ҚАЗАҚСТАН ЭТНОСАЯСАТЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ

53

0

Облыс әкімі, саяси ғылымдар докторы Қырымбек Көшербаев «Достық үйінде» «Тәуелсіз Қазақстан этносаясатының қалыптасуы» тақырыбында лекция оқыды.
Аймақ басшысы лекциясын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен байланыстырып, мақаланың рухани жаңғыруымыздың негізгі бағыттарын айқындап бергенін атап өтті.  
Жаһандану заманы әрбір ұлтты өзін-өзі тануға, өз келбетін нақтылауға ұмтылдырып отыр. Қ.Көшербаев тәуелсіздік алған тұста қазақтың саны 39 пайыз болса, бүгінгі күні 68 пайыздан асқанын, мемлекет құраушы ұлттың басымдыққа ие болуы ұлттың тарихи санасына деген сұранысын арттыратынын айтты.
– Ұлттық код – бұл әр мемлекеттің, әр ұлттың рухани кілті болып табылады. Ұлттық кодымыз қандай дегенде, алдымен атадан қалған асыл сөздер, абыройлы істер еске түсер. Ол – тамырын тереңге тартқан тарихымыздың әр қатпарынан бүгінге жеткен Мөңке, Әйтеке, Қазыбек, Төле билер,  ұлы Абай мен Мұхтар, Ахмет пен Мағжан, Әбіш пен Қадыр, кешегі өткен Сыр сүлейлері, бүгінгі Әбдіжәміл. Ол – Жалаңтөс пен Жанқожа, Исатай мен Махамбет, – деді ол.  
Елбасы Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Облыста Елбасының бағдарламалық мақаласын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалды, қазақ әліпбиінің жаңа графикасын жасауға ұсыныс беру мақсатында жұмысшы топ құрылды.
Ұлт Көшбасшысының күні кеше өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-сессиясын «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбында шақыруының өзі осының заңды жалғасы. Сессияда Ассамблеяға қоғамдық сананы жаңғыртуға, «Туған жер», «Жаңа 100 есім», «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобаларына  үлес қосады деген сенім артылды.
Аталған мақалада Елбасы білім, мәдениет, ғылым сияқты рухани құндылықтарымызды арттыру  жолдарын ұсынды. Тұтас ұлттың бәсекеге қабілеттілігі әрбір адамның бәсекеге қабілеттілігінен басталады. Ұлттық мәдениетті сақтамай сананы жаңғырту мүмкін емес. Мәдениет пен тілді, музыка мен әдебиетті, ұлттық рухты сақтау арқылы ұлт өз мұратына жетеді.
Латын қарпіне кезең-кезеңмен көшу – уақыт талабы. Қазақ тіліне аударылған әлемнің 100 үздік  оқулығын студенттер 2018-2019 жылдары қолдана бастайды. «Туған жер» жобасына туып-өскен топырағын жақсы көретін, жаны ашитын бизнесмендер, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысады деп күтілуде. Жастардың басты мақсаты білім алумен ұштасуы тиіс. Өйткені Елбасы айтқандай, «құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».
Одан әрі аймақ басшысы еліміздің этносаралық бірлік пен қоғамдық келісім саясатының дүниежүзінің қызығушылығын туғызған бірегей модельге айналғанына тоқталды. Қазақстан барлық этностардың тілдерін, мәдениеті мен әдет-ғұрпын сақтауға, дамытуға жағдай жасап, тіл мәселесін өз ішінде этносаралық қатынастарды шиеленістірмей шешті. Соның арқасында 130-дан астам этнос бір шаңырақ астында берекелі бірлікте, тату тірлікте өмір сүруде.
– Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. 1995 жылғы 1 наурызда оның мәртебесін Қазақстан Республикасы Президенті жа¬нын¬¬дағы консультативті-кеңесші орган деп бекіткен Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы Ассамблея¬сын құру туралы Жарлығы шықты, – деді аймақ басшысы.
Ассамблея тарихына, саяси институттың консультативті-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейінгі аралықтағы жолына шолу жасады.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бас¬тап, мемлекеттік этносаясат халықтың бірлігі мен біртұтастығы идеясымен өмір сүріп келеді. Еліміздегі қоғамдық келісім мен этносаралық толеранттылық уақытпен тексеріліп, тәжірибемен дәлелденді, әлемде мойындалды. Қазақстан қазіргі заманның ең өткір мәселесіне бір елде өмір сүретін этностарды бөліп-жармай, қақтығыстарға жол бермей, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтай отырып  өз жауабын берді.
Қ.Көшербаев мемлекеттік этносаясаттың қалыптасу және даму процесін 6 кезеңге бөліп қарастырды. Бірінші кезең – 1991 –1995 жылдары қоғамдық келісім мен этносаралық интеграцияның негізгі қағидалары жинақталды.  Екінші кезең – 1995 – 2002 жылдары Ассамблеяның маңызды рөлі белгіленді. Үшінші кезең – 2002-2007 жылдары этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі қалыптасып, бірқатар нормативтік және бағдарламалық құжаттар қабылданды. Төртінші кезең – 2007-2010 жылдар қазақстандық қоғамның бір халық болып интеграциялануымен есте қалды. Бұл кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық статус алды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы заң шықты. 2010 жылы басталған бесінші кезеңде қоғамдық келісімді нығайтудың, саяси тұрақтылық пен этносаралық толеранттылықты одан әрі қалыптастырудың жаңа трендтерін айқындаған саяси құжаттар қабыл¬данды.  
 «Қазақстан – 2050», «2025 жылға дейінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасы» стратегиялары қабылданған уақыт алтыншы кезеңді сипаттайды.
Бүгінде Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің тұжырымдамасы әлемнің 50 тіліне аударылған. Бұл – ең алдымен еліміздің Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың этносаралық, конфессияаралық келісім негізінде қоғамдағы тұрақтылыққа бағытталған сындарлы саясатының жемісі.
– «Біздің «осал тұсымыз» деп атал¬ған көпэтностылығымыз бен көпкон¬фес-сиялығымызды өз артықшы¬лығымызға айналдыра алдық», –  деп Елбасы атап көрсеткендей, қазіргі таңда бірлігі берекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болатынын жаһандану дәуірі көрсетіп отыр. Елбасының төл туындысы іспеттес Ассамблеяның тәуелсіздік жылдарында құрылымдары кеңейіп, ауқымы арта түсті,– деді облыс әкімі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз