ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ: болжамдар мен дәйектемелер

97

0

2017 жылы Қазақстан экономикасы неге үміт арта алады? Халықаралық валюта қоры қандай болжамдар айтады? Осы сауалдардың жауабы тұтастай алғанда ел экономикасының таяу болашақтағы даму мүмкіндіктерін айқындайтын негізгі факторлардың бірінен саналады.
Халықаралық валюталық қоры Қазақстан экономикасы 2017 жылы 2,5 пайызға өседі деген болжамды алға тартып отыр. Бұл орайда Қазақстан Үкіметінің болжамы да осыған шамалас. Бірақ, кейбір сарапшылардың пікірінше, сыртқы факторларды да ескермеуге болмайды. Біріншіден, Иранда үлкен мұнай қоры табылды. Екіншіден, АҚШ өте көп дәрежеде мұнай қорын жинаған. Бұл АҚШ-тың кез келген уақытта әлем нарығына өз мұнайын шығару арқылы оның бағасын түсіруі мүмкін екенін ескеру керек. Ал, мұнай бағасы күрт төмен түссе, экономикалық өсім Қазақстанда біршама баяулауы мүмкін. 
Қазір Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің арасында ортақ баға саясаты жүргізіліп жатыр. Ендігі жерде көптеген тауарлар бағасына антимонополиялық комитет араласпайтын болды. Бағаны енді мемлекет емес, нарық реттейді. 
Елбасының атап көрсетіп жүргеніндей, Қазақстан астық тасымалдаушы, ет және ет өнімдерін Қытайға, Араб, Азияның бірқатар елдеріне экспорттаушы елге айналады. Одан бөлек, Қазақстан тауарлары эко-өнімдер болып саналады. Қытай біздің азық-түлік өнімімізге қызығушылық танытып отырғанын атап өту керек. Бұл елімізде миллиардтаған тұтынушысы бар нарық ашылады деген сөз. Ол Қазақстан экономикасының қалыпты дамуына септігін тигізеді. Одан кейін негізгі салалардың бірі ретінде логистикаға көңіл бөлініп отыр. Ол – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі. Осының төңірегінде «Жібек Жолы» идеясын жаңғырту қолға алынуда. Әлемдік нарықтың тасымалдау саласында Қазақстанның теміржол тарифтері жоғары болғандықтан автобан қызметі таяу жылдары тиімді болады деп күтілуде. 
Қазір Қазақстанда шағын және орта бизнесті ынталандырудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылды. Несие алу, оны кепілдендірудің оңтайлы жүйесі қалыптаса бастады. Еліміздің басты кіріс көзі – мұнай рыногында қолайлы ахуал қалыптасады деген болжамдар бар. Ал, ең бастысы, бүгінде Үкімет үшін инфляцияны 2017 жыл көлемінде белгіленген 6-8 пайыз шамасында қалыптастыру маңызды міндет болып табылады.
Ж.ӘЛМАХАН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз