АЙМАҚ ӨНІМДЕРІНЕ –АЙРЫҚША МАҢЫЗ

63

0

АЙМАҚ ӨНІМДЕРІНЕ –АЙРЫҚША МАҢЫЗӨткен сенбіде «Қазақстанның үздік тауарлары – 2014» өңірлік көрме байқауы болып өтті. Өнеркәсіп, азық-түлік және қызмет көрсету саласы бойынша өткен байқауға 41 кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды. Көрменің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов қатысып, онда қойылған өнімдермен танысты.
«Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл көрме 2006 жылдан бері елімізде өткізіліп келеді. Негізгі мақсат – отандық өнімнің сапасын арттыра отырып, әлемдік талаптарға жауап беру. Осы ретте, біз Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық интеграцияның мол мүмкіндіктерін пайдалана білуіміз қажет. Бізде де барлық стандартқа сай шығарылатын тауарлар жеткілікті. Өңір  кәсіпкерлерінің өнімі ешкімнен кем емес. Барлықтарыңыздың аймақ әлеуетін арттыру жолында жасап жатқан жұмыстарыңызға табыс тілеймін»,–деді С.Қожаниязов.
Шағын және орта бизнесті ілгерілету, отандық өнімнің қатарын көбейту арқылы аймақ экономикасын дамыту мен отандық өндірушілердің бәсекесін арттыру, сондай-ақ, тұтынушылардың өз өніміздерімізге деген сұранысын ұлғайту мақсатында  өтіп жатқан көрмеге азық-түлік тауарлары мен қолөнер бұйымдары, «Анк-Дәулет» ЖШС-ның ауыр және асфальт бетондар мен силикат кірпіштер дайындайтын құрылыс құмы мен құмды грави өнімдері, «Диана» жиһаз салоны мен «Жан и Ш» ЖШС жиһаздарының түрлі үлгілері, «Хуа Ю Интернационал в Кызылорде» ЖШС-ның мұнай шығару мен оны тасымалдау, әрі жинау, мұнай суын тазарту секілді жұмыстарына қажетті парафин диспергаторы, ГРП үшін қолданбалы химиялық реагенттер, деэмульгатор, депрессатор, бактерицид өнімдері  қойылған. Сонымен қатар, қазалылық «Сыр маржаны» ЖШС мен сырдариялық «Абзал и К» толық серіктестігінің ақмаржан өнімдері де көрме сөрелерінен орын алды. Тоқыма мен ағаштан жасалған түрлі бұйымдар да көрменің сәнін ашып тұрды. Сыр өңірінің түрлі өнімдері қойылған көрмені тамашалаған жұртшылықтың арасында Астана қаласынан келген тұрғындар да кездесті.
«Қызылордаға келгеніме көп бола қойған жоқ. Бүгін көрме өтетінін естіп, оны тамашалауға осында келдім. Маған бұл үлкен әсер қалдырып отыр. Қазір отандық өнімнің көп болғаны жақсы. Себебі, Қытай секілді алып елдердің өнімі жайлаған уақытта бізде өз өнімдерімізді шығарып, еліміздің сапалы тауарларын тұтынуымыз қажет»,-деді астаналық Нұржан Бокаев.
Айта кету керек, бұл көрмеде үздік деп танылған жергілікті тауар өндірушілер қараша айында  Астана қаласында өтетін республикалық «Алтын сапа» байқауына қатысатын болады.
Сонымен, байқау 3 номинация негізінде жария етілді. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша І орынды «Smart Rubber» ЖШС жеңіп алса, ІІ орын «СКЗ-U» ЖШС-на, ІІІ орын «КНК Кемикал» ЖШС-на берілді. Ал, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша үздік деп «Жан и Ш» ЖШС танылса, ІІ орынды жеке кәсіпкер Құдайберген Құлымбетов иеленді. ІІІ орын жеке кәсіпкер «Тұрғынбаевқа» бұйырды. Сондай-ақ, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша І орынды Мнажаддин Өтеев басшылық ететін «Сыр маржаны» ЖШС иеленді. Ал, ІІ орынды шиелілік «Тамаша» ЖШС қанжығасына байласа, ІІІ орын макарон өнімдерін шығарумен айналасатын «Зерновая долина» ЖШС-на берілді. Қалған 32 кәсіпорын көрмеге белсене қатысқаны үшін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Жалпы, көрмені тамашалауға жиылған жұрт тек сөре төріндегі тауарларды көріп қана қоймай, өздеріне қажетті заттарын сатып алып жатты. Әсіресе, кезінде көптеген елге танылған «Қазалының кәмпиті» мен түрлі тәтті тоқаштарды сатып алушылардың қатары көп болды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз