АҢЫЗ БЕН ҒАРЫШ ТУРИСТЕРДІ ТАМСАНДЫРЫП ТАРТАДЫ

52

0

АҢЫЗ БЕН ҒАРЫШ ТУРИСТЕРДІ ТАМСАНДЫРЫП ТАРТАДЫІІІ «Байқоңыр” инвестициялық форумының алғашқы бөлігі кеше Қармақшы ауданы территориясындағы «Қорқыт ата” мемориалдық кешені мен Байқоңыр қаласынан бастау алды. «Қызылорда облысындағы туризмнің дамуы» тақырыбындағы секция отырысын ашқан облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев шетелдік елшілер мен туристік операторларға аймағымыздағы туризмнің болашағы туралы айтып берді. Басқосуда ежелден Жер кіндігі саналып келген Байқоңыр кешенінің туристік әлеуеті таразыланды. Елбасының тапсырмасымен әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы саналатын Байқоңыр «ЭКСПО-2017” бүкіләлемдік көрмесінде көрсетілетін нысандардың қатарына кіргені белгілі. Сондықтан жиында облыстағы туризм саласын, әсіресе Байқоңыр брендін дамыту мәселесі кеңінен талқыланды.  

Сырдың топырағына табаны тиген ІІІ инвестициялық форум қонақтарының төрткүл әлемдегі түркі халықтарының түгеліне аңыз болған Қорқыт атаға қойылған зәулім ескерткішке арнайылап ат басын бұруы тегін емес. Форум қонақтары алдымен ұлы жолдың бойына мәңгілік тыныс тапқан түркі дүниесінің ойшыл абызының құрметіне қойылған «Қорқыт ата»  мемориалды кешенінде, ондағы мұражайда болды. Осы жерде меймандар театрландырылған көріністі тамашалады. Олар Қармақшы ауданындағы №26 мектептің оқушысы Бибімариям Серік орындаған «Қорқыт-қобыз” әніне тәнті болып, қошеметпен қол соқты. Содан кейін амфитеатрда Қармақшы аудандық әуез мектебі мен К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты.
Бұған қоса, меймандар назарына биылғы жылдың басында ашылған Қорқыт ата атындағы Зиярат ету орталығы ұсынылды. Туристерге осы заманғы талапқа сай барлық қызмет көрсетуге арналып салынған орталық жұмысы таныстырылып, жақсы жарнама жасалды.  
Секция жұмысын облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев жүргізіп, жиналғандар алдында Қызылорда облысы аймаққа тартылған инвестиция көлемі бойынша республикада алдыңғы қатарда келе жатқанына тоқталды. Былтыр өткізілген екі инвестициялық форум барысында оң нәтижеге қол жеткізілді. Соның арқасында біздің аймақта өз жұмысын жүргізуге ынта білдірген инвесторлармен 25 меморандумға қол қойылды.
Осыдан кейін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов Сыр өңірінің туризм саласында бизнесті өркендетуге байланысты мүмкіндік көзі мол екендігін тілге тиек етіп, бұл саланың болашағы жайында баяндап берді. Ал Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Анатолий Петренко «Байқоңыр: Кеше, бүгін және болашақта” деген тақырыпта баяндама жасады. Ол ғарыш айлағында туризм бойынша көптеген мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сонымен қатар, «Барсакелмес” қорығының директоры Зәуре Әлімбетова экологиялық туризмді дамыту жөнінде ой бөлісті.
Тақырыптық секция жұмысынан кейін  форумға қатысушы туризм саласы мамандары және елшілер түс ауа адамзат баласы жер шарынан ғарышқа тұңғыш бет түзеген жер – Байқоңыр ғарыш айлағын бетке алып жолға шықты. Халықаралық деңгейдегі инвестициялық форумның қонақтары алдымен ғарыш айлағындағы «Байқоңыр» мұражай кешеніне аялдады. Форум қатысушыларына алдымен ғарышты қалашықтың тарихын тарқатқан деректі фильм көрсетілді.  
Мұнан соң қонақтар «Боран» орбиталық кораблінің макетін тамашалап, ракеталық-ғарыштық жүйенің негізін қалаушы академик С.Королев пен тұңғыш ғарышкер Ю.Гагариннің іссапар кезінде мекен еткен мемориалдық үйлерді айрықша ықыласпен аралады. 
Осы күні кесте бойынша «Союз-V» ғарыш кемесі көк төсіне самғауы тиіс еді. Сағат тілі түнгі 22-ден өте халықаралық форум қонақтары ғарыш кемесінің көкке самғаған сәтін тамашалады.  
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
Қармақшы ауданы мен Байқоңыр ғарыш айлағынан.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз