Аймақта білім грантын алуға барынша жағдай жасалуда

56

0

 

Аймақта білім грантын алуға  барынша жағдай жасалудаЕлбасы Н.Назарбаев атап өткендей, жалпыұлттық Мәңгілік Ел идеясын басты бағдар етіп, Тәуелсіздіктің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдыратын, келешегі кемел ел көшін бастайтын көшбасшы, ұлт мерейін тасытар білікті де білімді маман мектеп қабырғасында. Ғылым мен білімнің үстемдік құрып тұрған осынау заманында көштен қалмай білімді, бәсекеге қабілетті, Отанын, ұлтын сүйетін елжанды ұрпақ тәрбиелеуде бүгінгі білім ордаларының атқаратын қызметі айрықша. Осы орайда жыл сайын білім саласына баса назар аударылып, білім сапасының артуына, түлектердің жоғары білім алуына барынша жағдай жасалып келеді. Әсіресе, бұл облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен, тікелей қолға алуымен соңғы үш жылда қарқынды іске асырылуда. Өңірде білім сапасын көтеру бағытындағы тиянақты жұмыстар өз нәтижелерін көрсетуде. Мәселен, облыс ҰБТ көрсеткіштері бойынша өткен жылы республика өңірлері арасында 16-орынды иемденсе, үстіміздегі жылы аймағымыз бесінші орыннан көрінді. Бұған қоса «Алтын белгіге» ұсынылған үміткерлердің 60пайызы өздерінің білімін дәлелдеп шықты. Атап айтқанда, биыл 139 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, өткен жылы олардың саны 94 болды. Сыр өңірі оқушыларының әртүрлі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда жеңіске жетуі тек мектептің ғана емес, сонымен бірге ұстаздың да мерейі.

2013 жылы аймақ басшысы ауылдық
жерлерде тұратын қарапайым әрі көпбалалы отбасыларының оқу-білімге құштар,
қабілетті балалары үшін арнайы өзінің оқу грантын тағайындағаны қызылордалық
жастарға үлкен үміт, қуаныш сыйлағаны белгілі. Сол кезде облыс әкім бұл ізгі
істі былайша түсіндірді. – Сыр елінде талапты, қабілетті балалар аз емес.
Алайда көбісінің жоғары оқу орындарына түсіп білімін ұштауға, мамандық алуға
мүмкіндіктері бола бермейтіні анық. Осы орайда біз табаны құмға күйген,
маңдайын күн сүйген көпбалалы, қарапайым отбасының ғылым-білімге құштар,
ынталы, сабағын жақсы оқитын балалары үшін арнайы оқу грантын тағайындап, сол
жеткіншектердің жоғары оқу орындарына түсіп, мамандық алуларына жағдай жасап
отырмыз. Бала – біздің болашағымыз, ұлтымыздың келешегі. Сондықтан оларға
жағдай жасау аға буынның міндеті деп білемін,– деген болатын.

Сол кезде, яғни, 2013 жылы 123 мектеп
бітіруші облыс әкімінің оқу грантын иеленсе, өткен жылы бұл мәртебеге
әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан 242 түлек қол жеткізді. Қазір
барлығы 365 сырбойылық өңірге қажетті мамандықтар бойынша ЖОО-да әкім грантымен
оқуда, олардың саны биыл тағы да 365-ке артпақшы.

Сондай-ақ, екі жыл болды, Сыр өңірінде
облыс әкімінің қолдауымен мектеп бітірушілерді тікелей Ресейдегі Мәскеу болат
және қорытпалар институтына, Санкт-Петербург технологиялық университетіне,
сонымен бірге Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ мен отандық басқа да алдыңғы қатарлы
жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға жіберіліп отыр. Алғашқы жылы 93 жас
Ресей оқу орындарына оқуға қабылданса, биылғы жылы аталған ресейлік және басқа
да алдыңғы қатарлы халықаралық деңгейдегі білім ордаларына біздің мектеп бітірушілерімізге
400-ден аса орын берілді. Біздің экономикамыздың сұранысына орай балалар
негізінен техникалық мамандықтарға жіберілуде.

Биыл Мәскеу болат және қорытпалар
институтына түсіп, студент атанып отырған қызылордалық талапкердің бірі –
Көмекбай Сармолдаев. Ол №15
мектеп-лицейінің түлегі. – Мен Қазақстаннан өзге елде оқып, басқа елдің
мәдениетімен, халқымен танысып, араласқанды армандайтынмын. Былтырдан бері
біздің қызылордалық жастардың ресейлік білім ордаларынан білім алуына мүмкіндік
туғанын естіп, қуандым. Сондықтан биыл сол жақтан мамандар келіп емтихан
алғанда өзім де қатысып, нәтижесінде Мәскеу болат және қорытпалар институтына
қабылдандым. Әрине, қуанышымда шек жоқ. Қызылордалық жастарға осындай мүмкіндік
берген облыс әкіміне айтар алғысым шексіз.Сондықтан еліміздің үмітін ақтауға тырысамын, – дейді ол.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес
оңтүстік облыстардың жастарын солтүстік аймақтардағы техникалық және кәсіптік
оқу орындарында оқытуды ұйымдастыру барысындаөмірге келген «Серпін – 2050» жобасына Сыр өңірінің жас­тары көптеп
қатысуда. Яғни, мәліметтерге сүйенсек, былтыр жобаға Қызылорда мен Оңтүстік
Қазақстан облыстарының жастары айрықша белсенді қатысқан. Атап айтқанда,
Оңтүстік Қазақстан облысының жастары 837 грант иеленсе, қызылордалықтар 778
грантқа қол жеткізген.

«Серпін» жобасы бойынша Өскемен
политехникалық колледжінде білім алуға мүмкіндік алған Нұрхан Айнаддиннің
әкесі, қала тұрғыны Сайдулла Нұрымбетов оқуға қабілеті бар жастарға мүмкіндік
беретін бұл жобаны қолдайтындардың бірі. Себебі, он бірінші сыныпты
бітіргенімен, ҰБТ-ға қатыспаған ұлының колледжге түсіп, мамандық алып
шығатынына қуанышты.

– «Серпін» жобасы ең алдымен біз секілді
қарапайым отбасылар үшін қажет. Біздің елімізде көпбалалы отбасылары көп.
Олардың барлығының бірдей балаларынжоғары оқу орындарында ақылы түрде оқытуына жағдайлары бола бермейтіні
белгілі. Сондықтан талабы бар балалар үшін бұл жоба таптырмас мүмкіндік,
отбасына да қолдау, – дейді ол ағынан жарылып.

Биыл «Серпінге» бөлінген грант үш есеге өсіп,
6200-ге жетті. Олардың бес мыңы тек жоғары оқу орындарының гранттары. Осы
орайда биыл облыс бойынша 2500-дей грант алу жос­пары бар. Міне, осылайша
ағымдағы жылы мектеп бітірушілердің жартысын Қазақстан мен Ресейдің алдыңғы
қатарлы ЖОО мен колледждерде гранттар есебінен оқытуды қамтамасыз ету
көзделген. Бір айта кетерлігі, мұндай жағдай бізден басқа бірде-бір облыста
жоқ. Осындай зор мүмкіндік, жарқын өмір сыйлап, нұрлы болашаққа, өркениетке
ұмтылған елдің жастары да елінің қадіріне жететін, өз заманына сай білімді,
елжанды, тәрбиелі азамат болады деген үміттеміз.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз