ҚАЙРАТКЕР

374

0

ҚАЙРАТКЕРЗымырап жатқан уақыт, тоқсан жастан да асып барамын. Көз көрмеймін деп, аяқ жүрмеймін деп жылайды. Ендігі ғұмыр жаратушының қолында. Кеудеде жан барда көңілден кетпей, ойымнан түспей тұрған бір мәселені айтпай кетсем, өкініштің күйігі қалар, күш-қуатты қайрап отырмын. Мен үшін ең асыл әрі қымбат жан болған мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашев туралы толғануыма тура келеді. Оның өмірден озғанына бір жыл толыпты, биыл тірі болса, тоқсан жасқа толады екен.  Ағайын-тумалары ас беріп, еске алмақшы, оның ғибратты ғұмыры жайлы «Ел деп соққан жүрегі» кітабының тұсаукесері өтеді. Осындай озық ойлы азаматтың өмірбаянымен қайта танысуыма тура келді. Себебі колхоз бастығынан облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған жағдай Қазақстан тарихында бұрын-соңды болған емес. Мұны азаматтың білімі мен біліктілігін бағалау деп білемін.
«Сағидолла Құбашев 1927 жылы 10 ақпанда Атырау қаласында дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткерi. 1949 жылы Алматы мал дəрігерлік институтын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. 1949-1960 жылдары  шаруашылық жұмыстарда, 1960-1963 жəне 1965-1966 жылдары Атырау облыстық атқару  комитетінің төрағасы, 1963-1964 жылдары Қазақстан КП Атырау облыстық комитетінің бірінші  хатшысы қызметін атқарды. 1966-1975 жылдары  Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1975-1979 жылдары  Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары. 1979-1988 жылдары Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан КП Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы жəне Қазақстан КП Орталық комитетінің екінші хатшысы болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің V-Х шақырылымдарының депутаты болып сайланған. 1988 жылдан одақтық дəрежедегі дербес зейнеткер. 2004 жылдан «Мұнайшы» қоғамдық қоры Қамқорлық Кеңесінің мүшесі. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 11 шақырылымы депутаты болып сайланған. «Ленин”, «Октябрь Революциясы”, төрт мəрте «Еңбек Қызыл Ту”, «Халықтар Достығы” ордендерімен жəне көптеген медальмен марапатталған.
Міне, азаматтың жүріп өткен жолы, елге сіңірген еңбегі қысқаша қайырғанда осындай. Ал, оның Қызылорда облысына қатыстылығы, аз уақыт ішінде аймақты өркендетуге атсалысқан парызы бір бөлек әңгіме. Мұнда оның анасы жерленді, бір қызы теңін тапты. Яғни, осында нағашы жұрты қалғандай, құдандалы байланысы байланған жақындығы жатқандай болып тұрады.  Бәлкім, біздің арамыз одан да жақын шығар, олай болса естелікке кезек берейін.
Қазақта «ұлтты ұлы адамдарына қарап бағалайды» деген қанатты сөз бар. Тегін сөз емес. Текті сөз. Өмір мектебінің өнегесі осылай. Бар – байлық, бағалау – бақыт!
Тегінде, ақыл-парасатымен төрт көзі түгел топқа төрелік ету тізгіні әркімнің маңдайына жазыла бермейді. Ілуде біреу іріктеліп шығады. Ал, бақ болып келген басшымен ел қашанда бақытты. Оның жаққан алауына мыңдаған кісі жылынады. Жарқын ісі жылдар өтсе де жаңғырып, ел жадында есімі ерекшеленіп тұрады.
Ой ойдан шығады, ойламаса қайдан шығады. Жуырда ел туралы белгілі бір кісінің болымды пікірін естідік. Оның айтуынша, «Елбасының «Сыр – Алаштың анасы» деп айрықша атауының мәні бар екен. Тірлікке белді буып, тәуекел еткен, жомарт жүректі, мәрт мінезді халқының қасиетінде аймаққа қызмет етуге келген азаматтарды өз баласындай бауырына басып, қиын-қыстауда қолдау көрсетіп, елден кетсе де көңілден кетірмей, өнегелі істерді өшірмей, ұрпағына айтып отыратын үлгілі үрдіс бар». Біз Сыр елінің осындай озық дәстүріне куә болдық деді.  
Осы дәстүріміздің орайы қайта жаңғырсын, тағы бір тұлғалы азамат туралы толғануға тура келеді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне Сағидолла Құбашев тағайындалды. Бұл облыс үшін күтпеген оқиға еді. Өйткені Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымынан облысқа ауысу ойланарлық жәйт болатын.
Осыған дейін бұл қызметті Шәймерден Бәкіров атқарды. «Енді бұл орынға кім келеді?» деген сауал туындады. Ойымыз сан-сақта. Орынбасарларынан Яковенко ке¬лің¬кіремейді, Айқынбай Дүйсековтың жобасы бар. Бірақ оған ұсынысты кім жасайды? Аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары да талқыға түсті. Алайда нақтысын ешкім ашып айта алмады. Содан Алматыдан облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы Дәуірхан Айдаров телефон соқты: «Естуімше, облысқа бір үлкен кісі барады. Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары», – деді.
Айтса айтқандай, кадрды таныстыру үшін облыстық партия комитетінде ресми мәжіліс өтті. Мен Қызылорда қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде 9 бюро мүшесінің бірі болып, сол жиынға қатыстым. «Обкомның» бірінші хатшысы Тәкей Есетов төрағаның қысқаша өмірбаянын таныстырып, кезекті Сағидолла Құбашұлының өзіне берді. Кескін-келбеті келіскен Сәкең сөздің де шырайын келтіріп сөйледі: «Мен Қызылорда облысына өз еркіммен, сұранып келдім. Қабылдасаңыздар, бірлесе жұмыс жасауға дайынмын», – деді тоқетерін түйіндеп. Қатысушы қауым оны қолдап, қол соқты. Осылайша қоян-қолтық араластық басталып кетті.
Ұлы Абайдың «асыл адам айнымас, бір бетінен қайрылмас» дегені еске түседі. Ол асылдың өзі еді. Бірінші жұмыс күнінен бастап өңірді өркендету жолына бірден кірісті. Алдымен мал шаруашылығын дамытуға ден қойды. Мал саны жағынан аймақта көрсеткіш кемшін болатын, соны сезгендей, асылтұқымды ақбас сиыр алдыруды, қой санын көбейтуді қолға алды. Осы бағытта мал бордақылау пунктін ашу, ет комбинаты жұмысын жүйелеу жағына мән берді.
Екінші кезекте, аграрлық аймақтың негізгі дақылы – күрішті ғылыммен ұштастыру, өнімнің сапалық деңгейін арттыру мәселесін көтерді. Күн тәртібіне іліккен мәселе осылай жалғаса берді.
Жоғары лауазымды қызметтер атқарған кісінің тәжірибесі де жеткілікті, қолы да ұзын, сондықтан маңызды мәселені шешуге мүмкіндігі мол келеді. Осы негізге сүйеніп, оған қалада шешімін күткен шаралардан бірнеше ұсыныс қойдым. Біріншіден, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың қызметі құлдырап кетті. Техниканың тозығы жеткен, қаржылық жағдайы сын көтермейтін ауыр ахуалда еді. Екіншіден, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі түйінді күйінде қалып келді. Осыған орай жылына 80 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізуге көмек көрсетуді сұрадым. Үшіншіден, Тасбөгеттегі су тазалау стансасының қала халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге қуаттылығы төмен болып, ел дария суын тұтынып отырғанын, жерасты су көздерінен скважина қаздыруды жеткіздім.
Ол коммуналдық-шаруашылық қызметін дамыту жобасын дайындауды, бұл жөнінде министр Д.Ф.Кононенкоға кіріп, шешу жағын М.Ықсановқа иек арту қажеттігін түсіндірді. Бізге Мұстахим Біләлұлы қаржылық жағдайды шешуге көмектесті. Ал, техникалық жарақтандыру кейінге қалдырылды. Өйткені біздің облыс ең төменгі төртінші категориялы аймақ санатында тұрған, оған тиесілі құрал-жабдық соңғы кезекке қойылатын еді. Дейтұрғанмен, автокран техникасы бөлінді.
Ал, ауыз су мәселесін облыстық атқару комитетінің сессиясында қаралып, Қараөзек жерасты су көзінен скважина қазу қарастырылды.
Үш жыл ішінде ірі оқиғалардан Н.Бекежанов атындағы драма театр ғимаратының салынуына Сағидолла Құбашұлы мұрындық болды. Ол театрдың техникалық жобасын өзгертті. Өңірдің аптап ыстығын ескеріп, айнала терезені алдырып, ақ мрамордан қаптама жасауды ұсынды. Солай болды да. Сол үшін Мәскеуден Министрлер Кеңсесінен, Мемлекеттік Жоспарлау комитетінен рұқсат алдық, біршама бейнет кешуге тура келді.
Бір күні ол шұғыл Мәскеуге жиналды. Мен шығарып салуға бекіндім. Қандай мәселемен бара жатқанын да сұрадым. Ол: «Күріштік күрмекке толып кетті. Күр-мекпен күресу керек»,– деді.
Арада бірнеше сағат өтті, мен Алматыдағы достармен хабарласқанмын. Олар С.Құбашевтың Орталық комитетте жүргенін айтты. Аң-таңмын. Сосын телефон соғып едім, трубканың арғы жағынан: «Күрмекпен айналысқан дұрыс екен, Ыдеке. Реті келсе, күрмекпен көбірек айналысыңыз», – деді. Мен ештеңе түсінбедім. Сөйтсем, мемлекеттік құпия екен ғой. Көп ұзамай ол Қазақстан КП Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды.
Қазақстан Компартиясы Орталық партия комитеті оған орныңызға кімді ұсынасыз десе керек, сонда ол: «Қызылорда облыстық атқару комитетіне сырттан адам іздеу қажет емес, онда кадр жеткілікті», – депті. Сөйтіп, аталған қызметке менің кандидатурамды ұсынған екен. Оны ертесіне-ақ білдім. Обкомның бірінші хатшысы Т.Есетов шақырып: «Шұғыл Алматыға жиналыңыз, жолын тауып Шымкент арқылы ұшақпен ұшқаныңыз жөн. Алматыда қонақ үйге орналаспаңыз, туысқандарыңызға тоқтағаныңыз дұрыс», – деді.
Мен Д.Қонаевтың қабылдауында болып, қызметке тағайындауға келісімін алдым.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашұлының тазалығы, іскерлігі, ұйымдастырушылық қасиеті ерекше еді. Мұхаммед пайғамбар «адамның ең жақсысы – көпке пайда тигізген кісі» деген емес пе, ол жарық дүниеге адам боп келген соң адам боп қалудан асқан абырой жоқ дейтін тұлға болатын.  Олай дейтінім, оның қызметтік өсу баспалдағы да өте қызық. Бұл туралы өзінің естелігі бар.
«Өзім Нұрекеңмен 1955 жылдың жазында Есбол аудандық партия ұйымының Пленумында таныстым. Мен «Передовик» колхозы басқармасының төрағасы, аупарткомның бюро мүшесі едім. Пленумда сөйлеп, көп жылдан бері шешілмей келе жатқан су шаруашылығындағы мәселелерге тоқтап, екі тілек қойдым. Н.Оңдасынов жиналыстың үзіліс кезінде мені шақырып алып: «Осы айтқан мәселелеріңді қағазға түсіріп, Гурьевке кел, өзім қабылдаймын», – деді.
Мені Нұрекең жылы шыраймен қабылдады. Бір жұманың ішінде бір жүзбелі станция алатын болдым. Келесі жылы Бағырлай каналын салу басталатын болды.
Ал, 1960 жылы Нұртас Оңдасыновтың ұсынысы бойынша облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайландым. Облысты былай қойғанда, ауданда бірінші басшы болмаған адамға осындай өте жауапты жұмыс оңай болмады. Нұрекең көп көмек көрсетті. Бірінші жылы атқару комитетінің  мәжілістеріне жиі қатысып, пікір-кеңестерін аяған жоқ. «Жұмысты былай істеу керек» деп орынсыз ақылсынбайтын, «мынауың дұрыс емес» деп дікеңдемейтін. Ол ұзақ жыл атқарушы билікте істеп, көп тәжірибе жинаған, көргені де, білері де көп, қызмет істеген ортасы өте жоғары, Одақтың аса мәртебелі адамдарымен қызметтес болған, үйретудің, жөн сілтеудің ретін де, жолын да жақсы білетін. Мен  Нұрекеңнен өнегелі тәрбие алдым, оны ұстазым, өзімді оның шәкірті есептеймін», – дейді.
Ол жары Шолпан Халелқызымен бақытты өмір сүрді. Құдайдың берген перзенттерін өсірді. Бұл туралы өзі «Біздің отбасымызда алты бала өсті, Шолпан екеуміздің артық киім киюге, қымбат дүние жинауға мүмкіндігіміз болмады. Сондықтан да болар, ұл-қыздарымыз өз қатарынан артық киінуді, қымбат нәрселерге үйір болуды үйренбеді. Ерекше көрінбеу, қарапайымдылық, сөзі де, ісі де үйлесімді болу — алған тәрбиесіне байланысты», – деді.
Мен оның «Адам өмірі адаммен» кітабымен танысқанда көп жағдайға көзім жетті. «Мен осы жұмыстарда үлкен тәжірибе мектебінен өттім, мемлекет жұмыстарының көп қырын және жауапкершілігін үйрендім. Республика көлемінде өтіп жатқан жағдайларды, өзгерістерді көріп, біліп жүрдім. Соңғы кезде тікелей араластым», дей келе, «… Менің кадрлар жөніндегі ұсыныстарым бірінші хатшы Г.В.Колбиннен де, КОКП ОК-нің бөлімдерінде де сирек, өте қиындықтармен ғана қолдау табатын болды. Сенімсіздіктерден арыла алмадым, бұл ауыр жүк болды», деп өкінішін де жасырмайды.  
Біртуар азамат Сағидолла Құбашев қайтыс болғанда Елбасы Нұрсұлтан -Назарбаев марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы қайғыға ортақтасып, С.Құбашевтың ұзақ жыл түрлі мемлекеттік органдарға қызмет істеп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқанын атап өтті. Осының өзі ардақты азаматтың еңбегіне зор құрмет емес пе?!
Сағидолла Құбашұлының тұлғаға тән тұғыры, ерге тән ерен еңбегі ел жадында мәңгі сақталады. Мұндай жайсаңның рухы өлмейді, өміршең болуы заңды. Болашақтың іргесі кешегі тарихпен кемел келеді, ұрпақ олардың отансүйгіштік қасиетімен қанаттануы керек. Мен осындай рухы мықты азаматпен қызметтес болғанымды мақтаныш санаймын.
Тәуелсіздік туғалы тарих жаңару жылнамасын ашты. Ұмыт қалған, ұмыту алдында тұрған қаншама қастерлі қазақ перзенті ұлтымен қайта қауышты, тарихи есімдер қайта тірілді. Әрине, қуанарлық және сүйсінерлік табыс толағай, бірақ барды мезетінде бағалағанға не жетсін?! Тарихи тұлғалар тұғыры төмен тартып қалмаса дейсін. Өткенсіз бүгін жоқ екені айқын, соны терең сезініп, тарихты ортақ мүдде орайында ойластырса, ешкім елеусіз қалмас еді. Мен қазақтың қайраткер ұлы Сағидолла Құбашұлының өлшеусіз еңбегін елеп, Қызылорда қаласынан бір көшеге немесе әлеуметтік нысанға есімі берілсе деп сұраймын.
 
Ыдырыс ҚАЛИЕВ,
соғыс және еңбек ардагері.
Қызылорда қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз