына арта салатын заңсыздықтар бол­майды. Өйткені бәрі жұрттың көз алдында. Қазақстанда да тікелей эфирдің маңызы жоғарылайды деп ойлаймын. Бізге қазірдің өзінде арнайы жабдықталған жылжымалы телестанция берілді. Оқиға орнынан дер уақытында ақпарат берудің жауапкершілігін сезінеміз. Көрерменнің көңілінен шығу үшін барымызды саламыз. Телевидениенің осындай мүмкіншілігі болатынына бұрын көбі сен­ген жоқ. Бірақ, көріп жүргеніңдей, мүмкін емес нәрсе жоқ екен. Га­зеттер де жеделділікке бейімделеді. Блогер журналисті алмастыра алмайды. Тек бірін-бірі толықтыруы мүмкін.
– Журналистикадан бизнес жасап жүрген жағдайлар туралы ара-тұра естиміз. Бұған не айтасың?
– Бизнеске айналдырудың әртүрлі жолы бар. Егер студия не­месе сайт ашып, мемлекеттік тапсырысты орындап, жарнама беріп пайда тапсаң, онда заңға томпақ келмес еді. Ол – сенің еңбегің. Ал егер қитұрқы саясатқа құрылып, астыртын жұмыс істесе, бұл енді журналистикаға сын. Кейбір ақпарат құралдарындағы, әсіресе, телерарналардағы әріптестердің ыңғайсыз әрекеттері туралы ара- тұра естіп қаламыз. Олар халыққа жақын болғансып түйткілді тақырыпты көтеріп, екінші жағынан, сынға іліккен тараптан ақша талап ететін көрінеді. Мұндай жағдай құлағына тиген жұрт байыбына бармай, журналистердің бәрі бірдей деген ойға тоқтайды. Мысалы дейін, тілші суға зәру боп отырған бүтін бір ауылдың про­блемасын зерттеді ме, соны көрсетуі тиіс. Қаншама адамның үмітін қалай аяқасты ете алады?! Бұл – нағыз алаяқтық және сатқындық.
– Рахмет, Нұрлан! Көксегеніміз бір нәрсе ғой, абыройымыз төмендемесе екен деймін. 
Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз