АЙДАРЛЫДАҒЫ ЖАҢА КЛУБ

41

0

АЙДАРЛЫДАҒЫ ЖАҢА КЛУББейсенбіде Сырдария ауда­нының Айдарлы ауылында жаңа клуб ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, тұрғындар қуанышына ортақтасты.

Ауылдық клуб құрылысы жылдың басында басталды. Жалпы сметалық құны 174 млн. теңгені құрайтын мәдениет ошағының көрермендер залы, сахна, кітапхана, ардагерлер мен түрлі үйірмелерге арналған бөлмелері заманауи талапта жабдықталған. Жаңа клубтың құрылысын жүргізіп, заман талабына сай көрікті ғимарат тұрғызған бас мердігер «Интегрестрой» ЖШС-ның басшысы Бақдәулет Ысқақовқа ауыл тұрғындары дән риза.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ көлемінде, оның ішінде Сырдария ауданында жаңа ғимараттардың қатары жыл санап артып отырғанын айтты.

– Ауылдарда еңселі ғимараттар қатары артып келеді. Айдарлының өзінде барлық әлеуметтік нысандар жаңарып үлгерді. Енді алдағы жылдары көшелер жөнделіп, жарықтандырылады. Бұл – елдің әлеу­меттік-экономикалық жағдайының жақсарғандығының белгісі. Айта кету керек, биылдың өзінде өңірде құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда үш жарым есеге артты, ал, облыс орталығы – Қызылордада құрылыстың көлемі былтырғымен салыстырғанда сегіз есеге өсті. 2406 пәтерлі 43 көпқабатты үйді биыл іске қосамыз деп отырмыз. Аймақты газдандыру жұмысы да қарқынды жүргізілуде. Бұның барлығы Елбасының сарабдал саясаты мен халықтың жұдырықтай жұмыла білгендігінің арқасы, – дей келе, аймақ басшысы жаңа мәдениет ошағының ел игілігіне берілгеніне құтты болсын айтты.

Өз кезегінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Исмайлов ауыл тұрғындарының ризашылығын жеткізіп, алғысын білдірді.

– Бүгін – Айдарлы ауылының тұр­ғындары үшін қуанышты күн. Ауылымызда жаңа заманауи клуб бой көтеріп, ел игілігіне беріліп отыр. Құрметті Қырымбек Елеуұлы, сіз басшылыққа келген жылдардың көлемінде ауылымыз едәуір жаңарып, жасанып қалды. Екі-үш жылдың көлемінде бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізіліп, жаңа ғимараттар бүгінде ауылымызға сән беруде. Біздің ауыл тұрғындарының өтінішіне көңіл бөліп, назардан тыс қалдырмай келе жатқаныңызға ауылдастар атынан алғысымды білдіремін,– деп Жеңісбек ақсақал жылы лебізін арнады.

Мұнан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауыл тұрғыны, екінші топ мүгедегі Айдана Сейітсұлтанқызының үйіне барып, жағдайымен танысты.

Айта кету керек, бас мердігер «Интергрестрой» ЖШС облыс басшысының өтінішімен Айдананың үйін күрделі жөндеуден өткізіп берді. Туылғаннан бастап сал ауруына шалдыққан Айдана тағдырдың салғанына мойымай, бүгінде ауылындағы түкті кілем тоқуды үйрету шеберханасында жұмыс жасауда.

Қайсар қыз аймақ басшысына алдағы жоспарларын айтып, өзіне көрсетіліп жатқан көмекке алғысын жеткізді.

Өз кезегінде Айдананың анасы Гүлжаһан Бегманова «ұлық болсаң кішік бол» деген бабалар өсиетін ұстанып, кішіпейілдік танытқан, мүгедек жанға қамқорлығын төккен облыс әкіміне аналық ризашылықпен ақ тілегін арнады.

 

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз