АҚЫНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

110

0

АҚЫНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жерлесіміз, ақын Мырзан Кенжебайды қабылдап, 70 жасқа толған мерейлі мерекесімен құттықтады. 
– Әдебиет пен өнер егіз ұғым десек, кез келген кемелденген, өркениетті мемлекет өз әдебиетін, мәдениетін қастерлеп, оны келер ұрпақтың санасына сіңіруге күш жұмсайды. Ол туралы жуырда ғана Елбасы өзінің рухани жаңғыру мәселесіне арнаған арнайы мақаласында көтерді. Әдебиет – халықтың асыл мұрасы. Өздеріңізге белгілі,  алты Алашқа Сыр елі – жыр елі деген ұғыммен жақсы таныс. Расында, Жаратқанның өзі осы бір киелі өлкенің топырағына жыр дәнегін молынан еккендей. Сол дәннен өнердің саф алтынындай өскіні өркендеп, ақындық пен жыршылықтың алтын тағылымы  ұрпақтарға жалғасуда. Таланттар мен дарындарға Сырдария, Арал топырағы кенде емес. Нұртуған, Көпжасар, Зейнулла Шүкіровтерді дүниеге әкелген киелі топырақтан Әбдіжәміл Нұрпейісов, Молдахмет Қаназ, Жарасқанның Әбдірашы, Қуаныш Жиенбаев, Шөмішбай Сариев сынды ақын-жазушыларымыз түледі. Осылардың арасынан сырлы жырларымен оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген бүгінгі қонағымыз Мырзан Сахиұлын да ерекше айтып, мақтан тұтамыз, – деп аймақ басшысы мерейтой иесіне жылы лебізін білдірді.  
Мырзан Кенжебай 1947 жылы Арал ауданындағы Құланды ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Әр жылдарда «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Заман Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Қазақ мемлекеті», «Аманат» газеттерінде тілші, республикалық «Қайнар» баспасында редактор, «Таң-Шолпан» журналында жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Қазір «Мәдениет» журналында редактор болып қызмет істейді. Ақынның өлеңдері «Мерейлі мекен» ұжымдық жинағына енген. «Жоғалған өлең», «Жазым өтіп барады» жыр жинақтары жарық көрген. 
Қабылдауда облыс әкімі мерейтой иесіне Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыстап, иығына шапан жапты, естелік сыйлық берді. 
Ақынның замандас әріптестері, қаламдас достары Есенғали Раушанов пен Мереке Құлкенов өз пікірлерін білдіріп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. 
Өз кезегінде Мырзан Кенжебай мерейлі мерекесін ескеріп, қошемет көрсетіп жатқан аймақ басшысына ризашылығын білдірді.
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз