ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ (ХVІІ ғ.) БАС БАТЫРЫ ТЕКЕЙ ҚАРПЫҚҰЛЫНЫҢ СӨЗ ӨНЕРІ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ-ӘДЕБИ БЕЙНЕСІ

485

0

Қазақ хандығы – әлем өркениеті тарихындағы өзіндік орны бар ұлттық мемлекеттік құрылым.ХХ ғасырдың 1991 жылы 16 желтоқсанында Тәуелсіздік жарияланған, өткен 26 жылдың ішінде осы сәтке дейін планетамыздың барлық құрлықтарындағы мемлекеттермен терезесі тең Тәуелсіз Қазақстан Республикасы атымен әбден танымал болып отырған Отанымыздың өткені мен бүгінін, болашағын жалғастыратын өзекті мәселелер жүзеге асырылуда. Бұл орайда, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығының атап өтілуін мемлекетіміздің Мәңгілік Ел дамуы бағдарын айқындай түскендігін мәртебелене айтамыз. Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сол тарихи мерекеге арналған салтанатты жиналыстағы «Біз – Ұлы Дала ұрпақтарымыз» (Егемен Қазақстан – 2015.-12 қыркүйек, 1-2-б.б.) тақырыбымен сөйлеген сөзіндегі, «Тарих толқынында» атты кітабындағы «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы тарихи-танымдық байыптаулары жер бетіндегі қазақ ұлты ұрпақтарының тығыз топтасуына, ұлттық-отаншылдық рухпен жігерленуіне серпін беруде.
Қазақ хандығы мемлекеті дәуірінде берік ұстанымын қалыптастырған ұлттық-отаншылдық рух қуатының тарихи-мәдени негіздерін, тарихи тұлғаларымызды ұлықтауда, әрине, Елбасымыздың еңбектерін дәйектеме етеміз:
«…Алғаш Қазақ хандығы құрылған … жылдардан бастап, жалпыхалықтық руханияттың тарихи дамуына негіз қаланды. Біріншіден, халық рухының ұшқыны ақындардың, сазгерлер мен айтқыш абыздардың жүрегінде тұтанып, жалындай бастады. Асан Қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау сияқты бұл дәуірдегі ұлттық шығармашылығында шынайы қазақ руханияты қалыптасып дамыды. «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» сияқты батырлар жырында, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» және басқа дастандарға қазақтың ұлттық рухы түп тамыр ретінде негізге алынды.  Екіншіден, нақ осы уақытта Жәнібек пен Керей хандар Жетісуға көшіп кеткеннен кейін, халық рухы өзін-өзі тұңғыш рет ашық бейнелеп, қазақ деген өзінің тарихи төл атымен аталады.
…Және үшіншіден, дәл осы тарихи дәуірде халықтың ждауынгерлік рухы тағы бір тамаша оқиғадан көрініс табады.
ХVІІ ғасырдың бірінше жартысында Үш Жүздің үш ұлы биі – Төле би, Қазыбек би жіне Әйтеке би Тәуке ханмен бірге «Жеті жарғы» атты тарихи құжатты қабылдайды. Бұл киелі «жеті» санын нысан еткен киелі парыздан, қасиетті ережеден тұратын қазақтың әдепкі құқығының кодексі еді». (Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 2003.-288б;275-б.).
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихының қазіргі кезеңдегі рухани жаңғыру аясында ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 16 наурыздағы №73 бұйрығымен бекітілген 2017-2018 жылдары өткізілетін мерейтойлар мен атаулы кезеңдердің тізбесіндегі Қазақ тарихының көрнекті қайраткер тұлғаларының аталып өтіліп жатқаны – бәрімізді қуантып отыр. Атап айтқанда, Қазыбек би Келдібекұлының, Тама Есет Көкұлының, Текей Қарпықұлының 350, Ескелді би Жылкелдіұлының, Қабанбай батырдың 325, Сырым Датұлының 275 жылдық мерейтойларының Қазақстанның өңірлерінде аталып өткізіліп жатқаны – бүгінгі жаңа буын ұрпақтардың ұлттық-отаншылдық рух ұстанымын нығайта түсетіні ақиқат. Қазақ хандығы кезеңіндегі тарихи қайраткерлердің (хандардың, би-шешендердің, батырлардың) халықтық-ұлттық тұтастыққа негізделген мемлекеттішілдік көзқарастарды қалыптастырудағы тәлімгерлік-тәрбиешілік қызметтерінің бұрын жан-жақты қамтылмаған жақтарын айқындау, шынайы тарихи бағасын беру – уақытымыздың өзекті мәселесі. Бұл орайда, туғанына 350 жыл толуыҚазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен белгіленіп, бекітіліп, атап өткізіліп жатқан, Қазақ хандығының (ХVІІ) Бас Батыры Текей Қарпықұлының (1667-1752) батырлық-қолбасшылық және қайраткерлік қызметін ұлықтау тарихымыздың кем-кетігін толықтыру дәуіріміздегі аса маңызды оқиға болып отыр.
Қазақ хандығының (ХVІІғ.) Бас Батыры Текей Қарпықұлының сөз өнері шығармаларындағы тарихи-әдеби бейнеленуі бірнеше салаларымен жүйелене байқалады: біріншісі – Текей батырлық іс-әрекеттерінің деректілік және ауызша және жазбаша тарихи-шежірелік аңыздық мифтік сюжеттер бойынша жырлануы; екіншісі – Текей батырдың Қазақ хандығын Әз Тәуке хан басқарған кезеңдегі (ХVІІғ.) басқыншылармен шайқастардағы жеңісті оқиғаларын ақындардың терме-толғауларындағы, тарихи жыр-дастандардағы жырлануы, Халқымыздың ежелгі дәуірлердегі ата-бабалары мен кейінгі ұрпақтарының тарихи даму белестеріндегі өркендеп өсу жалғастығын ауызша жасқа сақтау қабілеттерімен танымал болған оқымысты абыздарымыздың (Үбісұлтан Аяпов, Запа Дәулетбаев, Айысбек Тәуенұлы, Байдос Ералыұлы, т.б.) деректері – қазіргі рухани жаңғыру кезеңімізде тарихимыздың аңтаңдақ беттерін толықтыруға негіз болып отыр. Аталған көрнекті шежірешілер жүйелеп сақтап келген «Кетелердің тарихи шежіресіндегі» деректер қазақтың әлемдік деңгейдегі ғұлама тарихшылары Мұхамеджан Тынышбаевтың, Әлкей Марғұланның, Әуелбек Қоңыратбаевтың, Самат Өтениязовтың, т.б. ғалымдардың ғылыми тұжырымдары арқылы дәйектеліп-дәлелденіп отыр. Сонымен бірге, жаңа деректер әлем өркениетіндегі қазіргі заманғы дербес тәуелсіз мемлекеттердің, автономиялы республикалардың, этникалық топтардың жалпытүрлік ортақ тарихи-мәдени даму үдерісінде бағалануын айқындап отыр. Сондықтан, бұрынғы кеңестік кезеңдегі жаңсақ, қате тұжырымдардың түзетіліп, халқымыздың ататек-әулет жүйелерінің, ондағы көрнекті тарихи тұлғалардың шынайы ғылыми тұрғыда бағалануы жүзеге асырыла бастады. Бұл орайда, «Кетелердің тарихи шежіресі» мұрасындағы Текей батыр Қарпықұлының тарихи-әдеби тұрғыда даралана бейнеленуінде айрықша назарға аламыз.
Текей батыр Қарпықұлы (1667-1752)
Шежіре-дастандағы Текей батыр бейнеленуінің басты ерекшеліктері саралана көрінеді: біріншісі – Әз Тәукенің бас сардары Текейдің қазақ әскерін бастауы, қалмақ пен қырғызды қоса билеп тұрған қоңтажы Қондайханның қолымен соғысқаны, жекпе-жекте қалмақ батырлары Есқожаның, Қанайдың басын алғаны; екіншісі – қалмақтың бас батыры Кегенді жекпе-жекте жеңе алмай тұрғанда киелі жебеушілері – екі аққуын шақырып, содан күш алып жеңіске жететіні.
Шежіре-дастан сюжетінің осы шиеленісті сәтіндегі тарихи шындық пен көркем шындық тоғысуы тұтастығымен өрілген ерекшеліктер – әлемдік фольклор мен әдебиет мұраларындағы поэтикалық үндестік сипатымен ерекшеленеді:
…Әруағы екі аққу ұшып келіп
Текейдің төбесінде сұңқылдаған.
Текейде ерекше күш пайда болып,
Кегеннің сол заматта басын алған.
Құламай бассыз дене ат үстінде
Ербеңдеп екі қолы біраз тұрған.
Кегенде әруақты батыр дейді,
«Айдаһарлы батыр» деп аты қалған.
Екі аққуы Текейдің келген кезде,
Кегеннің айдаһары жатып қалған.
Шежіре дастан сюжетінің одан кейінгі шешімді, дамуы желісінде айдаһарлы батыр Кегенді екі аққуының демеуімен жеңген Текейдің кейін бір баласына сол Кегеннің есімін қойғанын, қырғыз ханының қызы Бөке-аруды әйемдікке өзі алғанын, соғыс жорықтарымен ежелгі атақоныс-алтын бесік Алтай тауы атырабындағы Абақан жеріне дейін барып, сол жақта туған бір баласына Абақан есімін қойғаны жырланған. Текейдің қырғыз әйелінен туған Ұлтайдан, оны бауырына басқан Бөке анадан туған Абақаннан, Ақкөбектен, Құтпенбеттен, Кегеннен, Шымырбайдан тараған ұрпақтардың өсіп-өркендеу жүйесі баяндалған. Белгілі қаламгер-ақын Әбсалам Омаровтың осы Кетелердің тарихи шежіре-дастаны сюжеттерімен үндес жырланған «Текей батыр» дастанында КЕТЕ Асанның үш баласының (Киікші, Қарабазар, Қарпық) тұрмыстық-әлеуметтік ортадағы даралық ерекшеліктерін («Аталған хас батырлар ел арасы») бейнелей жырлауы да тарихилық пен көркем шындық тұтастығымен өрнектелген:
Киікші тура айтар болды биі,
Жайдары, ашық-жарқын көңіл-күйі.
Ортаймай ешқашанда дастарқаны,
Қонақжай шат-шадыман думан үйі.
Найзагер Қарабазар, қара батыр,
Дұшпанға еткен ерлік толып жатыр.
Найзаның қыры мен сырын терең ұққан,
Жау көрсе жалғыз өзі мыңға татыр.
…Ержүрек аты аңыз батыр Қарпық,
Шыңдалған жастайынан садақ тартып.
Құралайды көзге атар нағыз мерген,
Ел-халқы қадірлейді сенім артып.
…Қарпықтың үлкен ұлы Құдайназар,
Жаратқан берген қайрат, берген ажар.
Жомарттық, қайырымдылық, талапшылдық,
Кемтарға мейіріммен салар назар.
(Омаров Ә. Текей батыр… 12-б.)
Қазақ хандығы мемлекетін Әз Тәуке хан басқарған кезеңдегі тарихи тұлғалар қатарында осы аталған Қарпықтың балалалры Құдайназар батыр мен Текей батыр есімдері қатар аталады.
Олардың сөз өнері туындыларында бейнеленуінде Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын Ибрагим Бекмахановтың «Құдайназар батыр», «Текей батыр» атты тарихи арнау өлеңдерін айтамыз. Ағайынды екі батырдың Әз Тәуке ханның сенімді серіктері болғандығын тарихи деректерге сәйкес жырлаған. Құдайназардың Қазақ хандығын басқару және қорғау жұмыстарын («Әз Тәукедей дананың бас уәзірі Құдайназар ақылға терең еді») інісі Текей батыр екеуінің және оларды серік еткен Әз Тәуке ханның даналық тұлғалары даралана бейнеленген:
«Ол өзі батыр болған жүрек жұтқан,
Әумин!» деуді тұратын тілеп жұрттан.
Жан беріп, жан алысқан жекпе-жекте,
Дұшпанның талайының көзін құртқан.
Майданда шыққан аты даңқына сай,
Құдайназар ер еді салты да бай.
Інісі Текей батыр-ол бір жойқын,
Ағаға тартып өскен қалып қандай!
Бірі – уәзір болғанда, бірі-батыр,
Мұнда да тектіліктің сыры жатыр.
Әз Тәуке –бұл даланың ұлы ханы,
Қалды одан түрлі өсиет, нұрлы ақыл.
Ақынның «Текей батыр» атты тарихи жырында Қазақ хандығы әскерінің Бас батыры болған тарихи шындықты («Ер Текей Әз Тәукеге бас батыр боп, «сейілткен көңілдегі алаңды шын», «Тәукенің оң қолы боп топ бастаған, қылышын хас батырдың тот баспаған. Шайқаста сарбаздардың жүрегіне жігерлі ұран сеуіп, от тастаған») көркем шындық бейнелеулерімен өрнектей толғаған:
Жан еді найзағайдай жарқыл қаққан,
Елі үшін қайрат-күшін сарқып баққан.
Кетеде Қарпықұлы ер Текейдің
Есімін етер әркез халқы мақтан.
Ерлері алпамсадай өр денелі,
Жүрегі соққан сайын «Ел!» деп еді.
Сол елдің құрметінің белгісіндей,
Түркістан төріне ол жерленеді.
Белгілі қаламгер ақын Дастан Нәзікбаевтың «Текей батыр» тарихи дастанында да сөз арқауындағы туындылардағы оқиғалар (Текей батырдың Қарпық батыр отбасында дүниеге келгені, ағасы Құдайназардың тәлім-тәрбиесімен өскені, Әуіп палуанмен күресіп жеңгені, қалмақтың асуындағы айдаһарды көзін атып ағызып, басын шапқаны, шайқаста жеңілген қырғыз ханының қызы Бөке аруға қосылғаны, қалмақ батыры Кегенмен шайқаста жеңіп, басын алғаны, дара ерліктері үшін Әз Тәуке хан әскерінің бас қолбасшылығына тағайындалғаны) – ақынның өзіндік өлең сөз өрнектерімен жырланғанын оқимыз. Ақын Дастанның «Текей батыр» тарихи дастанында өзге туындыларда қамтылмаған Текей батырға байланысты мынадай оқиғалар жырланған: біріншісі–Қарақұмда Әз Тәуке басқарған Қазақ хандығы Құрылтайының өткені, оған қатысқан қазақ билерінің (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би), батырларының (Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Тама Есет батыр, Шекті Тайман Бұлғақұлы, Мәмбет, Ысты, Төлен, Керейт Жәнібек, т.б.) – бәрінің келелі кеңесуінен кейінгі шешім бойынша Жоңғар қалмақтарымен болған жеңісті шайқастар баяндалған.
Басқыншы жауларды талқандаған жеңісті шайқас өткен мекендердің (Қарақұмдағы «Жауқашты-Жапақ», «Бұланты шайқасы», «Қалмаққырылған», «Аңырақай шайқасы», т.б.) де ата-абабалар рухының мәңгілік айбынының дәлелдейтіні түйінделген. Тарихи деректерге негізделген осы кеңестер мен шайқастар кезіндегі Текей батырдың жиналған жұртшылық алдындағы арнау-толғанысы да реалистік көркем шындық поэтикасы аясында өрілген. Текей батырдың жарлай арнау сарынды сөздерінің бейнелі өрнектерінен («Жасымнан қазақ намысын биікке қойған ер едім», «Жұртыма жайған төсектей, жауыма ғана ірі едім», «Бауырын тесіп өт алам, жонынан кесіп ет алам. Өкпесін жаудың қабынтып, шыбындай жанын мен алам!») оның қаһармандық-отаншылдық келбеті дараланған.
Қазақ тарихы – қазақ ақын-жыраулары, жазушылары туындыларының алтын арқауы. Текей Қарпықұлын халық тарихындағы ұрпақтарға көрнекті, өнегелі тұлға тұрғысында бейнелеу, насихаттау бағдарындағы дидикатикалық-педагогикалық тәлім-тәрбие ұстанымындағы ақындар жырларындағы жеке шумақтардың эстетикалық ұлғатын танимыз. Мысалы, қазақ поэзиясындағы классикалық әдебиет алыбы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының арнау өлең шумағынан хан ордасындағы беделді батыр қолбасшының бейнесін сезінеміз:
«Сөзіңді жадыңда ұста Бекей Бегім,
«Бекпін!» деп беталдыңа кекеймегін.
Қасқайып хан алдында сөйлейтұғын,
Сен сонша Қарпықұлы Текей ме едің?!» (Омаров Әбсалам. Текей батыр, Қызылорда, 2017.–86 б.; 86 б.).
Ал, Сыр сүлейлері поэзиясы дәстүріндегі көрнекті ақын Шегебай Бектасұлының (1844-1916) «Би, батырларды жырлаймын» атты терме-толғауындағы баяндаулар да тарихи тұлғаның батырлық болмысын айқындай түседі:
Енді бермен келейін,
Қарпықтың ұлы Текейге.
Айдаһардың таудағы,
Басын кесіп ерлеген.
Уақытында тақымын,
Қалды ма жан көрмеген?
Халық арасында сақталып таралған ауызша әңгімелерде (ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі журналист Бегімбет Бүркітбайұлының деректері бойынша) ауыл адамдарының кенеттен пайда болған аждаһадан сескеніп, қорқып тұрғандарын көрген Текей батырдың атымен шауып келе жатып қорқынышты мақұлықтың көзін садақпан ойып жаралап, әлсіреп жатқанында басын кесіп алғаны, «кесірткеден адам қорықпас болар» деп халықтың көңілін жұбатқаны да батылдықтың, жүректіліктің өнегесіндей баяндалады.
Текей батырдың поэзиялық сөз өнері туындыларындағы бейнеленуінде халыққа танымал қаламгерлердің жыршы-термешілер репертуарында тұрақты орындалып келе жатқан өлеңдерін басты назарға аламыз. Көрнекті публицист-қайраткер қаламгер Мырқы Исаевтың «Қармақшы жырлары» («Сыр бойы» газеті, 24.09.1992 ж.) атты топтамасындағы Текей батырдың Қазақ хандығы тарихындағы тұлғасын ұрпақтарымыздың Тәуелсіз Қазақстан жаңа тарихындағы ұмытылмас ұлағатын даралай толғағаны – қазіргі, болашақтағы ұрпақтарға өнеге үлгісі. Текей бабаның Қазақ хандығын қорғағаны батырлығын, ол мекендеген жерлердің географиялық-топонимикалық атаулары («Сырлы там», «Қызылқұм», «Қарақ», т.б.), отарлық билеу кезеңінің қорлықтары («Текей батыр бабамды «Теке» деді, мұнысы – анық қорлау, келеке еді. «Теке мазар» деп жазып картасына, ұрпақты теріс жолға жетеледі») бәрі Мырқы ақын – көсемсөзшінің шығармасында тарихи дерек пен рухани жаңғыру тұтастығымен өрнектелген:
…Менің бабам – атақты Батыр Текей,
Пір тұтар оны Кете, бар Шөмекей.
Бабамның ерлік ісін паш етермін,
Бітеліп қалмаса егер бұл көмекей.
…Осы өңірде мекендеп Текей батыр,
Тәуке ханның қосында тіккен шатыр.
Бабам қазған арықтар, су тоспалар,
Төсінде Қызылқұмның сайрап жатыр.
…Келгенде бабам тура он жетіге,
Атойлап шыққан дейді жау өтіне.
Текей батыр қолбасшы боп тұрғанда,
Бір де бір жау жуымапты ел шетіне.
Текей батыр тірлігі болып дастан
Дүр Аманжол мадақтап жырға қосқан
Бабамның алты ұрпағы алты ру ел,
Бәріне бірлік, достық нұрын шашқан.
…Төрімде тұр әнеки Текей батыр,
Әр тасы бір ғасырлық жырға татыр.
Бабасын жалпы әлемге паш етем деп,
Мендей ұлы Қызылға келе жатыр… (Исаұлы Мырқы Дәумет немересі. Әз Тәукенің Текей батыры.-Алматы: ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттіктің Полиграфия комбинаты, 1996.-104б.; 21-б)
Ал ақын Ислам Дүйсебайұлының «Текейдей әрі әулие, батыр өткен» арнау толғауында да Қазақ Елі тарихындағы дара тұлғалар мен Текей батыр болмысы да тұтастықпен бағаланған:
Талайдың санасына ақыл еккен,
Сырымда әнші, жыршы, ақын өткен.
Әз Тәуке өзі сүйіп бағалаған
Текейдей әрі әулие батыр өткен.
Сынаптай сусып жатыр құмның бәрі,
Серпіліп көңілдегі мұңның бәрі.
Айналдым ұрпағыңнан, туған өлкем,
Жыршы құстай сайраған бұлбұлдары(Исаұлы Мырқы Дәумет немересі. Әз Тәукенің Текей батыры… 11-12-б.б.)
Сыр өңіріне танымал ақындардың бірі Бердәлі Оразәліұлының «Сырымды айтам» өлеңдер жинағындағы Текей батыр сынды халық көңілінен мәңгілік орын алар асыл адамдар (аруға лайық асыл жар ер азамат, тұлпарды баптар атсейіс, жырауды, ақынды бағалайтын тыңдаушы қауым, аңына дәл тигізер мерген, белдескенін жыққан палуан, т.б.) қатарындағы текті адамдар, батырлар-қайраткерлер болмысын ұрпақтар назарына өнеге етіп ұсынған:
…Батыр деп халық соны айтар –
еліне қауіп төнгенде
«Жасағым аз!» деп жалтаңдап
кейінге мойын бұрмаса.
Алысып өлсең жауыңмен,
артыңдағы алар кегіңді,
бәріңді бірдей қырмаса.
Өзекті жанға бір өлім,
мейлің маған мың жаса (Исаұлы Мырқы Дәумет немересі. Әз Тәукенің Текей батыры… 12-б.)
Текей батыр Қарпықұлы – Қазақ хандығы мемлекетін Әз Тәуке (Тәуекел-Мұхаммед батыр хан) басқарған кезде ханның Бас Батыры, мемлекет әскерінің қолбасшысы болған кісі. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарих ғылымының жетістіктері қатарында саналатын, тиянақты тарихнамалық деректерге сүйенген белгілі тарихшы ғалым Д.П.Қожамжарованың бағалауынша, Тәуке хан кезеңі жағымды сипатымен байқалады:
«…оның хандық құрған кезеңі Қазақ мемлекетінің «Алтын дәуірімен» теңестіріледі…
…Түркістан қаласы оның негізгі тұратын жеріне және Қазақ хандығының орталығына айналған. Тәуке көреген саясаткер, ақылды дипломат, құдіретті хан ретінде өз мемлекетінде ерекше әлеуметтік топты құрайтын, дала ақсүйектерінің өкілі билердің көмегімен өзінің үстемдігін нығайтуға тырысып, дәстүрлі қазақ қоғамында билерге ерекше маңыз бен құқықтар берді. Яғни, билер шаруашылық, әдет-құқық, әскери және идеологиялық міндеттерді атқаруда ерекше рөлдерді иеленді (Қожамжарова Д.П. Қазақ хандығы: Монография. – Алматы: «Дулат» баспа кешені, 2015.–216б; 189-190 б.б.).
Бас батыр Текей Қарпықұлының ақындардың эпикалық шығармаларындағы әдеби бейнеленуі ХҮІІ ғасырдағы Қазақ хандығының қырғыздармен, қалмақтармен болған соғыс оқиғаларына байланысты жырланған. Сөз арқауындағы ауызша тарихымыздың, көне жәдігерлігі «Кетелердің тарихи шежіресіндегі» қырғыздармен болған шайқастардағы Текей батырдың дара ерліктері ақын Ә.Омаровтың «Текей батыр», Дастан Нәзікбаевтың «Текей батыр» дастандарындағы сюжеттерде көркем шындықпен суреттелген. Ә.Омаровтың дастанындағы сюжетте қырғыздың жан сауғалап қашқан екі батырымен шайқасқа ұмтылғаны («Ақ найза тасқа ұшын алған қайрап, дұшпанға шапты жалғыз «Майлыбайлап», «Сыртынан қойға тиген қасқырдай боп, қырғыздың көп сарбазы қалды жайрап»), қашқан мыңбасы қырғыз қолбасының қылышынан Текейдің қарнының жарылғаны, өз ішмайын өзі толғай жұтқаны, қарынын тіккізіп, үстіне Ақ аюдың өтін жағып үш айда сауыққаны, он бес мың қол жиып қырғызға қайта аттанғаны – тарихи деректер аясында жырланған:
Бата алды Әз Тәукеден қолды жайып,
Кім мықты ығай-сығай қыран-сайып.
Қырғызды өз жерінде тас-талқан ғып,
Қазағым қалары анық бір марқайып.
«Жар болсын-деді Тәуке – Жарғыз Егем,
Қолдасын жолдарыңды Ғайып Ерен.
Абырой, жігер, намыс берсін Алла,
Шыңдалған сайдауыттай ылғи берең!»
Текей батырдың қырғызға аттанып, есесі кеткен қолбасыны, басқа да батырларын жекпе-жекте жеңгені, әскерлерін талқандағаны, бұдан кейін Қазақ Елінің мамыражай, бейбітшілік, тыныштық орнаған берекелі тұрмыста болғаны баяндалған.Тарихи дастандар сюжеттерінің дамуы желілерінде жоңғар қалмақтарымен болған шайқастар кезінде Текей батырдың қалмақтың қолбасы батыры Кегенмен болған жекпе-жек шайқасы айрықша даралана жырланған.Қалмақ батыры Кегеннің кескін-келбетінің бейнеленуі де өмір шындығына сәйкес поэтикалық мағыналы өрілімдермен өрнектелген:«Қолбасы Кеген деген қас батыры, аямас қарсы келсең қылар зақым», «Кегеннің түрі сұсты, өзі ірі, жібермес қарсыласын қайта тірі», «Астында жорға мінер кер төбелі, алмайды қазақтарды есеп санға», «Дауысы зор Кеген батыр сөйлеп өктем, перідей жан ұшырып түскен көктен», т.б.
Әлем өркениетіндегі фольклор мұралары мен әдеби шығармаларында батырларды жекпе-жек майданның суреттелуі – классикалық дәстүр. Ә.Омаровтың, Д.Нәзікбаевтың осы Текей батыр дастандарындағы Текей мен Кеген екеуінің жекпе-жегі суреттеулері де осы көркемдік үрдіс аясында бейнеленген. Жекпе-жектің барысындағы шоқпарласу, найзаласу, қылыштасу сәттеріндегі жанталасқан қимыл-әрекеттердің өмір мен өлім арасндағы намысты арпалыстыңреалистік сипатын көз алдымызға елестетеді. Ә.Омаров дастанындағы жекпе-жек сәттерінің(«Қолға алып айқасты шоқпармен», «Енді бұлар қолға алып ақ найзаны»)шешуші іс-әрекеттері қылыштасу кезеңімен тоғыстырыла суреттелген:
Алдаспанмен айқасқа кезек жетіп,
Бір-біріне сілтеді шауып өтіп.
Ерен күшпен соққанда қылыштарын,
Арасынан ойнады от жарқ етіп. (Д.Нәзікбаев. Текей батыр… 28-б.).
Ә.Омаровтың дастанында да осы екі батыр жекпе-жектерінің арпалысты сәттері («Қос батыр емін-еркін найзаласып, «Қос батыр қолдарына қылыш алды, серместі қылыштарын оңды-солды») баяндай келе, тең қайратты шайқастың шынайы сипатын көз алдымызға елестетеді:
Жан пида етіп ерлер қылыштасып,
От болып көздері жалын шашты.
Жетпеді бір-біріне өрелері,
Талқандап жүруші еді қара тасты.
Ер Кеген болар-болмас жаза басты,
Дегенше әне-міне маза қашты.
Шалттықпен қателікті пайдаланып,
Ер Текей қылышпенен шапты басты (Омаров Ә. Текей батыр. 58-59–бб.).
Дастандар сюжеттерінің дамуында қалмақ батырын жеңген текей батырдың жауы болса да оның күш-қайратын бақылап, ақ жуып арулап жерлегені, баласына, оның еститін қолғаны, Әз Тәуке әскерінің Бас сардары болғаны баяндалған.
Ә.Омаров дастанының құрылысында жасы ұлғайған Текей батырдың балаларына (Ұлтай, Абақан, Ақкөбек, Құтпенбет, Кеген, Шымырбай) өсиет-бата бергені де баяндалған. Әрқайсысының мінез-құлқына сай басты мұрагерлік бағалаулар (Ұлтайға – балықшылық; Абақанға, Ақкөбекке – би-шешендік; Құтпенбетке – палуандық; Кегенге – батырлық; Шымырбайға – байлық) бергені де ата-бабалық дәстүр тағылымымен өрнектелген:
… Үлкені бабамыздың Ұлтай еді,
Үкілеп мәпелеген бүкіл елі.
Алладан тілек тілеп Текей, Бөке,
Сарғая күтіп еді көптен бері.
…Пенденің болсын Алла бір панасы,
Еліне болсын адал әр баласы.
«Ұлтайдан ұл туса, балыққа   күн туар» деп,
Мақал барел арасы.
Ұлтайға Тәуке, Әйтеке бата берген:
«Мерейі болсын үстем бүкіл елден!»
Түкірді ауызына Әйтеке би,
«Тағдыры болсын бірге қалың елмен!»
Екі дастанның да сюжеттік шешімі бөлігінде сексен бес жасқа келіп жалған дүниеден мәңгілік бақиға аттанған Текей батырдың «Әзірет сұлтан» кесенесінде жерленуі баяндалған.
Д.Нәзікбаев дастанының құрылысында Қазақ хандығы мемлекетін қалыптастырудағы, нығайтудағы қайраткер хандардың (Салқам Жәңгірдің ерлігі, Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы»заңдары), билердің (Төле, Қазыбек, Әйтеке, Әнет баба),  батырлардың қоғамдық-әлеуметтік қайраткерлік қасиеттеріне дерекнамалық бағалаулар жасалған.
Елдік-отаншылдық, мемлекетшілдік ұстанымдағы Қазақ хандығы мемлекетін қалыптастыру, сақтау, нығайту бағдарындағы ел басшылары құрамындағы Текей батыр Қарпықұлының да тарихи-әдеби бейнесі даралана көрінеді:
…Төле биім, Қазыбек, Әйтеке би,
Күн-түн қонып халқыма жасады сый:
«Биге қоса бір батыр әрбір Жүзден,
Ел қорғауды ойға орап, көңілге түй!»
Текей батыр қосылды Кіші Жүзден,
Батырлығы көп жаннан қара үзген.
Талай рет жекпе-жек ұрыс салып,
Батырларын жоңғардың сонда жеңген.
Жан дүниемде алайын ойды құрап,
Парасатым әділдік тұр ғой сұрап.
Тәуелсіздік алу үшін қаншама рет,
Тән мен жанды жаралап тұрдық құлап.
«Жеті жарғы» жазылды даналықтан,
Арылуға тиіс ел балалықтан.
Хан адасса, би тайса, бай тарылса,
Халық зардап шегеді шалалықтан.
Көктемменен келеді жылдың құсы,
Жақсы сөздің тірелер қайда ұшы?
«Тұрақты әскер қазаққа ұстау керек»,
Әйтеке мен Текейдің ұсынысы.
Сол жиында осындай болды ұсыныс,
Осы ойға керек еді тек құлшыныс.
Өкінішті, көбісі қолдамады,
 Қазақ үшін, – деді ол олар, -бұл шығын іс.
Кейін ғана түсінді дұрыстығын,
Өткен істі шешпейді ұрыс бүгін.
Қателіктен тұрады қай кезде де,
Ұнамайтын   жаныма құныс күнім.
   (Нәзікбаев Д. Текей батыр, 32-33 б.б.)
Д.Нәзікбаев дастанындағы тарихи дерек мәселелері қатарындағы Текей батырдың керейт Бидас батырмен бірге қазақ жастарына  соғыс өнерін үйрететін мектеп ашқаны, жоңғар қалмақтарына қарсы соғыста Кіші Жүз батырларымен (Тама, Есет, Шекті Тайман, Табын Бөкенбай) бірге жиырма екі жыл соғысқандары («Текей батыр жорықта жиырма екі жыл, жауға қарсы ерлікпен қол бастаған», 42-б.)– бәрі де тарихнамалық деректер аясында жырланған.
Д.Нәзікбаев дастанындаың «ІҮ. Қызылқұмды қоныс қылған» бөлімінде Әбілқайыр ханның кезіндегі Текей батыр мен ағасы Құдайназар екеуінің елді бастап келіп Қызылқұмдағы Жаңадария, Қуаңдария жағалау атыраптарын мекендегендері баяндалған. Сол кезеңнің тарихи айғақтары – елді мекендер (Аққала, Орқала, Бестам қала), Қызылқұмның табиғи байлықтары (самал жел, құстар, балықтар, сексеуілдер, талдар, жыңғылдар, шөптер, қамыс), аңдар (арқар, киік, қоян, қырғауыл, жолбарыс, үйрек, қаз), төрт түлік мал – бәрі де өмір шындығын бейнелеулерімен суреттелген.
Текей батырдың басшылығымен егін, бақша егілгені, қолөнердің, аңшылықтың дамығаны баяндалған. Аңшылық кезінде жолбарыспен жекпе-жекте Текей батырдың жеңген ерлігі де көркем суреттеледі. Дастан құрылысында ақын мифтік бейнелеу аясында қуаңшылық болған бір жылы Текей батырдың Тәңірге мүнәжат еткен тілек-дұға сонан кейіннөсер жауып даланың гүлденгені, халық тұрмысының жақсарғаны баяндалған.
Текей батыр туралы сөз арқауындағы сөз өнері шығармаларында жырланған тарихи-әдеби бейнесін даралай танытатын басты ерекшеліктер қатарында оның туған халқына, ұрпақтарға арналған қаһармандық, азаматтық-отаншылдық, қайраткерлік, тәлімгерлік-тәрбиешілік рухты арнау сөздерін («Жасымнан қазақ намысын, биікке қойған ер едім. Қаныма сіңген қасиет, «Елім!» деп соққан жүрегім», «Жұртыма жайған төсектей, жауыма ғана ірі едім», «Ұлымды қалай құл қылам, қызымды қалай күң қылам», «Айбатын шегіп далама заманың тұрған сұр жылан», «Бауырын тесіп өт алам, жонынан кесіп ет алам. Өкпесін жаудың қабындып шыбындай жанын мен алам!», «Далам да менің анам-ды, білемін қай кез шамамды», «Мен тірі тұрсам жеріме, баспайды сырт жау қадамды», т.б.) айрықша назарға аламыз:
Уа, қазағым!
Қанымыз асыл ел едік,
Кешу де бермес көл едік.
Тағдырым кейде тарылса,
Шеті жоқ шексіз шөл едік.
Жақынға жақсы ем едік,
Жатпенен тұрсақ тең едік.
Арымнан жаным садаға,
Қазағым, кімнен кем едік?
Жауап тап, заман, сұраққа,
Сыпсың сөз ілме құлаққа.
Еліме салмақ түскенде,
Жанарды төмен құлатпа!
Бірлігім артса бақ келер,
Тірлігім тасқан шақ келер.
Қаһарым түссе, қылышым
Тасыңды қара қақ бөлер.
Күш берсін жан мен көлікке,
Оңаша кетіп желікпе!
Жеріңді беріп жоңғарға
Айналма тірі өлікке!
(Нәзікбаев Д. Текей батыр. – Қызылорда, 2017. – 66 б; 39-41-бб.)
Текей батырдың би-шешендік дәстүрімен тәлімгер-тәрбиеші тұғырындағы қанатты сөздері ұрпақтардың жадында мәңгілік жатталған:
«Ұлдары батыл, қыздары асыл елге жау жетпес. Ұлдары жасық, қыздары пасық елден дау кетпес» (Нәзікбаев Д. Текей батыр… 57-б.).
Текей батырға арналған сөз арнауындағы эпикалық шығармалар құрылысының қорытынды бөліктерінде оның 85 жасқа келіп, қайтыс болғанынан кейін Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне Қазақ хандарымен, би-шешендерімен, батырларымен бірге жерленгені жырланған. Бұл – Қазақ хандығы кезінде қалыптасқан мемлекеттік шешімнің нақты көрсеткіші. Ұлы Дала Елінің көпғасырлық тарихындағы көрнекті тұлғаларды ұлықтау рәсімінің ұрпақтар жалғастығында тұрақты сақталып келе жатқандығы – біздің ұлттық рухани болмысымыздың қасиетті жолы. Қазіргі кезде туғанына 350 жылдығы жалпыхалықтық-мемлекеттік, республикалық деңгейдегі кең көлемде аталып жатқан Текей батыр Қарпықұлының Тәуелсіз Қазақ Елі жаңа ұрпақтарының Мәңгілік Ел дамуы бағдарындағы болашақ тарихында да ешқашан ұмытылмайтындығы ақиқат.
Қорыта айтқанда, Қазақ хандығының (ХVІІ ғ.) Бас батыры Текей Қарпықұлының сөз өнері шығармаларындағы тарихи-әдеби бейнеленуі мемлекетшілдік-отаншылдық ұстанымдағы ата-бабалық ұлттық рухымыздың, батырлық-қаһармандық қайраткерлік ұстанымымыздың ұлағатын дәлелдейді. Тәуелсіз Қазақ Елінің жаңа тарихындағы ұрпақтарымыздың ата-бабаларымыздың осы қасиетті дәстүрін жарқын болашаққа жалғастыра берері ақиқат.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз