ҚАЗАҚСТАНҒА ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСПЕН

72

0

ҚАЗАҚСТАНҒА ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСПЕНБұл жоба өткен жылдан бері жүзеге асып
келеді. Жобаның негізгі мақсаты – басқа мемлекеттерде өмір сүріп жатқан
отандастарымызға этносаралық толеранттық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық
моделін таныстыру. Облыстық ішкі саясат басқармасының тапырысы бойынша
Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алған жоба аясында апта басында шет елдегі
бұрынғы отандастарымыз туған жерге табан тіреді. Олардың қатарында Сұлтан
Адаев, Александр Цой, Лидия Пшенникова, Салам Асхапов, Наталья Кан, Райхан
Лаубаева, Виталий Андреев, Владимир Каширин бар. Сырда туып, осында бірнеше жыл
ғұмыр кешіп, еңбек еткен, кейін тарихи Отандарына қоныс аударған жерлестеріміз
саяхатын алдымен қаланың көрікті жерлерін аралаудан бастады. Бірінші бағыт
талай тарихты ішіне бүккен, аймақтың өткені мен бүгінінен сыр шертетін облыстық
тарихи-өлкетану музейі болды. Тарих қойнауындағы тарихи жәдігерлер және
әдебиетіміз бен мәдениетіміздің кәусар туындыларымен, ел қазынасы, өңір
экономикасының дамуынан хабар беретін құндылықтармен танысқан меймандар мұнан
соң Қызылорда су торабы, Тұңғыш ҚР Президенті атындағы саябақ, «Сыр ана»
монументі, «Сыр сүлейлері аллеясы», «Мұз айдыны», «Нұр сәт» теннис орталығы
секілді нысандарға тоқталды. Жыл сайын жаңарып, жаңа ғимаратпен толысып,
көркіне көрік қосып жатқан қаламыздың бүгінімен танысқан олардың қуанышында шек
болмады. Түрлі естеліктерге толы қаланың көшелері мен ғимараттары әрқайсысының
жүрек түкпірінде сайрап тұр. Өйткені, олар да осы жердің топырағына аунап өскен
болатын. Сағынышқа толы қимастық сезім бойларын билегенде еріксіз көздеріне жас
алды.

«Мен бұл жерде 35 жыл тұрдым. Отбасылық
жағдайыма байланыс­ты Украи­наға қоныс аудардым. Мұнда тұрға­ным­­да облыстық
психоневралогиялық аурухананың диспансерінде мейірбике болып қызмет жасадым.
Қаладан кеткеніме бір жарым жылдан астам ғана уақыт болса да, туған жерімді
сағынып қалыппын. Аз уақыт дегенмен, осы кезеңде көп өзгерістер орын алған.
Қарқынды құрылыс жүруде, қала көркеюде. Жырақта жүрсем де, қазақ халқына деген
менің алғысым шексіз, – дейді Лидия Пшенникова.

Осылайша, тілегі де, жүректері де бір
болған түрлі этнос өкілдері туған жерге деген сағыныштарын шынайы көңілмен
жеткізді.

Отандастарымыздың саяхаты мұнан кейін
БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихатына жалғасты. «Сыр медиа» жанындағы
баспасөз орталығында болған олар осында өткен күндерден естеліктер айтты.
Журналистер тарапынан туындаған сұрақтарға да жауап берді.

«Араға біраз жылдар салып, туған жерге
табан тірегенде әуелі дарияны көруге асықтым. Кеу­дем сағынышқа толы. Керемет
заманауи жаңа ғимараттармен толысқан. Мен Қазақстаннан жаман болғанымнан
кеткенім жоқ. Мұнда жұмысым да, үйім де болды. Жұмыс бабымен ауысуға мәжбүр
болдым. Достарымның көбі қазақтар, әлі күнге дейін олармен жақсы қарым-қатынастамын.
Бұл жер менің туған қалам. Қызылордалық болғаныма мақтанамын»,– деген Владимир
Каширин өзінің көңіл-күйін балаша қуанып жеткізсе, Шешенстан Республикасының
халық артисі Сұлтан Адаев Қызылордада өткен әрбір күннің қымбат екенін, мұндай
ыстық ықыласты кездесуді күтпегенін айтып ағынан жарылды.

«Менің осы жерден кеткеніме 36 жыл
болыпты. Өзімнің өскен жерімнен жырақта жүрген мен үшін бұл аз уақыт емес.
Қызылорданың әрбір ғимараты, көшесі әлі көз алдымда. Бүгінде Қызылорда заман
талабына сай, нағыз жастардың қаласы болған. Мұнда келгенімде өзімді еркін
сезіндім. Еуропа мен Американың талай жерін араладым. Бірақ онда дәл осындай
толқыған емеспін. Сондай-ақ, мен мұндай жылы шырайлы кездесу болады деп
ойлағаным жоқ. Қазақ еліне, халқына деген ризашылығым зор. Қиналғанда қол ұшын
берді, қамқорлық танытты»,-деді артист.

Елге келген қадірлі меймандар саяхат
барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязовтың қабылдауында да болды.
Басқосуда еркін әңгіме өрбіп, қонақтар қонақжай қазақ халқының пейіліне алғыстарын
білдірді. Сонымен қатар, өздерімен бірге ала келген сыйлықтарын тарту етті.
Жиын соңында отандастарымызға қобыздың мүсіні естелікке сыйға тартылды.

Қонақтар сапарларының үшінші күнінде
облыстық Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында болды. Онда арнайы
мерекелік концерт өтті. Өңірдің дамуы мен әлеуеті жайында бейнебаян көрсетуден
басталған шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі
Ләйла Төрешова сөз алып, отандастарымызға лебізін білдірді. Ал шара барысында Ресей
елінен келген жерлесіміз Виталий Андреев құрмет көрсеткен барша қазақ жұртына
алғысын жеткізді. Мерекелік шарада түрлі ұлт өкілдерінің мәдениетінен сыр
шертетін ән де, би де болды. Халықтың достығы мен татулығын паш еткен концерт
көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Әсіресе, туған жерін сағынып келген
жерлестерімізді бір серпілтіп тастады.

Мейрамгүл
ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз