АЙМАҚТЫҢ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ТӘЖІРИБЕСІ ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРГЕ ҮЛГІ БОЛАДЫ

283

0

АЙМАҚТЫҢ  ИНВЕСТИЦИЯ  ТАРТУ ТӘЖІРИБЕСІ ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРГЕ ҮЛГІ БОЛАДЫСыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ең алдымен облыстық әкімдік ғимаратындағы «Ситуациялық орталық» жұмысымен танысты. Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Қанат Жайсаңбаев вице-премьер Бақытжан Сағынтаев пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа орталықтың техникалық жарақтануы, оның талдау жүйесі туралы жайлы деректер беріп өтті. Бұл Татарстан астанасы Қазан, сондай-ақ Ресейдің басқа да қалаларындағы осындай орталықтардың жұмыс тәжірибесімен танысқаннан кейін дүниеге келген болатын.

«Ситуациялық орталық» бір жүйеде орналасқан
визуалды ақпараттық құрылғы. Бес бағыт бойынша қолданыста бар ақпарат көздерінің
негізінде саралау жүргізеді. Кез келген параметрлер арқылы өзара байланыстарды табуға
мүмкіндік береді. Flipbox құрылғысымен жұмыс істейтін электронды әкімдік басқа облыстарда
әлі қолданысқа енгізілген жоқ. Орталық облыстың мониторингі мен әлеуметтік-экономикалық
сараптамасын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, облыстың даму жоспарына өзгерістер мен
жүзеге асуын қадағалайды. «Ситуациялық орталықтың» статистикалық қорытын­дыны жедел
беру мүмкіндігі бар.
Қ.Жайсаңбаев Үкімет басшысының орынбасарына
«Ситуациялық орта­лық­тағы» қабырғалардың бейнекөрсетілім көрсету мүмкіндіктерін
жан-жақты ашып көрсетті. Облыс орталығындағы барлық бейнекамералар аймағын қарап
отыруға болады. Сондай-ақ адамдар көп жиналатын, штаттан тыс орын алуы мүмкін орындар
– орталық алаңдар мен мешіттердің айналасы секілді жерлерді бақылап отыра алады.  Сонымен қатар, су тасқыны қаупі артқан уақытта
дария жағалауын жылжымалы қондырғыда орнатылған камералар көмегімен бақылауға мүмкіндік
бар. «Ситуациялық орталық» арқылы биыл 14 нысанның құрылысын қадағалауға қол жеткізілді.
Орталық барлық аудан әкімдіктерімен байланыста жұмыс істейді және кез келген қажетті
ақпаратты жылдам ала алады.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары
Наталья Годунова аймақтың даму жоспарына енгізілетін өзгерістер мен оның жүзеге
асуы осы жерде  қадағаланатынын атап өтіп,
облыстағы дағдарысқа қарсы шаралар жайынан мәлімет берді. Өткен жылы бюджет
22,4 млрд теңгеге толықтырылды. Соның нәтижесінде облыс тұрғындарының
әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету көрсеткішін арттыра алдық. Аймақтағы 1260
кәсіпорында жалақы 10 пайызға ұлғайтылды. Орташа жалақы көлемі 99200 теңгені
құрады. Жаңадан 11356 жұмыс орнын ашуға қол жеткізілді. Жалақыға қарыз көлемі
4,2 есе азайып, 11,6 млн. теңгеге түсті. Облыстағы барлық кәсіпорында ұжымдық
шарт жасалды. Әлеуметтік сауда орындарында базар бағасынан 10-20 пайыз арзан
азық-түлік түрлерін сату жолға қойылған. Егер өткен жылы бұл мақсатқа 180 млн
теңге жұмсалса, биылғы жылға қаралып отырған қаржы көлемі 200 млн теңге. Облыс
әкімінің орынбасары Еуропа даму банкінің қолдауымен жалпы құны 63 млрд теңгені
құрайтын 8 жоба қаржыландырылатынын жет­кізді. Сондай-ақ Азия және Ислам
банктерімен жұмыс жүргізілуде. Н.Годунова сондай-ақ құрылыс жұ­мыстары жөнінен
де ақпар беріп өтті және облыста дағдарысқа қарсы штаб құрылғанын жеткізді.
Б.Сағынтаев ситуациялық орталыққа жоғары баға беріп, облыс басшылығына
дағдарысты еңсеруде сәттілік тіледі.
***
ҚР Премьер-ми­­нистрінің бірінші
орынбасары Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдігінде орталық мемлекеттік органдар,
ұлттық компаниялар басшыларының және бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен
отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Жиынды ашқан облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев нақты кезеңде әлем экономикасы күрделі қиындықтарға тап болып
отырғанын, мұның 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан айырмашылығы барын атап өтті.
Осыған байланысты Елбасының тапсырмасымен ел Үкіметі бірқатар жедел шаралар
қабылдады. Соған сәйкес үкімет мүшелері ел аймақтарына жұмыс сапарымен шығып,
жұмыс берушілермен келісім-шарттар жасасуда. Мұндағы мақсат жұмыс орындарын, яғни
әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және бәсекелестік жағдайында отандық өндірушіні
қолдау болып табылады. Аймақ басшысы Қ.Көшербаев облыста бұл бағыттағы
жұмыстардың қолға алынғанын жеткізді.
Мұның дағдарысқа қарсы саясаттың негізгі бағыттарының
бірі болып қала беретінін, ірі жұмыс берушілердің жұмыс орындарын қысқартулары
тиістігіне тоқталған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев  нақты кезеңде 80-нен астам ірі кәсіпорынның
проблемалық мәселелерін қарап, жергілікті қамтуды арттыру арқылы оларды қолдау
бойынша іс-шаралар жоспары қабылданғанын айтты.
Жиында дағдарыс кезінде қиын­дықтардан шығудың бір
жолы шетелдік инвестицияларды тарту екендігі де айтылды. Осы орайда Үкімет
басшысының бірінші орынбасары халықаралық беделді қаржы ұйымдарымен жасалған келісім-шарттардың
нәтижесінде биыл елімізге 92 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция келетінін,
Қызылорда облысы әкімінің Еуропа Қайта құру және Даму банкімен жалпы құны 63
млрд. теңге болатын 8 жобаға қол қойғанын, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының тәжірибесі
басқа аймақтарға үлгі болатынын айрықша атап өтті.
Кеңесте бірінші вице-премьер Дүниежүзілік сауда ұйымы
мен Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында Қазақстан үшін өндірілетін тауар
мен қызметтердің сапасын арттыру маңызды екендігіне тоқталды.
– Отандық экономика бәсекелестік заңымен дамып
өркендейді. Әлемдік нарыққа шығу үшін бәсекеге қабілетті өнім шығару керек.
Бизнес саласына мемлекет жан-жақты қолдау көрсететін болады. Сондықтан сіздер
де сапалы өнім өндіріп, бәсекеге төтеп бере алуларыңыз шарт. Ал дағдарысты
еңсерудің жолын Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында
айқындап берді, – деді бірінші вице-премьер Б.Сағынтаев.
Ұлттық қордан елдегі шағын және орта бизнесті
несиелеуге өткен 2014 жылы 100 млрд. теңге қаражат бөлінгені белгілі. Биыл тағы
200 млрд. теңге қаражат бизнеске жеңілдетілген несие түрінде беріледі.
Кеңесте облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев
баяндама жасап, өңірде өңдеуші саланың өркен жайып келе жатқанын, бұған
индустриалдық-инновациялық жобаларды жүзеге асырудың арқасында қол
жеткізгенімізді атап өтті. Мұнан соң кәсіпкеркерлер қауымдастығы атынан Асқар
Махамбетов, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС бас директоры Медет Кәрім, «Абзал и К» ТС
басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев сөз алып, жыл көлемінде
атқарылған жұмыстарды баян етті.
Кеңес қорытындысы бойынша Қы­зыл­орда облысы әкімдігі
мен ұлттық ком­паниялар арасында жергілікті қам­ту­ды дамыту бойынша бірқатар
мемо­рандумдарға қол қойылды. Айта кетейік, бұл келісімдердің жалпы сомасы 39
млрд. теңгені құрайды. Олардың ішінде «ҚазАтомПром», «ҚазМұнайГаз» және
«Қазақтелеком» ұлттық компаниялары бар.
Бұған қоса, жұмыс орындарын сақтау және өндірістік
үдерістерді тұрақтандыру бойынша Қызылорда облысы әкім­дігі, облыстық кәсіподақ
және «Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС, «Аралтұз» АҚ,
«Абзал және К» ТС,  «Жанрос Дриллинг»
ЖШС, «Сибу-Қызылорда» ЖШС және басқа да ірі кәсіпорындар үшжақты
келісімдер  жасасты.
***
Аймағымызға жұмыс сапарымен келген ҚР
Премьер-министрінің бірінші орын­басары Бақытжан Сағынтаев пен облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев маман­дандырылған халыққа қызмет көрсе­ту орталығында болды.
Көлік құрал­дарын тіркеу және жүргізу куәлігін алуға қатысты барлық мемлекеттік
қызметтерді бір кешеннен алуға мүм­кіндік беретін іргелі орталық жұмысымен
танысқан Б.Сағынтаев аймаққа қа­жетті ХҚҚО жұмысына жақсы баға берді. Мұнда
жүргізуші куәлігіне тапсырылатын емтихан толығымен автоматтандырылған. Яғни,
электронды бағалау жүйесімен жабдықталған. Мұнда кеден, ОІІД ӘПБ, салық
инспекторлары мен медицина саласының мамандары отырады. Олар жүргізушілерге
қажетті барлық техникалық құжат түрлерін дайындап береді. Сонымен қатар,
мамандандырылған №4 халыққа қызмет көрсету орталығында медициналық мекеме,
автомектеп, тестілеу емтихан бөлімі орналасқан және арнайы автодром бар.
Автодром мотоцикл, жеңіл және ауыр жүк көліктеріне арналған. Жаңа мекеме 17
ақпаннан бастап өз жұмысын бастайды.
Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ,
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз