Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының мәжілісі

99

0

Үстіміздегі жылғы 7-8 шілдеде Мәскеуде  «Байқоңыр” кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының төртінші мәжілісі болып өтті. Мәжіліске Ресей тарапынан Ресей федерациясы Үкімет төрағасының орынбасары Д.О.Рогозин және Қазақстан тарапынан ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев төрағалық жасады. Комиссияның жұмысына сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев та қатысты.

Мәжілісте «Байқоңыр” кешенінің қызметіне және біріккен жобаларды жүзеге асырудың көкейтесті мәселелері, сондай-ақ «Байқоңыр” кешенін бірлесіп пайдалану жөніндегі жол картасының орындалу барысы, Байқоңыр қаласының Төретам мен Ақай ауылдық округінің инфрақұрылымын дамыту, кешеннің нысандар мен мүліктерін сақтау мәселелері қаралды.  

Байқоңыр қаласындағы перзентхана базасында қазақстандық медициналық мекемені іске қосу мәселелері де талқыланды. Сонымен бірге «Байқоңыр” кешенінің туристік әлеуетін дамыту мәселелері сөз болды.

Үкіметаралық комиссия отырысының күн тәртібіне 24 мәселе енгізілді, оның ішінде 8 мәселе Қызылорда облысы әкімдігінің ұсынысымен енгізілді.

Мемлекетаралық келісімдерге сәйкес Байқоңыр қаласында 2007 жылы Қазақстан Республикасының қаржысы есебінен 80 орындық перзентхана (ауысымына 100 адам қабылдайтын әйелдерге кеңес беру үйімен бірге) құрылысы басталған еді. Құрылыс 2010 жылдың соңында аяқталды. Бірақ Ресей тарапы әртүрлі себептермен ғимаратты өз теңгеріміне алуды осы уақытқа дейін шегеріп келеді. Ал 2015 жылдың тамызында Ресей үкіметі ресми түрде оны өз теңгеріміне алып федералдық медициналық биологиялық агенттігінің теңгеріміне беруден бас тартты. Мұндай жағдайда Қазақстан тарапы осы объекті негізінде қазақстандық азаматтарға қызмет көрсететін медициналық мекеме ашуға дайын екендігін білдірген еді. Кеше өткен мәжілісте  екі ел арасындағы келіссөздерден кейін бұл мәселе түпкілікті шешімін тапты. Облыс әкімдігінің бастамасы бойынша үкіметаралық комиссияның мәжілісі шеңберінде келісімді ратификациядан өткізгенге дейін үстіміздегі жылдың 11 шілдесінде Байқоңыр қаласында қазақстандық медициналық ұйымды ашу жөнінде шешім қабылдады.

Аталған емдеу мекемесі облыстық медициналық орталықтың филиалы ретінде қызмет жасап, Байқоңыр қаласы, Арал, Қазалы және Қармақшы ауданы тұрғындарына стационарлық көмек көрсететін болады.

«Байқоңыр” кешенінің 14 нысанын  Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру мәселелері қаралды. Олар Кіші және орта бизнестің дамуына және Байқоңыр қаласы тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында қызмет ететін болады. Тағы бір атап өтетін мәселе, қуаты 72 мВт болатын энергопоезд туралы. Энергопоезды пайдалануға беру облыстың өз электр қуатын өндіріп, қуат жөнінен тәуелсіз болуына мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ облыстың энергия жүйесінің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Мәжіліс барысында аталған мәселе оң шешімін тапты.

Осыған дейін екі жақ «Байқоңыр” кешенінде  біріккен зерттеу тобы құрылуына байланысты одан әрі ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамытудың  мақсатты ұстанымдарын келіскен болатын. Оның құрамына қазақ және Ресей жағының мемлекеттік органдарының  өкілдері енген. «Байқоңыр” кешенінде екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша сарапшылардың кеңесі өткізілді, онда «Байқоңыр” кешенінде одан әрі ынтымақтастықтың Тұжырымдама жобасы мәселелері талқыланды.

Бүгін қаланың инфрақұрылымының жағдайы және оны қаржыландыру мәселесі барынша өткір күйінде қалуда. Тұрғындар саны жылдан жылға өсіп отырғанымен, қала шын мәнінде дамымай отыр. Аталған үкіметаралық комиссия мәжілісінде  Қазақстан жағының Байқоңыр қаласын мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру жөніндегі ниеті қолдау тапты. Екі жақ Қазақстан тарапынан «Байқоңыр”  кешені мен қаласының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын дамытуды қолдау үшін қаржылай қатысуына құқықтық негіз бар екенін мойындады.

Сонымен бірге Қазақстан жағы қаржыландырудың көлемін өзі дербес шешіп, Байқоңыр қаласын дамытуға жұмсалатын қаржыға бақылауды Қызылорда облысының әкімдігі  жүзеге асыратын болады. Үкіметаралық комиссия Байқоңыр қаласының әкімшілігіне қаланы дамытуға байланысты Қазақстан Республикасының бюджетінен бөлінетін қаржыны Қызылорда облысы әкімшілігімен келісуге тапсырма берді. Үкіметаралық комиссия Қызылорда облысы әкімдігінің  үкіметаралық комиссиялардың төрағалары Б.Сағынтаев пен Д.Рогозиннің үстіміздегі жылдың қыркүйек айындағы кездесуін Қызылорда қаласында өткізу жөніндегі ұсынысын  қабылдады.

 

Үкіметаралық комиссия отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев хабарлама жасап,  «Байқоңыр” кешені бойынша дәйекті, өзара іс-қимыл жағдайы қалыптасқанын атап өтті. Қазір Ресейде «Восточный” ғарыш айлағы мен Циолковский қаласын пайдалануға берудің бірінші кезеңі аяқталып қалды. Осыған байланысты Ресей тарапы «Байқоңырдағы”  шығынды барынша азайту қажеттігін көтеріп отырған қазіргі кезеңде кешенге қатысты мәселенің талқыланғаны өте маңызды.    

Былтыр қараша айында өткен мәжілістен кейін екі жақ  бірқатар мәселелер бойынша қолайлы шешімдерге қол жеткізген. Мәжіліс қарсаңында екі жақтың сарапшылары секцияларда жұмыс істеді, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша көзқарастарды келісіп, осы үкіметаралық кеңестің  хаттамалық шешімінің жобаларын дайындады.

Өткен кеңестегі шешімдерді жүзеге асыру үшін бірлескен топтармен   2025 жылға дейін «Байқоңыр” кешені жөнінде одан әрі ынтымақтастықты дамыту тұжырымдамасы жобасы жалғасын табады. Тұжырымдамада таза ғарыштық бағдарламалардан басқа экономикалық жағдайдың өзгеруіне орай Байқоңыр қаласы қызметінің жаңа үлгісін қалыптастыру шаралары ұсынылып отыр. Осыған орай өз пікірін білдірген аймақ басшысы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары туралы айтып өтті.

  – Ресейдің үстіміздегі жылғы наурызда қабылданған 2016-2025 жылдарға арналған федералдық ғарыш бағдарламасына сүйенсек, Ресей федерациясы алдағы онжылдықта «Байқоңыр” ғарыш айлағын пайдалануға  қатысты шығындарды едәуір қысқартпақшы. Оның ішінде, «Байқоңыр” кешенінде қазіргі ғарыштық зымыран кешендерін пайдалануды қысқартуды болжап отыр. Сондай-ақ Қазақ-Ресей жаңа ғарыштық кешендерді бірлесіп  жасау жөніндегі мәселелер шешімін таппай отыр. Тұжырымдама жобасында ресейлік ғарыштық бағдарламаларда және ресейлік ғарыштық өнеркәсіп кәсіпорындарының бюджеттерінде «Бәйтерек” жобасын қаржыландыру көзделмеген. Бізді бірінші кезекте алаңдатып отырғаны, Байқоңыр қаласының инфрақұрылымы мен тұрғындарының бүкіл тыныс-тіршілігі ғарыш айлағына бағдарланған. 2025 жылдан кейін «Байқоңыр” ғарыш айлағының қызмет перспективалары қандай болатыны біз үшін бұлыңғыр күйінде қалуда, – деді аймақ басшысы.

Сондықтан да «Байқоңыр” кешені бойынша бірлескен іс-қимылды қалыптасқан жаңа экономикалық және әлеуметтік саяси жағдайға байланысты үйлестіру қажеттігі туындап отыр. Бұл тұрғыда облыс басшылығының нақты ұсынысы да бар.  

1999 жылы  Байқоңыр қаласында 28776  Қазақстан Республикасының азаматы тұрған еді,  үстіміздегі жылдың қаңтарына олардың саны 46785 адамға жетті.  Демек, Қазақстан азаматтарының саны екі есе өсті. Ал ғарышты қаланың дамуы өз дәрежесінде емес. Мұндай жағдайда Қазақстан жағы Байқоңыр қаласының дамуы үшін оны өз бюджеті есебінен қаржыландыра алады. Қолданыстағы келісім-құқықтық база оған мүмкіндік береді.

Облыс басшысы Үкіметаралық комиссия қала әкімшілігінің жүзеге асырып жатқан қаржыландыру үдерісіне қатысып, оны бақылай алмайтындықтан бүгінгі мәжіліс хаттамасына бірқатар қосымшалар енгізуді ұсынды.

Ол бойынша комиссия қазақстандық тараптың өзінің мемлекеттік бюджеті есебінен Байқоңыр қаласын дамытуды қаржыландыруға қатысу ниетін қаперге ала отырып, қаржыландырудың көлемін өзі дербес белгілейді. Осыған байланысты Байқоңыр қаласының әкімшілігіне қаланы Қазақстан Республикасының бюджеті есебінен қаржыландыру жөніндегі барлық шараларды Қызылорда облысының әкімдігімен келісуді міндеттейді. Сондай-ақ, Үкіметаралық комиссия Қазақстан Республикасы бюджетінің қаржыларын жұмсалуына бақылау  жөніндегі өз өкілеттігін Қызылорда облысының әкімдігіне береді.

 – Менің атап өткенімдей, Қазақстан-Ресей жаңа ғарыштық зымыран кешенді біріккен жобаларының шеңберіндегі бірінші кезектегі «Бәйтерек” мәселесі шешілген жоқ. Мұндай жағдайда  Байқоңыр қаласының  өмірлік қызметін негізінен  туризмді дамыту және қызмет көрсету саласын өркендетумен  қамтамасыз ету жөніндегі тұжырымдама жобасындағы шаралар шаһарды ұстап тұрудың өзіне жеткіліксіз болып шығады. Егер біз қазірден бастап қордаланған проблемаларды шешпесек, Байқоңыр қаласы көптеген кеңестік моноқалалардың бастан өткен тағдырын қайталайды. Себебі қазірдің өзінде Ресей мен Қазақстан олардың проблемаларын шешу үшін көп күш жұмсауда, – деді аймақ басшысы.  

Сонымен бірге «Восточный” ғарыш айлағы толық пайдалануға берілгеннен кейін  екі елдің ғарыштық ведомстволары «Байқоңыр” кешенін бірігіп пайдаланудың перспективаларына қатысты мәселелерді осы бастан айқындап алуы қажет. Оның ішінде Байқоңыр қаласын толығымен Қазақстанның заңдылық құзырына беріп, ал ғарыш айлағын жалға алу мерзімі біткенше қалдыру мүмкіндіктері де бар.

Тұжырымдама жобаларын жасау кезінде «Байқоңыр” кешеніндегі жалға алынған мүліктерді пайдаланудың тиімділігін арттыру  мәселелері көрініс табуы қажет. Мысалы,  «Байқоңыр” кешенінде, сондай-ақ басқа да жабық аймақтарда  медициналық қызметтерді федералдық медициналық-биологиялық агенттік (атқарушы биліктің федералдық органы, Қорғаныс министрлігіне қызмет жасаған КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің 3 бас басқармасының  құқықтық мұрагері) көрсетеді. Осыған сәйкес, қаладағы қазақстандық медицина  азаматтық, ал ресейлік медицина әскери  болып бөлінген. Бұл өз кезегінде  өзара түсініспеушіліктер туғызып отыр. Осындай көзқарас салдарынан Қазақстан салған перзентхананың алты жыл бойы босқа қаңырап тұрғаны белгілі.

Агенттік жыл сайын бір жақты тәртіппен өз қызметінің тарифтерін өсіре алады. Өйткені, олар монополистер. Ал Қазақстан жағы  бұл орайда белгіленген процедуралардан өту қажет болғандықтан қаржыландыру мәселесін оперативті түрде шеше алмай келді. Осындай проблемалар агенттік пен Байқоңыр әкімшілігі және ЦЭНКИ арасындағы қарым-қатынаста да орын алып отыр. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өз хабарламасында осыған байланысты агенттікке медициналық қызмет монополиялық тарифтерін белгілеу кезінде «Байқоңыр” кешені қызметкерлерінің және қала тұрғындарының мүдделерін барынша ескеруге тапсырма беруді ұсынды. Аймақ басшысы айтқан тағы бір ұсыныс –медициналық қызмет көрсету бойынша қызмет функцияларын  Байқоңыр қаласы әкімшілігіне беру мүмкіндігін қарастыру. Негізі, 2008 жылға дейін осылай болып келген. Бұл ең алдымен «Байқоңыр” кешені қызметкерлеріне, сондай-ақ Байқоңыр қаласы тұрғындарына олардың азаматтығына қарамастан, медициналық ведомстволардың қызмет көрсету жағдайына қатысты өзара іс-қимылын жақсартуға мүмкіндік береді.

Өңір басшысы өткен комиссия мәжілісінде шешім қабылданғанымен, Байқоңыр қаласында қазақстандық медицина мекемесін ашу жөніндегі біздің үкіметтеріміз арасындағы келісімдерге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаға әлі қол қойылмай отырғанын да атап өтті.

Қазақстандық тарап барлық ішкі мемлекеттік процедураларды өткізіп, үстіміздегі жылдың сәуірінде хаттама жобасын дипломатиялық арналар бойынша ресейлік әріптестеріне жіберді. Ресей жағынан әзірге бұл мәселе шешімін таба қойған жоқ.

Сондай-ақ, отырыс алдында сарапшылар дайындаған жоба нұсқасында хаттамаға қол қою және  қазақстандық медицина ұйымын ашу мәселелері көрініс таппаған. Енді оның ашылу мерзімі іс жүзінде 2017 жылға қалдырылды.

Үстіміздегі жылдың басынан агенттік жатқызып емдеу тарифін 70 пайыздан астам (84,5-тен 144,3 теңгеге дейін) көтерді. Бұл  ауруханаға жатқызу санын  1000 жағдайға азайтуға әкеліп соғады (2815-тен 1742-ге дейін).

Осыған дейін облыс басшылығы медицина қызметкерлері арасында жұмыс орындарының бірнеше рет қысқарғанын айтқан болатын, бұл білікті кадрлардың кетіп қалуына әкеп соқты. Бұл азаматтығына қарамастан, қаланың барлық халқы тарапынан әлеуметтік теріс қауырттықтың пайда болуын тудыруда.

Қазіргі таңда Қазақстан жағынан медициналық нысан іс жүзінде пайдалануға беруге толық дайын. Республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Бәрі оңынан шешілсе, 350 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жалпы, осындай жағдай салдарынан медициналық қызметтің сапасы, оған қолжетімділік деңгейі төмендеуде. Былтыр, 18 қарашада үкіметаралық комиссия медициналық орталықтың қазақстандық филиалын ашу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Арада 8 ай өтсе де мәселе сол күйінде қалып тұр.

Облыс басшысы келісімнің жоба процедураларын үстіміздегі жылдың соңына дейін дайындауды ұсынуға қатысты да өз ойын бүкпесіз жеткізді. Бұл мерзім құжатқа қол қоюды, ратификациялауды айтарлықтай ұзартады. Ал қарапайым адамдар оны күте алмайды. Мәселені шұғыл шешу қажет.

Осыған орай аймақ басшысы тараптарға 2016 жылдың 1 қыркүйегіне дейін «Байқоңыр” ғарыш айлағы қызметкерлерін,  Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай қоныстары халқын медициналық қызмет көрсету жөніндегі келісімге өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы хаттама жобасын ұсынуға тапсырма беру, Хаттамаға 2016 жылдың 15 қазанында қол қоюды  қамтамасыз ету, қазақстандық медицина ұйымын келісімді ратификациялауды күтпей-ақ үстіміздегі жылы ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.  

Бұл шаралар Ресей мен Қазақстанның «Байқоңыр” кешенін бірлесіп пайдалану жөніндегі перспективалары бойынша  қолайлы қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал жасайтын болады.

Байқоңыр – Ресей мен Қазақстанның мүддесі тоғысқан стратегиялық аймақ. Сондықтан да Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі өте күрделі жылдары да қос мемлекет кешенді сақтап қалды. Кешеннің даму перспективасын бірлесіп қамтамасыз  ету мүмкіндігі алда да кеңейе бермек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз