Қызылорда делегациясы Иран қазақтарымен кездесті

115

0

Талайлы заманда тарыдай шашылып кеткен қазақтар төрткүлде аз емес. Оның бір шоғыры Иран Ислам Республикасында орныққан. Олар жат жерде жүрсе де, ұрпақтар сабақтастығын үзбей, ұлттық құндылықтарды ұлықтап келеді. Жуырда осы елге сауда-экономикалық байланысты дамыту мақсатымен барған қызылордалық делегация Иран қазақтарымен кездесті. Елбасының арнайы сәлемдемесін жеткізді, – деп хабарлады 24 kz арнасының меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков.
Зиба Адай – Иранда қазақ радиосын ашуға мұрындық болған жандардың бірі. Бүгінде зейнеттік демалыста жүргенмен, тілшілік тіршіктен қол үзбеген. Қазақ тілінің туын тік көтеруді көздеген қандасымызбен Горганда кездесудің сәті түсті. Қазақстандық делегациядан сұхбат алу үшін арнайы келіпті. 
Зиба Адай, 
Ирандағы қазақ радиосының ардагері: 
– Иранда ешқандай қазақ мектебі мен кітабы жоқ. Бірақ біз осы әке-шешеміздің айтқандарымен сақтап қалуымыз үшін осы аз ғана қазақ тілін білгенімізбен ғана қазақ радиосын ашайық деп, Құдай да бізге көмектесіп, Иран үкіметінің арқасында осы қазақ радиосын 3-4 кісі мұғалімдер бастап ашып, кейін Қазақстан азаматтарын жұмысқа алып бастап, қазір біз зейнетке шықтық. Енді сол Қазақстаннан балалар-қыздар келіп, сол радионы қазірге дейін сол Тегеранда жүр. 
Гүлстан провинциясының Горган қаласында 400-дей қазақ отбасы бар екен. Оларға арнап зәулім қазақ мешіті де салынған. Қызылордалық делегация Иран қазақтарымен осы рухани ордада бас қосты. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының сәлемін жеткізді. Және парсы ақыны Фердоусидің «Шахнамасын» қазақ тілінде жырлаған Сыр шайырларының аудиожинағын сыйлады. Иран қазақтары ата дәстүрге өте берік. Көпшілік жиындарда ұлттық нақышта киініп, ұлттық тағамдар дайындайды. Ал жеті атаға толмай қыз алыспау бұлжымас заңдылыққа айналған. Жастарға жол көрсетер аға буын аталар аманатын барынша сақтап отыр. Қонақжайлықтары бір бөлек. 
Әбілсаттар Бәли, 
Горган қаласының тұрғыны: 
– Келін келеді, ол келіннің бетін ашады, ол келін келген құда, жекжат, ата-енеге шай құйып береді. Оған баяғы қазақта айтқан көрімдігі бар, көрімдігін береді. Сол келін алып жатқанның туысы, нағашы ағасы қой сойып, келін шақырады. Біздің Ирандағы дәстүр тойымыз – сол баяғы Қазақстандағы тойымыз. 
Соңғы жылдары Қазақстанда білім алуға ниетті Ирандағы қазақ жастарының қатары көбейген. Атамекенге түбегейлі қоныс аударғандар да аз емес екен. Ең бастысы шеттегі аз ғана қандастарымыздың миллиондардың арасында жұтылып кетпеу үшін ұрпақ тәрбиесімен ұлттық рухты сабақтастыра білгені көңіл қуантты. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз