“Қазақтың жаны –домбыра”

219

0

 
“Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар”. Расында, кейде даңғаза эстрададан гөрі дәстүрлі ән жанға жақын сезіледі. Алайда, қазір жас әншілердің басым бөлігі эстрадалық әндерді орындауға құмар. Қазақтың қара домбырасын қолға алып, алты қырды асыра ән салатын жастардың шоғыры аз. Сол санаулылардың қатарына ұлттық нақышты, ұлттық бояу¬ды жоғалтпауға тырысатын талғампаз әнші Жарасхан Төлебай кіреді. Себебі, халық әндерін ерекше құрметтейтін өнерлі өреннің “Балқурайды”, Жаяу Мұсаның “Ақ сисасын” тамылжыта орындауы тыңдарманын талай мәрте сүйсіндірген. Мектеп қабырғасынан-ақ, музыкаға жақын болған Жарасхан бүгінде – дәстүрлі әндердің дарабоз орындаушысы. Жуырда республикалық, облыстық байқауларда оза шауып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жас әншімен дәстүрлі өнер төңірегінде әңгіме өрбіткен болатынбыз.
– Қазақта “өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды” деген бар. Сізге кімнен дарыған?
– Өнерлі әулеттің ұрпағы бола тұра, басқа мамандықты армандауым мүмкін емес шығар. Анам да, әкем де өнерге жақын. Нағашыларым да өз заманында жыршы болып, тілінің уыты болған соң, көңілге жақпаған нәрселерді ауыл арасында өлеңге қосқан көрінеді. Мен де кішкентайымнан әнге әуес келдім. Дарыным сол кезде байқалса керек, ұстаздарым үнемі мектепаралық кештерде міндетті түрде ән айтқызатын. Осылайша, дәстүрлі әнші болуға бала кезден қызықтым, алдыма мақсат қойдым. Және сол бағытта шаршамай еңбектенудемін. Қазір Қуандық Рахым, Әбдіжаппар Әлқожа секілді таланттардың әндеріне сөз жазып жүрмін. Алдағы уақытқа деген жоспарым көп.
– Сахнаға бейімделген әншісіз. Дегенмен, сахнаға шығарда бойыңызды әлі де қорқыныш билейтін шығар…
– Біріншіден, киелі сахна төріне шығу үшін дауыс ырғағында сұлу нақыш, келісті көркемдік болу керек. Сондай-ақ, кез келген адам сахнаға шықпайды. Оған тек шынайы талант иесі, дарынды жан ғана көтеріліп, құдіретті өнерімен тыңдарманын баурайды деп есептеймін. Және оған шығарда әрбір әншінің бойын сәл де болсын қорқыныш билеуі керек. Сахна саңлақтарының өзі мұны жоққа шығарған емес. Өйткені, ол қорқыныш – халық алдындағы жауапкершілікті сезіну.
– Сахна саңлағы деп қалдыңыз. Өзіңіз өнер әлемінде кімдерді үлгі тұтасыз?
– Мен үлгі тұтып, өзіме ұстаз санайтын адамдар аз емес. Дегенмен, “Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт” дейді халық даналығы. Оның үстіне өнер ешқашан үзілмеуі тиіс дүние. Ал оны әрі қарай жалғап әкететін – талантты ізбасарлар. Мен сол өнерде өзіндік орнын қалыптастырған Шолпан Бейімбетова, Руслан Ахметов, Айбек Тәңірбергенов секілді ұстаздарымның өнегелі жолын жалғастырушымын. Міне, осы кісілерді ерекше қадір тұтып, өзіме үлгі санаймын.
– Дәстүрлі әндердің болашағы туралы не айтасыз? Батысқа бетбұрушылық заманында эстрада дәстүрлі өнерді ығыстырмады ма? Сондай-ақ, осы киелі өнердің насихатталу деңгейіне тоқталсаңыз.
– Халық жүрегiнiң үнiн, оның ойы мен сезiмiн, бар болмыс-бiтiмiн жеткiзуге кейде эстрадалық әндердiң шамасы жетпейді. Ол тек ұлттың тарихи қалыптасуынан бастау алған, қоңыр дауысты домбырадай ұлттық аспаптармен бiрге жасап, бүгiнгi күнге жеткен дәстүрлi әннiң сан қырлы күш-қуатына тән. Оған қоса қазақтың жаны – домбыра, дәстүрлі әні мен күйі, төл өнері. Ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолындағы бүкіл тыныс-тіршілігі, қайғы-қасіреті, мұң-шері, аңсар-арманы мен қуанышы осы жыр-дастан, терме-толғаулардан көрініс табады. Сондықтан, қаншама ғасыр бойы құндылығын жоғалтпай, қайта дамып келе жатқан дәстүрлі әндеріміз ешқашан сұраныссыз қалмайды деп ойлаймын. Қазір Ерлан Рысқали, Тілеулес Құрманғалиев, Жақсыкелді Маясаров секілді ағаларымыз дәстүр сабақтастығын сәтті жалғап, дәстүрлі әнді дамытуда, оны насихаттап, елге жеткізуде көп еңбектеніп жүр. Ендігі кезек біздің буынның жауапкершілігіне, бабалар мұрасына деген сүйіспеншілігіне байланысты.
– Өнерде шекара жоқ. Десек те, дәстүрлі ән өнері Арқа мектебі, Сыр мектебі, Жетісу мектебі деп бөлінеді…
– Әр өңірдің өзіндік орындаушылық шеберлігі, мақам-сазы жағынан әртүрлілігі бар. Мысалы, Батыс мектебі төкпелі қағыстарымен ерекшеленсе, Алтай-Тарбағатай ән мектебінің өкілдері әнді теріс қағыста айтады. Ал Сырдың жыршылық мектебін кезінде Тұрмағамбет Ізтілеуов, Қарасақал Ерімбет, Омар Шораяқұлы, Даңмұрын Кенжебекұлы сынды Сыр сүлейлері қалыптастырып кеткен. Оны бүгінде кейінгі ұрпақ сабақтастыруда. Өшпейтін рухани мұра қалдырған олардың жыр-толғаулары әлі күнге дейін маңызын жоғалтқан емес. Жалпы, қазақ даласының табиғаты осылай бөлінуге алып келген деп есептеймін.
– Осы өнер түрін жаңаша бағытта өңдеу пайда болғалы қоғам пікірі екіге бөлінді. Бірі мұны құптаса, келесісі мүлде қарсы. Сіздің ойыңызша қалай?
– Негізінде дәстүрлі ән өңдеуге, жетілдіруге зәру емес. Бірақ, бұл нәрсе заман талабына айналды. Талғамға талас жоқ деген де бар. Қазір заманның ағымына, жастардың көңіл-күйіне байланысты, оларға жеңіл-желпі рок, поп стиліндегі әндер ұнауы мүмкін. Дегенмен, уақыт өте келе олар есейіп, ақыл тоқтатады, әннің мәтініне, мән-мағынасына үңіле бастайды. Сөйтіп, ұлттық музыкаға қайтып оралады.
– Бүгінде дәстүрлі әншілік пен эстраданы қатар алып жүрген замандастарыңыз көп. Алдағы уақытта эстрадалық бағытты ұстану ойыңызда жоқ па?
– Дәстүрлі әншілердің жартысынан көбі эстрада саласында өнер көрсетіп жүр. Эстрада мен дәстүрлі әнді қосақтап алып жүргендер де бар. Мен де алдағы уақытта екеуін бірге алып жүрсем бе деймін. Бірақ, «әнді жай ғана айта салмау керек, зерделеп айту керек» деп әншілік өнердің хас шебері Жүсіпбек Елебеков айтпақшы, қандай ән айтсам да әннің бүкіл болмысын түсініп, барынша ашуға тырысамын. Бір ғана ән болса да, сапалы орындағанға не жетсін?!
Сұхбаттасқан
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз