«ҚАЙСАР» КӨШ БАСТАДЫ

112

0

«ҚАЙСАР» КӨШ БАСТАДЫҚазақстан премьер-лигасының екінші турында жергілікті «Қайсар» командасы өз алаңында «Тараз» футбол клубын қабылдады. Командалар арасындағы тартысты бәсекені жанкүйерлермен бірге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та тамашалады.
Ойынның бірінші таймында қонақтар сапынан 15 минутта Р.Мухаметшин есеп ашып, «Таразды» алға шығарған болатын. Алаң иелері үшін бұл ойынның басы қатты басталды. Қорғаушылары абдырап қалып, қақпашыларына дер кезінде көмекке ұмтыла алмағаны қонақтардың пайдасына шешілген еді. Алайда 34 минутта Володимир Аржанов есепті теңестірді. Осылайша алғашқы таймда қос команда да 1:1 есебімен тең тарқасты. Екінші таймның ортасында алаңға шыққан Саиджи Нтибазонкиза 74 минутта «Тараз» қақпасына алыстан гол соғып, «Қайсарды» алға шығарды. Әдетте алаңға кейін шыққан ойыншының соққан голын жанкүйерлер бапкерге теліп жатады. Бұл ретте бас бапкер Стойчо Младеновтың да шеберлігін айта кеткен жөн. 
Көп ұзамай қонақтар сапынан ойын ере¬жесін бұзумен қатар, төрешіге қарсылық көрсеткен А.Горбанец 80-ші минутта екінші «сары қағаз» алып, алаңнан қуылды. Осылайша алаң иелері үшін жеңісті есепті уыстарынан шығармау біршама жеңілдей түсті. Ойын қорытындысында 2:1 есебімен жергілікті команда жеңіске жетті.
Дәл осы күні «Ақжайық» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады. Ойын басталған сәтте «Ақ¬жайық» есеп ашқан еді. Көп ұзамай төреші қонақтар наразы боларлықтай екі шешім қабылдады. Әуелі айып соққысын белгілегендей болды да, лезде 11 метрлік айып добын белгіледі. Себебі, кеншілер клубының қорғау¬шысы допты қолмен тоқ¬татпақ болған еді. Айып добын Азуа Изу орындағанымен, оның соққысын қақпашы Игорь Шацкий тойтара білді. Бірақ соққыдан бұрын алға шығып кетті. Бас төрешінің көмекшісі мұны қалт жібермей, айып добын қайта орындауға мүмкіндік берді. Бұл жолы Нигерия футболшысы мүлт кеткен жоқ. Осыдан кейін қонақтар еңселерін көтере алмай қалғандай болды. Рас, екінші таймда бір гол соғып, есепті қысқартқан. Бірақ алаң иелері іле-шала тағы бір гол соғып, есепті 3:1-ге жеткізді.    
Алматыда өткен «Қайрат» пен «Оқжетпес арасындағы тартысты ойында Көкше клубына «Қайрат» қайратын өткізе алмады. Былтыр «Оқжетпесті» өз алаңындағы екі ойында 11:0 есебімен ойсырата ұтқан алаң қожайындары биыл ондай үстемдік таныта алмады. Екінші таймның басында қорғаушысы алаңнан қуылып, кем құрамда ойнады. «Оқжетпес» екінші голды соңғы секундтарда 11 метрлік айып добынан соқты. Алаң қожайындары үшін төрешінің шешімі күмәнді көрінген еді. Бірақ бұл ойында алматылықтардың «Оқ¬жетпес» футболшыларына еркіндік беріп қойғаны да өтірік емес.
Жаңа маусымның 1-ші кезеңінде «Орда¬басыға» есе жіберген «Астана» Павлодарға қонаққа барды. «Ертіс» пен елордалық команда арасындағы ойын да 1:1 есебімен тең аяқталды. Шымкентте «Ордабасынан» ойсырай ұтылған чемпиондардың алаңға алқына шыққаны айтпаса да белгілі. Ойынның 14-ші минутында қонақтар сапынан Серікжан Мұжықов есеп ашып, жанкүйерлердің көңіл-күйін көтерді. Арада көп уақыт өтпей, керекулік жігіттер есепті теңестірді. Әйтсе де, екі команда да тең есепке риза. Ойын барысында Астанаға Каньяс пен Максимовичтің жетпей тұрғаны байқалды.
«Ордабасы» мен «Атырау» да 1:1 есебімен тең тарқасты. Алғашқы турда былтырғы чемпиондарды ойсырата ұтқан, шымкенттік жігіттер «Атыраудан» ұтылып қала жаздады. Өткен турда қостанайлық командаға есе жіберген Атыраудың бүгінгі ойыны көңіл қуантады. 83-ші минутта «Атырау» есеп ашқан еді. Алайда ойынның соңғы минутында айып добын тамаша орындаған Мардан Төлебек шымкенттік жанкүйерлерді бір қуантты.  Бірінші кезеңде елор¬далық командаға алғашқы гол соқ¬қан да осы ойыншы болатын. Тоғыз ұпайынан айырылған «Атырау» үшін бұл ұпайдың ауадай қажет екені айтпаса да белгілі.
Екінші кезеңде «Тобыл» мен «Ақтөбенің» ойыны ғана 0:0 есебімен аяқталды. Бұл ойынды жанкүйерлер «Тобылдың» жеңісіне балаған болатын. Батыстың оғландары тағы да тартысты ойын көрсете алмады. Жаңадан жасақталған команда әлі де бір-бірін түсі¬нісе алмай жүргендей көрінді. Қос команда үшін де есеп ашатын қанша мүмкіндік болғанымен, екі тараптан да гол соғатын ойыншы табылмады. 
Жалпы жаңа маусымның екінші кезеңінде 4 ойын тең аяқталды. Тек екі ойында ғана алаң иелері жеңіске жетті. Екі тур қорытындысы бойынша Қазақстан  премьер-лигасында «Қай¬сар» көш бастап келеді. Екінші орынға «Орда¬басы» жайғасса, «Тобыл» үздік үштік¬тен көрінді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз