«ҚАЙСАРҒА» АРТЫЛАТЫН СЕНІМ ЗОР

49

0

«ҚАЙСАРҒА» АРТЫЛАТЫН СЕНІМ ЗОРКеше Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы драма театрында «Қайсар» футбол клубының жаңа маусым алдындағы таныстырылым рәсімі өткізілді. Бұл шараға жергілікті жанкүйерлер көптеп жиналды. 
Аталмыш рәсімді облыс әкімінің орынбасары, облыстық футбол федерациясының президенті Нұржан Әлібаев ашты. «Қайсардың» жарты ғасырға жуық тарихы тасқа басылған. Осы уақыт аралығында қызылордалық жанкүйерлердің көзайымына айналған ұжым көптеген жетістіктерімен елді қуантты. Қаншама талантты түлектерге ақжол сілтеді.
 Олардың арасында ұлттық құрама жейдесін киген ойыншылар да баршылық. Өткен жылы команда бірінші лигада ойын көрсетті. Доп додасы барысында жанкүйердің делебесін қоздырарлық ойын өрнегін паш етіп, маусым барысында үнемі үздіктер көшін бастады. Соның нәтижесінде Премьер-лигаға берілетін жолдаманы бірнеше тур бұрын иеленген біздің ұжым ендігі кезекте мықтылар қатарында жақсы нәтижемен көпшілікті қуантады деген үміт зор. 
Соңғы жылдарда облыста футболды дамытудың барлық мүмкіндігі жасалып отыр. Әсіресе, балалар футболының өрісін кеңейтуге баса назар аударылуда. Бүгінгі таңда аймақтағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жанынан спорттың осы түрінен арнайы бөлімдер жұмыс жасайды. Соның арқасында қазір біздің өңірде 30 мыңнан астам өрен аладоптың қыр-сырын үйренуге талпынып келеді. Облыста өткізілетін турнирлердің басым көпшілігі жасөспірімдер футболына арналған. Бұл келешекте Сыр өңірінде талантты ұландар тәрбиеленіп шығады дегенді білдіреді. 
Өңірде футбол саласының материалдық-техникалық базасын жақсартуға мән берілген. Бұрынғы жылдарда Арал, Қазалы аудандарында арнайы стадиондар бой көтерді. Жақында ғана «Қайсардың» базасы күрделі жөндеуден өткізіліп, футболшылардың пайдалануына берілді. Онда ойыншылардың демалуына барлық жағдай жасалған. 
Аймақта футбол спортын дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған арнайы бағдарламасы жасалды. Аталмыш бағдарлама аясында 3 мың көрерменге арналған  спорттық-көрме манежін, 10-15 мың адамға арналған жаңадан футбол стадионын салу жоспарланған. Негізгі мақсат – балалар мен жасөспірімдер футболын, инфрақұрылым мен бұқаралық футболды дамыту болып табылады. 
«Қайсардың» бас бапкері Дмитрий Огай алдағы маусымда жанкүйер сенімінен шығатын ойын өрнегін көрсетуге күш салатынын жеткізді. Бұл мақсатта облыс басшылығының қолдауымен команда Түркияда тыңғылықты дайындығын жүргізді. Содан кейін футболшыларға өздерінің нөмірлері жазылған жейделері таратылды. Команда капитаны Кирилл Шестаков №12 жейденің жанкүйерлерге бекітіліп берілгенін тілге тиек етіп, ұзақ жылдан бері командаға қолдау білдіріп жүрген Жәнібек Нұрқышев пен Нұрлыбай Ұлықбановқа аталмыш дүниелерді табыс етті.
Әділжан ҮМБЕТ.     
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз