ҚАЗАҚ ТАБИҒАТЫНАН СУРЕТШІ ХАЛЫҚ

92

0

Өнерге
деген сүйіспенші­лік, құштарлық – адам баласының бойындағы ең құнды қасиет.
Соңғы уақытта осы мәдени құндылыққа жұрт назарының қайта бұрыла бастағаны
қуантады. Қызылордалық қылқалам шебері Һәм мүсінші Аманкелді Кененбаевтың туын­дылары
әлемдегі талай-талай көрме­лерге қойылып, талғампаз көрерменнің көз­айымына
айналғанын бүгінде жал­пақ жұрт біледі. Жаңа жылдың алғашқы күндері егіз
өнердің құлағын ұс­та­ған жігіт ағасымен әңгіме­ле­су­дің орайы келе қалғаны.


Аманкелді Кененбайұлы, бейнелеу өнерінің бәсі артсын деп жүрген өнер
жанашырының бірісіз. Жалпы, суретші дегеніміз кім, сурет дегеніміз не, әңгімені
осыдан бастасақ…

– Данышпан Л.Толстой «Адам баласы бір-біріне
сөз арқылы ойын жеткізсе, өнер арқылы сезімін дарытады» деген. Суретші
(художник) деген сөз, меніңше, ерікті адам, қиялға мүмкіндік беретін жан
дегенді білдіретін секілді. Мәселен, сахна өнерінің тарланын «Ол үлкен суреткер
еді» деп әспеттеп жатады. Өнер адамы болғаннан кейін не жазсаң да халықтың көңілінен
шығатын, жұрттың сезімін тербейтін дүние жазуың керек. Ал бейнелеу өнері
адамзат баласының заманнан заманға рухани эстетикалық байлығы ретінде ұласып
келе жатқан өнер саласының бір тү­рі, ғасырлар жаңғырығын бізге жоғалтпай жет­кізетін
бірден-бір куәгер. Бір сөзбен айтқанда, сурет – халық өмірінің сәулесі. Біз осы
картиналар арқылы мыңдаған жылдар жемісіндегі тіршіліктің талқысын, азаматтың
салт-ғұрпы мен кәсібін, мәдениетін, оның бастан кешкен қайғы-мұңы мен гүлденген
ша­ғын, табиғаттың мың құлпырған бояуын, жан-жануарлар дү­ниесінің алуан түрлі­лігін
танып білеміз. Ме­нің­ше, өнерді сүю – өмірді, табиғатты, айнала қоршаған
ортаны, Отаныңды сүю. Ол адам­ның ақыл-ойын, пайым-парасатын өсіріп, танымын
кеңейтеді, адам жанын әсемдік пен ізгілікке үндейді.


Сіз дамыған елдердегі симпозиумдарға бірнеше мәрте қатысып, әлемдік деңгейдегі
білгір мамандардың дәрісін тыңдау бақы­ты­на ие болдыңыз. Бұған қоса, Мәскеу,
Минск, Одесса, Варшава, Будапешт, Прага, Лондон, Нью-Йорк және Токио секілді
ірі қалаларда ұйымдастырылған көрмелерге карти­наларыңыз қойылды.Озық елдерден
нені байқадыңыз?

– «Бейнелеу өнерін біз Еуропадан келді,
суретті кенепке майлы бояумен салу кәсібі алдымен Батыста, кейін өзге елдерде
қанатын кеңге жайды» деп жүрміз. Менің ұғымымда қазақ халқы атам заманнан
өнерсіз халық емес. Соның ішінде бейнелеу өнері де қазақ жерінде сонау 6-7
ғасырларда өркен жайған. Кейін түрлі тарихи себептермен даму кенжеледі. Бір
қызығы, бүгінде түркі халқының талантты перзенті, суретші Бекзаттың туындысы
(француздың атақты суретшісі Анри Матисс оны өзіне ұстаз тұтқан) Лондон
мұражайында сақтаулы тұр. Бұл батыстың өзі біздің ата-бабаларымыздан өнеге
алғанын көрсетеді.

Бір
байқағаным, батыста көру, есіту секілді сезімдердің ішінде көру сезімі алғашқы
орынға қойылған. Еуропалықтар қонақтарын алдымен галерея және мұражайларға
апарады. Қонақтарын ғана емес, балғындарды да сонда жиі апаратынын, сол арқылы
жас өркеннің сезімін тәрбиелейтінін 2007 жылы – Лондонға, 2010 жылы Парижге
барғанымда көрдім. Еуропада әлемге әйгілі 7-8 үлкен мұражай бар. Біз
Ұлыбритания сапарында Лондондағы Британ ұлттық мұражайы, Ұлыбритания
ханшайымының меншігіндегі «Виктория-Альберто» мұражайы және Тэйт галереясында,
М.Шоқайдың бюстін Париж қаласына қоюға барғанымызда әйгілі Лувр мен Джорж
Помпиду атындағы жаңа өнер мұражайларында болып, тамашаладық. Осы атақты
мұражайларға кіргенімде балабақша жасындағы бір топ балақай еденде бояу-бояу
болып даңқты суретшілердің белгілі картиналарынан фрагменттер көшіріп салып
жатқанын көрдім. Көрдім де таңғалдым. Бұл – тәрбиенің бастауы. Бала жас кезінен
сезімге әсер ететін жақсы дүниені көріп түйсінсе, адамгершілік пен ізгілікке
ұмтылып өссе, оның болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Естуімше, Жапонияда
бастауыш сынып оқушыларын мектепте бірнеше ондаған түсті ажыратуға үйретеді
екен. Атап өтерлігі, дамыған елдерде жеке галереялар өте көп, оларға барушы
көрермен де жеткілікті. Біздің қаламызда 2014 жылы көркемсурет галереясы мен
дарынды балаларға арналған үйірме ашылып, суретшілерге шеберхана берілді. Бұған
мен ғана емес, үзеңгілес әріптестерім де айрықша қуанды.


Сіздің АҚШ-та өткен халықаралық көрмеде «Алтын қыран» медалін алғаны­ңыз­ды
білеміз. Бүгінге дейін Сыр өңірінде мұндай марапатқа ие болған өнер иесі жоқ
екен. Жалпы, көрмелерге жиі қатысып тұрасыз ба, көрме сізге не береді?


Мұхиттың арғы бетіндегі Нью-Йорк қаласындағы «Нью-Йорк Реализм» академиясы жыл
сайын «Жер, уақыт және адамдар» тақырыбымен көрме ұйымдастырады. Онда
жер-жаһандағы қылқалам шеберлерінің туындылары 7-8 ай бойы көпшілік назарына
ұсынылады. Еңбектерімнің кішірейтілген нұсқасын жібердім. Ұйымдастырушылар осы
конкурстың ең жоғары жүлдесін маған берді. Жүлде алған туындыларым сол елдегі
журнал-каталогқа басылып шықты. Осы жерде жазған жұмыстарымның каталогы да жоқ
екенін айта кетейін. Мұның бәрі материалдық қолдауға тіреледі. Көрмеге келсек,
сонау 80-жылдан бері жүзге жуық көрмеге қатысыппын. Суретшілер қауымы көрмеге
картинасын қою арқылы көрерменнің, әсіресе жастардың жан-дүниесін, сезімін
ізгілікке тәрбиелеуге үлес қосады. Әйтпесе өзіміз жазған жұмысты күнде көріп
жүрміз. Барлық өнер туындылары секілді бейнелеу өнері де жұртшылықты мәдениет
пен жақсылыққа тәрбиелейді. Мұның пайдалы жағы осы. Екіншіден, ол өзімізге сын
көзбен қарауға үйретеді: бағыт-бағдарыңды айқындап, кемшілігіңді көріп отырасың.
Әрі отандық, шетелдік әріптестермен шығармашылық байланыс орнатасың. Былтыр
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ақтөбеде Қазақстан-Ресей суретшілерінің
пленэр-көрмесі ұйымдастырылды, осыдан сәл ғана уақыт бұрын Алматы облысы,
Қарасай аудандық әкімдігінің ұйытқы болуымен қазақ-қырғыз суретшілерінің
«Үшқоңыр» атты көрмесі өтті. Жетекшісі Алпысбай Қазығұлов болды. Жылына екі
мәрте өтетін көрмелерден тыс қалған емеспін. Көрмеге жүйелі түрде қатысып
отырудың нарқы тым жоғары. Кенеп, бояу, багет және т.б. сатып алуың керек. Оған
картиналардың тасымалын қосыңыз. Қысқасы, бір көрмеге қатысу үшін кемінде 2 млн
теңге қаржы қажет. Әрине, кәсіпкерлерге өкпеміз жоқ. Десек те елімізде бейнелеу
өнерінің дамуына ірі іскерлердің қолдауы кемшіндеу екенін айта кетейін. Мен
меценаттық туралы айтып отырмын. Жетіспеушілік суретшілердің қолын байлайды.
Болмаса талантты жігіттер аз емес. Бәрі де көрмелерден тыс қалғысы келмейді.
Бастысы, Сыр бойы суретшілерін өз елімізде де, шет елде де жоғары бағалайды.


Аманкелді Кененбайұлы, сіз мүсінші ре­тінде де танымалсыз. Жанқожа батыр
ескерткіші мен Ә.Тәжібаев бюсттері қала­мыз­да, ал М.Шоқай бюсті Парижде тұр.
Ен­ді алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз…

– 2013
жылы Бегім Ана ескерткішіне конкурс жарияланып, біздің бірлескен эскиздік
жобамыз жеңімпаз деп танылды. Ескерткіш орнатылып жатса, ол жүрегіме жақын
дүние болмақ. Жоспарға келсек, осы 2016
жылдың көктемінде облыс орталығындағы көркемсурет галереясында, ал күзде
Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мұражайда жеке көрме өткізсем деп отырмын.


Жаңа жылды қалай қарсы алдыңыздар? Сөз соңында картиналарыңызды сатып
алушылардың кім екенін білсек…


Картиналарымды отандастарымыз да, шетелдіктер де алады. Кейінгі кезде жазған
еңбектерімді сатуды тоқтаттым, яки, жаныма жақын туындымды сатпауға бекіндім.
Ал күні кешеге дейін сұраныстағыларын қуана жүріп өткіздік. Нарық дүрбелеңі
басталған кезде еңбектерім болмашы тиын-тебенге кетті. Қазір сол кезде
жазғандарымның қайда екендігінен хабарым жоқ. Іздестіріп қоямын, әрине. Мысалы,
1988 жылы салған «Түргендегі эстон қызы» атты картинам Петропавл мұражайында,
тағы бір еңбегім Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің ғимаратында тұр деп
есіттім. 10-15 картинам суретші Алпысбай Қазығұловтың жеке коллекциясында.

Ал
жақсы тілектер ағыны ақтарылатын, адамзатқа ортақ мерекені отбасымызбен күттік.
Немерелерім тақпақ айтып, шыршаны айналып өнер көрсетті. Меніңше, әрбір
халықтың жақсы дәстүріне қуану керек. Мұрат Аджидің «Қыпшақтар» атты кітабынан
жаңа жылда Алтай тауының етегінде тұрған түркілердің шыршаны айналып, ән
салатынын, көк тәңірінен жақсылықтар тілейтінін оқығанмын. Демек, бұл түркі
тектес халықтардың барлығына ортақ ізгі мереке.


Әңгімеңізге рахмет! Жаңа жылда жаңа табыстарға жете беріңіз!

Сұхбаттасқан Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз