«АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ»

150

0

«АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ»Елбасы Н.Назарбаевтың Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру
жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мемлекеттік көрсетілетін
қызметтердің провайдеріне айналатын «Азамат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік
корпорациясын құру көзделген еді. Осыған орай Үкіметтің арнайы қаулысы
қабылданып, жер-жерде осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» құру бойынша жұмыстар
атқарылуда.

Құрамында Жер кадастрының ғылыми өн­дірістік орталығы, жылжымайтын мүлік
орталығы, мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы мен халыққа қызмет көрсету орталықтары республикалық
мемлекеттік кәсіпорындары енді «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес
акционерлік қоғамы болып қайта құрылып, қызметін үстіміздегі жылдың
11-сәуірінен бастады.

Мемлекеттік корпорация бірінші кезеңде – 522, ал екінші кезеңде 700-ден
астам мемлекеттік қызмет көрсетеді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік
корпорациясының басты ерекшелігі – барлық бизнес-үдерістерді автоматтандыру мен
оңтайландыру. Біріктірілген кәсіпорындарға ХҚКО-лардың қолданысындағы қызмет
көрсету мониторингі мен сапасын бағалаудың жаңа құралдарын пайдалану, СМС
хабарлау, кедергісіз қызмет көрсету, кезекті броньдау сервисі тәрізді
мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бірыңғай стандарттары енгізілген.

Мемлекеттік корпорация қызметіндегі жаңа­лықтардың бірі – қызметті көрсетуге
өтінімді қабылдау және дайын құжаттарды беруден басқа, қызметкерлер оларды
өңдеуді жүзеге асырады. Республикамыздың барлық ХҚКО-ларында енгізілген
ақпараттық жүйенің арқасында, қызмет көрсету уақыты мен қажет етілетін құжаттар
едәуір қысқарады.

Бүгінде жұмыстарын
бастап кеткен «Азаматтарға арналған үкімет» МК» АҚ-ның «Халыққа қызмет көрсету
орталығы» департаментінің облыстағы филиал директоры Аида Әбибуллаева жаңа қызметтің жайы туралы әңгімелеп берді.

– Елімізде
төрешілдік пен әкімшілік кедергілерді жою мақсатында қазақстандықтарға «Бір
терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету үшін Елбасы
тапсырмасымен 2007 жылы Халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылған болатын.
Орталық жұмысының тиімділігін арттыру үшін электрондық үкіметтің инфрақұрылымымен
біріктіріліп толық жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгінде «Азаматтарға арналған
үкімет» мемлекеттік корпорациясына» қосылған ХҚКО департамент болып қайта
құрылды. Қазіргі күні орталық 800 мыңға жуық халқы бар облыс тұрғындарына
сапалы қызмет көрсетіп келеді. Және шалғай елді мекен азаматтарына мобильдік
ХҚКО қызмет жасайды. Бұл ретте аудандық әкімдіктермен іссапар кестелері
бекітіліп, соның негізінде мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Былтыр 35394 қызмет,
биыл жыл басынан бері 8535 қызмет түрі жүргізілді, – деді филиал директоры.

Қазіргі уақытта
мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі жеңілдетілді.
Нақтырақ айтсақ, 1414 Бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, өтініш
береді. Соның негізінде ХҚКО қызметкері өтініш иесінің үйіне барып, мемқызмет
көрсетеді. Бұл тек І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ғана
жүргізіледі. Барлық қалалық және аудандық бөлімдерде арнайы дефектолог
қызметкерлер бар.

Былтыр автокөлік
иелеріне мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған бөлім өз
қызметін бастады. Онда 33 798 қызмет көрсетіліп, оның ішінде 77 жоғары
сұранысқа ие нөмірлер сатылып, нәтижесінде ел бюджетіне 24 млн қаржы түсті.
Биылғы жылы 14 403 қызмет көрсетілсе,
оның ішінде жоғары сұранысқа ие 12 нөмір
сатылып, мемлекет бюджетіне 5 млн-нан аса қаражат құйылды.

Қаңтар айынан
бастап қаладағы ХҚКО-ның №1 бөлімшесінде «Бір терезе» қағидаты негізінде
инвесторларға мемлекеттік қызмет көрсету секторы іске қосылды. Енді инвесторлар
қызметті алу үшін әртүрлі ұйымдарға бармайды. Инвестициялық жобаны іске асыру
бойынша барлық қажетті мемлекеттік қызметті «Бір терезе» қағидасы арқылы ала
алады. Былтыр бұл механизм инвестициялық басым жобаларды жүзеге асырушы
инвесторлар үшін ғана мүмкін болған еді. Ал биылдан бастап бизнесін кеңейтуді
шешкен әрбір инвестор түрлі кеңестерді және барлық рұқсатнамалық құжаттарды осы
жерден ала алады. Сонымен бірге, жерді пайдалану, құрылыс жұмыстарына қажетті
құжаттар мен ғимараттарды сәулеттік-жобалау, инвестициялық шартты бекіту және
т.б. құжаттарды алу үшін осында жүгінеді.

– Қазіргі күні
филалдарыңызда қанша қызметкер бар? Олардың біліктілік деңгейін, басты
жетістіктерін айта өтсеңіз…

– Облыс көлемінде
халыққа мемлекеттік қызмет көрсету мақсатында 12 бөлім жұмыс жасайды, оның
ішінде 4 қалалық, 7 аудандық бөлім және автокөлік иелеріне қызмет көрсетуге
арналған мамандандырылған бөлім бар. Орталықта барлығы 500-ге жуық қызметкер
еңбек етеді. Олардың білімі мен біліктілігін арттыру бағытында арнайы
тәлімгерлер жұмыс жасап, қызметкерлердің білімін жетілдіру бағытында шаралар
ұйымдастырады. Мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты туындаған сұрақтар
бойынша уәкілетті органдармен тығыз байланыс орнатылып, жоспарға сәйкес
іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар, қызмет көрсету кезінде туындаған психологиялық
жағдайларды шешу үшін орталық психологы түрлі тақырыпта тренингтер өткізеді.

Орталық
қызметкерлерінің жетістіктері де аз емес. Олар түрлі байқауларда оза шауып жүр.
Мәселен, орталықтың ішінде өтетін «Кәсіпқой», «Тірек және бедел», «ХҚКО
болашағы», «Орта буынның үздік басшысы» байқауларында бақ сынасып жүр.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамыту бағытында өткізілген республикалық байқауда
2014 жылдың қорытындысымен жүлделі І орынды, былтыр ІІ орынды иелендік.

– Халыққа қызмет
көрсету саласында тұрғындар қандай қызмет түрін жиі қолданады?

Орталықта 212
мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 191-ібұған дейін көрсетіліп келсе, былтырдан бері 21 жаңа мемлекеттік қызмет
қосылып, қазіргі уақытта халықтың сұранысын қанағаттандыруда. Филиал өткен жылы
1 млн 272 870, ал жыл басынан бері 362 675 мемлекеттік қызмет көрсетіп отыр.

Тұрғындар арасында
ең көп сұранысқа ие қызметтер «Тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамаларын беру»,
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу», «ҚР Ұлттық куәландыру
орталығының тіркеу куәлігін беру және қайтарып алу», «Бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қоры салымшысы қаражатының түсуі және қозғалысы туралы ақпарат беру»,
«Жылжымайтын мүліктің болуы (болмауы) туралы анықтамалар алу» сынды сұраныстар
болып табылады.

– Электронды үкімет
порталын қолдануда халық белсенділігі қандай дәрежеде?

– Елімізде
азаматтарға мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету мақсатында «Электронды
үкімет» порталы қызмет етеді. Бұл азаматтардың ешқандай мекемеге бармай-ақ,
үйінде отырып немесе ғаламтор бар жерде мемлекеттік қызмет алуына үлкен
мүмкіндік береді.

Тұрғындардың
«Электронды үкімет» порталы арқылы қызмет алуы ХҚКО-ның барлық бөлімдерінің
күту залында өзіне-өзі қызмет көрсету секторы ұйымдастырылған. Қазіргі таңда
осы «Сonection point» қызметі арқылы 223 қызмет түрі көрсетіледі. Былтыр –
346456, ал биыл 107894 электрондық қызмет көрсетілген.

Орталыққа келген
мемлекеттік қызметті алушының «Электронды үкімет» порталы арқылы мекен-жай
анықтамасы, салымшы қаражатының қозғалысының түсуі, соттылығы бар, жоқтығы
туралы, мүлкі туралы анықтаманы, тұрғын үйдің, балабақшаға қою кезегін көру,
неке тіркету, лицензия алу және оны қайта рәсімдеу, салықтық берешек, міндетті
зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ екені
туралы мәліметтерді өзі алуға мүмкіндігі
бар. Мемлекеттік кірістер департаменті арқылы жасалатын төлемдердің барлық
түрін осы қызмет көрсету секторы арқылы қолдануға болады. Электронды үкімет
порталын насихаттау мақсатында тұрақты түрде халыққа түсіндірме жұмыстары,
пиар-акциялар жүргізіледі. Жалпы, халық Электронды үкімет порталын белсенді
қолданады деп айтуға болады.

– Әңгімеңізге
рахмет! Қызметіңізге сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз