ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДА АШЫЛМАҒАН БЕТ КӨП

154

0

 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДА  АШЫЛМАҒАН БЕТ КӨПСаяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумында тарихты ақтарып, біраз деректерге көз жүгірттік. Осындай беделді басқосуда баяндама жасау  мен үшін үлкен мәртебе деп ойлаймын. Бұл жиында бірқатар мәселенің ортаға салынуы да заңдылық. Өйткені, Сыр өңірін Ұлт Көшбасшысы Алаштың анасына балады. Сондықтан, дәстүр бойынша келелі мәселелер қара шаңырақта ой талқысына салынып, өз шешімін табатыны тарихта бесенеден белгілі. 
Бұл жиынға арқау болған рухани жаңғырудың бірден-бір жолына, яғни сол ұлттың тарихи құндылығына ешкімнің дауы жоқ шығар. Себебі, тарихи тәжірибе мен тағылым, тарихи жады – ақылдың ұстазы әрі ой-пікірдің де жол сілтеушісі. Тарих ғылымының мақсат-мұраты анық болған жағдайда ғана ұлттың мәңгілік берекесі мен таусылмайтын қазынасына айналады. Бүгінгі тарих ғылымы мемлекет танымының негізгі кезеңдерін қарастыру үшін саяси маңызды оқиғаларды зерттейтін империкалық ғылымнан қоғамды, оның даму динамикасы барысын да зерттейтін ғылымға айналды. 
Мен бүгінгі конференцияда Қазақстан Халқы ассам¬блеясының беделін ескере отырып, бірнеше мәсе¬леге тоқталдым. Біріншіден, біз тарихпен, әуес¬қойлармен және кәсіби тарихшылар еңбектерімен танысамыз. Оның үстіне көпшіл жұрт негізінен оқуға бейім болғандықтан, әуес¬қой тарихшылар жазбасынан ақпарат алып жатады. Ал кәсіби тарихшылар еңбегі көпшілікпен емес, ғылыми ортада оқылады. Сондықтан, барлық міндеттерге ғылыми негіз болу үшін тез арада қазақ тарихын кеңейтіп жазуымыз керек. Сондай-ақ, оның ғылыми редакциялық кеңесіне отандық ғалымдармен бірге әлемдік тарихшылар кеңінен тартылуы тиіс. Себебі, бұл тарихымыздың әлемдік өркениет тарихы¬ның құрамдас бөлігі ретінде мойындалуына негіз болады. 
Екіншіден, бүгінгі күні ¬алдымыздан шығып отырған мәселе – деректану сала¬сындағы сабақтастықтың үзіліп қалуы. Бүгінгі тарих ғылымының қоғамдағы орны¬на байланысты жастар тарапынан бұл бағытқа қызығушылық жоқтың қасы. Рухани жаңғыру бағы¬тында осы мәселені орнына келтіруге күш салуымыз керек. Ұстаның құралсыз өнім шығара алмайтыны тәрізді деректанусыз, дерексіз тарихшылардан да толыққанды еңбек күте алмаймыз.
Тарихи жады мен оған негізделген тарихи сана әртүрлі қауымдастықтар мен топтардың шынайылық, ақиқаттылық туралы түсінігімен анықталатын құбы¬лыс деп қарағанымыз дұрыс деп ойлаймын. Біздің жағдайымызға қарасқан ұлттың әрбір өкілі ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылуы тиіс. Неғұрлым ғасырлар түбіне тереңдей берген сайын соғұрлым тектес халықтар арасындағы айырмашылық жойы¬ла береді.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
облыстық мәслихат хатшысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз