АЙМАҚ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

48

0

АЙМАҚ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

биыл облыс бойынша жалпы саны 173 нысан пайдалануға берілмек

Биыл Астана қаласына он алты жыл
толып отыр. Былай қарағанда бұл анау айтты көп уақыт емес. Соған қарамастан,
осы аз ғана мерзім ішінде еліміздің Астанасы адам танымастай деңгейге
көтерілді. Соның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Шығыс пен
Еуропаның сәулет өнеріне бейімделіп салынған
жас қаланың бүгінгі кескін-келбеті кімді болса да тамсандырмай қоймайды.

Жыл өткен сайын көркіне көрік қосып
келе жатқан шырайлы шаһарда бүгінде салынған және салынып жатқан құрылыс
нысандары көпке үлгі болып отыр. Сондықтан да болар еліміздің қай өңірі
болмасын қазір Астанаға қарап бой түзеп
келеді. Арқа төріндегі Астанаға сондай еліктеу Сырда да бар.

Шындығында, соңғы жылдары
Қызылорданың құрылыс саласындағы жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп келеді.
Әріге барып қайтеміз, осы бір жыл шамасында қаладағы бір Сұлтан Бейбарыс
көшесінің бойынан әсем де сәулетті облыстық мекемелер үйі мен Т.Жүргенов
атындағы шығармашылық үйі, Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі мен
қазақ-түрік лицейі, 1200 орынға арналған дарынды балалар мектебі салынып,
пайдалануға берілді. Бұл көшеде әлі де салынып жатқан нысандар жетерлік.
Ал олардың барлығы толықтай пайдалануға
берілгенде тек қана осы бір көшенің кескін- келбеті қазіргісінен де құлпырып
шыға келетінін айғақтай түсетіндей.

Жалпы, облыстық құрылыс бас­қармасының
мәліметіне сүй­ен­сек, соңғы жылдары айма­ғымызда құрылыс жұмыс­та­рының
қарқынды жүргізіліп келе жатқандығы байқалады. Соның бір көрінісі болса керек,
өткен жылы облыс орталығы мен елді мекендерде салынатын нысандардың жобаларын
әзірлеу мен құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге республикалық және облыстық
бюджеттен бөлінген 27,1 млрд. теңге толықтай игерілді. Соның нәтижесінде облыста
тұр­ғын үйді қосқанда 152 нысан пай­далануға берілді. Сондай-ақ, осы қар­жы
есебінен 66 нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзір­леніп, олардың
мемлекеттік сараптамадан қорытындысы да алынды.

Биылғы жылы да облыста құрылыс
саласындағы жұмыс жалғасын табуда. Бір ерекшелігі, биыл бұл саладағы қаржы
өткен жылғымен салыстырғанда 1,6 млрд. теңгеге артық игеріледі деп күтілуде.
Соның ішінде биыл облыста 30 мектеп, 9 балабақша, 21 денсаулық сақтау орны мен
5 спорт, 11 мәдениет пен жатақхана, мұрағат, халыққа қызмет көрсету орталығы
және бір әлеуметтік нысан салынады. Сөйтіп облыс бойынша тұрғын үйді қоса
есептегенде 173 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал бұл дегеніңіз,
биылғы жылы салынып, пайдалануға берілетін құрылыс нысандарының былтырғы жылмен
салыстырғанда 19-ға артық екенін көрсетеді.

Негізі халықтың тұрмыстық ахуалының
жақсы болуы ол тұрғын үй жайлылығына байланысты екені белгілі. Бұл тұрғыдан
алғанда облыста түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үйлер көптеп
салынуда. Қарапайым халық үшін сондай тиімді бағдарламалардың бірі «Қолжетімді
тұрғын үй – 2020”
бағдарламасының алар орны ерекше. Биылғы жылы осы бағдарламаны іске асыруға
республикалық және облыстық бюджеттен 7,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл өткен
жылғымен салыстырғанда 1,8 млрд. теңгеге артық. Жалпы өткен жылы облыста 556
пәтерді құрайтын 93 тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Енді биылғы жылдың
соңына дейін 837 пәтерді құрайтын 102 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жос­парлануда.
Бір атап өтерлігі сол, биыл «Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасы аясында
«Қазақстан тұрғын үй құрылыс корпорациясы” акционерлік қоғамы Қызылорда
қаласынан 230 пәтерді құрайтын төрт үйдің, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына”
жылжымайтын мүлік қоры” акционерлік қоғамы 210 пәтерді құрайтын алты үйдің
құрылысын бастайды. Сөйтіп, амандық болса, бұл үйлер келер жылы өз
қоныстанушыларына есігін ай­қара ашатын болады.

Қысқарта айтқанда, өткен жылы құрылыс
саласында жүр­гізілген жұмыстар қоры­тындысы бойынша біздің облыс республикада
ең үздіктер қатарынан көрінді. Биылғы
жылы да бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, құрылыстағы қарқын еселене түсуде.
Яғни, осының өзі-ақ биыл да ондаған нысандар іске қосылып, ол көпшіліктің
қуанышына айналатынын көрсе­тетіндей.

Айғали
ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз